2024 жылдың 14 қазанында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында саяси мемлекеттік қызметшілерге арналған «Жаңа формация басшысы» оқу бағдарламасының кезекті курсы басталды.
Бағдарлама Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебімен бірлесе іске асырылуда. Оқытудың мақсаты – саяси мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық құзыреттерін шыңдау және ұйымдастырушылық дағдыларын жетілдіру.
Оқу бағларламасының ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Медеғалиұлы Жазықбай, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Руслан Мұхтарұлы Тұрғаналы, Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл және Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй қатысты.
Дархан Жазықбай жаңа формация басшысы үшін әділдік, ашықтық қағидаттарын ұстанудың, мемлекетшіл болудың және халыққа адал қызмет етудің маңыздылығы туралы айтты.
«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесінің әлі де өзекті екенін, үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескеру қажеттігін айтты. Бұл мемлекеттік қызметшілердің білімін ұштап, құзыреттерін үнемі жетілдірудің және басқарудың жоғары мәдениетін игерудің қашанда маңызды екенін көрсетеді», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.
Бағдарлама аясында коммуникация, экономикалық және стратегиялық жоспарлау, адам ресурстарын басқару, көшбасшылық, инфрақұрылымды басқару сынды бес модуль бойынша оқыту жоспарланған. Оқыту аясында қатысушылар негізгі бағыттар бойынша Өңірлерді дамыту жоспарларын әзірлейді және бағдарламаның соңғы аптасында өз шешімдерін ұсынады.