Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың бұйрығымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректор лауазымына Оразалиева Эльмира Нұрланқызы тағайындалды.
Эльмира Нұрланқызы Академияда 2007-2014 жылдар аралығында әртүрлі қызметте еңбек еткен. 2014 жылдан бастап осы уақытқа дейін Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметін атқарған.
2012-2013 жылдары LSE – Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, «Тіл саясатының қоғамдағы тиімділігі» тақырыбында жоба қорғаған.
Зерттеу салалары – когнитивтік лингвистика, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, паралингвистика, сөйлеу мәдениеті, мемлекеттік басқару саласындағы қазақ тілі, этнолингвистика, тіл және антропология.