Академия жергілікті атқарушы органдардың Өңірлік кадрлық резервтеріне үміткерлерін іріктеуге қатысуда. Академия ұжымы үміткерлердің заңнаманы білу деңгейін анықтап, жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу өткізіп, құзыреттерін бағалауда.
13 сәуір мен 5 мамыр аралығында Академияның филиалдарында, Қазақстанның 20 өңірінде үміткерлердің заңнаманы білу деңгейін тексеретін тестілеу және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңдері өтті. Екі кезеңнен өткен үміткерлер Ассессмент-орталықтың әдісімен құзыреттерді бағалауға, яғни үшінші кезеңге жіберілді. Аталған кезең Астанада Академия қабырғасында өтуде. Ассессмент-орталық шеңберінде жетістікке жеткен мемлекеттік қызметшінің моделіне сәйкес бес құзырет бағаланады: талдау және шешім қабылдау, көшбасшылық, белсенділік, қызметті басқару және сенімділік.
Аталған құзыреттерді анықтап, бағалау үшін үміткерлерге жұмысына қатысты арнайы ситуациялық тапсырмалар беріледі. Құзыреттілікті бағалауды осы саладағы әлемдік көшбасшы SHL халықаралық сертификаты бар кәсіби бағалаушылар пулы жүзеге асырады.
Академияның жобаны әзірлеушілер тобы көрсетілген модельге сәйкес кандидаттарды сапалы бағалауға мүмкіндік беретін жаттығулар жинағын дайындады.
Құзыреттілік деңгейі жоғары үміткерлер келесі кезеңге жіберіледі.