Жаңалықтар

РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Академияда дәріс оқыды

2024 жылғы 7 қарашада Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Викторович Лавров Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларымен және профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті.

Академия ректоры Әбіл Ерлан Ресейдің Сыртқы істер министріне Академияның мүмкіндіктерімен сондай-ақ біліктілікті арттыру курстары тыңдаушыларының коммуникативтік дағдыларын дамыту үшін пайдаланылатын медиа-студияны таныстырды.

Кездесу барысында министр «Әлемдік және өңірлік процестер контекстіндегі Ресей-Қазақстан өзара іс-қимылы» тақырыбында дәріс оқыды. Сергей Викторович баяндаманы Академияның 30 жылдық мерейтойымен құттықтаудан бастады.

«Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларын жоғарғы оқу орнының 30 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді. Академия түлектері Республиканың мемлекеттік қызметінің негізгі құрамын құрайтынын білемін», – деді С.В. Лавров.

Ол өз баяндамасында Қазандағы БРИКС саммитінің қорытындылары туралы айтты. Бұл бірлестік көптеген өңірлік процестер мен құрылымдардың тиімді орталығы, координаторы бола алатынын атап өтті.

«Өңірлік құрылымдардың күшею процесінің айқын артықшылықтарын ескере отырып, біз БРИКС сияқты жаһандық бірлестіктің үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Бұл жаһандық құрылым өңірлік процестердің «дирижері», координаторы бола алады. Астана қаласында ағымдағы жылдың шілде айында өткен ШЫҰ саммиті мен жуырда Қазанда өткен БРИКС саммитінің нәтижелері бұл бағалауларды растайды. Соңғы саммитке 35 мемлекет пен алты көпжақты ұйымның делегациялары қатысты. ШЫҰ мен БРИКС серіктестеріне олардың жұмысы үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталмағандығы және құрылымдардың жасампаздық өзара іс-қимыл мәселелеріне бағытталғандығы ұнайды.           Мұны Ресей Президенті В.В. Путин бірнеше рет атап өтті», – деді Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі.

Ресей Қазақстанның БРИКС ұйымына серіктес мемлекет ретінде қосылатынына сенім білдіреді.

«Қазақстан Президенті Касым-Жомарт Тоқаевтың Қазанда өткен БРИКС саммитіне қатысуын жоғары бағаладық. Бірлестікке серіктес мемлекет ретінде қосылатын елдер арасында міндетті түрде Қазақстан Республикасы да болады деп үміттенеміз», – деп мәлімдеді Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

С.В. Лавров ШЫҰ мен БРИКС-ті көпполярлықты қалыптастыруға ықпал ететін дамыған екі құрылым деп атады.

Сыртқы істер министрі кездесу соңында тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, оларға табыс тіледі.

«Көптеген еуропалық елдер және жалпы батыс әлемі Орталық Азияның, әсіресе Қазақстан Республикасының дамып келе жатқан рөлін мойындап отыр. Біз Ресей Федерациясының стратегиялық серіктесіміз. Менің ойымша, болашақта әлемдік саясатта маңыздырақ рөл атқарамыз», – деді Академияның Дипломатия институтының магистранты Елшібек Бақыттыұлы.

Өз кезегінде Академия ректоры министрге қызықты кездесу үшін алғыс айтып, ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екендігін білдірді.


Your browser does not support SVGs