Жаңалықтар

Мұражайдағы көшпелі дәріс

2024 жылдың 17 мамыр күні Академияның Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі магистранттары көшпелі дәріске қатысты. «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ТАРИХЫ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ» тақырыбындағы дәрісті этнограф-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаев өткізді. Көшпелі дәріс аясында магистранттар Щучинск қаласында орналасқан Қазақстандағы алғашқы жекеменшік мұражаймен, Жамбыл Омарұлының жылдар бойы жинаған еңбегімен танысты.

Этнограф мұражайға қойылған негізгі экспонаттарды екі жыл ішінде жинақтаған. Келушілерге қазақ халқының ұлттық мәдениетін, өзге де ұлттардың салт-дәстүрін көрсететін дүниелерді ұсынады. Ғалым Алтын орда заманының монеталарын, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттарды жинаған. Жамбыл Омарұлы өз сөзінде Ғұн ханшайымы 1929 жылы Шортан өзенінің бойында табылғанын, оның суретін көріп, реставрация жасағанын атап өтті. Мұражайға келушілер өзге ұлт өкілдері қазақтың полихром мәдениетін, қазақ халқының қалалық мәдениетін көрсін деген ниетпен Түркістан отырықшылық мәдениетін қосқанын да айтты. Музейде ел тәуелсіздігіндегі маңызды кезеңдер, ұлттық мәдениетпен қатар Ақмола өлкесіне және Бурабай ауданы тарихына қатысты тың деректер ұсынылған. Мұражайда Көкшетау өңіріне келген туристер үшін, өскелең ұрпақ үшін аймақтың сан ғасырлардан бергі тарихы мен танымы топтастырылады. Музейді этнограф ғалым Жамбыл Артықбаев өз қаражаты есебінен ашты. Бұл – ел тарихындағы алғашқы жеке мұражай. Академия магистранттары жеке мұражайдың алғашқы келушілері болып тарихта қалды.

«Жеке музей ашу туралы ой 2020 жылы келді. Әр жылдары жинаған дүниелерім болды, бірақ негізгі экспонаттарды 2022 жылдан бері жинадым. Министрліктен бұл еліміздегі бірінші жекеменшік музей, ол туралы әлі ереже жоқ дегенде таңғалдым. Мұражайды артымда бір із қалса деген ниетпен ашып отырмын. Мектеп оқушыларына музей жұмысын үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жатырмын», – деді тарихшы.

Қазіргі таңда мұражай жанынан «Арт Бурабай» шығармашылық шеберханасы салынып жатыр. Музей ғимараты Щучинск қаласының орталығында Абылай хан көшесі 10 мекенжайында орналасқан.

Академияның 30 жылдық мерейтойы аясында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры Талғат Жақиянов бастаған бір топ магистрант  Экоакцияға қатысты. Магистранттар 8 мамыр – Халықаралық музей күніне орай тарихшы Жамбыл Артықбаевтың жекеменшік музейінің айналасына абаттандыру, тазалау жұмыстарын жүргізді. Тарихшы магистранттарға ризашылығын білдіріп, қолғабыс көрсеткендеріне алғыс айтты.

Экоакция Бурабайда Абылайхан алаңындағы экскурсиямен жалғасын тапты. Демалыс барысында фотосессия ұйымдастырылып, бітіруші топтардың магистранттары сапар әдемі естелікке толы болғанын айтты.


Your browser does not support SVGs