14 наурыз күні Академияда Наурыз мейрамының бастауы «Амал келді – жыл келді» мерекелік іс-шара атап өтті.
Көрісу күні – Амал мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шарада қызметкерлер мен білім алушылар салт-дәстүрлеріміз туралы көрініс тамашалады. Академияның құрметті профессоры Алтай Болтайханұлы Зейнелғабдин жастарға ақ батасын берді. Ұлттық ойындардан түрлі жарыстар өтіп, қатысушылар қазақ халқының тағамдарынан дәм татты.
Мереке барысында Академияның өнерлі білім алушылары ән мен жырдан шашу шашып, халық күйлерін күмбірлете орындады. Сондай-ақ шарада отандық зергерлеріміз күмістен жасалған қазақи бұйымдардан ерекше көрме ұйымдастырды.
Көрісу күні – татулық, мейірімділік пен ізгілік мерекесі. Бұл күні қазақ қыстан аман-есен шыққанына, көктемде туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Айта кетейік, Наурыз мейрамының бастауы болған Көрісу күні – Амал мерекесін Академияда Басқару институтының магистранттары ұйымдастырды.
Береке мен бірліктің бастауы болған «Көрісу күні – Амал мерекесі» құтты болсын!