Бүгін Академияда саяси мемлекеттік қызметшілерге арналған «Жаңа формация басшысы» оқу бағдарламасы аяқталды. Бағдарламаның жабылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.
Аудандар, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарының басшыларына арналған оқу офлайн және онлайн форматтарда 14 қазан мен 6 желтоқсан аралығында өтті. Оқу бағдарламасы Назарбаев Университетімен бірлесіп әзірлеген.
Оқыту байланыс, экономикалық және стратегиялық жоспарлау, адами ресурстарды басқару, көшбасшылық, инфрақұрылымды басқару сынды модульдерден тұрды. Тыңдаушылардың құзыреттерін қалыптастыру және жетілдіру мақсатында оқыту бағдарламасы кейстерді талдауға негізделді, сондай-ақ көшпелі және қонақтық сессиялар ұйымдастырылды.
«Президенттің тапсырмаларына сәйкес бүгінгі таңда азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, мемлекеттік аппараттың жұмысы белсенді жетілдірілуде. Сондықтан ашықтық пен әділдік сынды іргелі қағидаттарға негізделген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының жаңа моделін құру маңызды. Сіздер алған білімдеріңізді тәжірибеде қолданып, мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыра отырып, өз аймақтарыңызда жаңа өзгерістерге бастамашы бола аласыздар деп ойлаймын», – деді Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай.
Қатысушыларға «Жаңа формация басшысы» оқу бағдарламасын сәтті аяқтағаны туралы сертификат табысталды.