Жаңалықтар

«А» корпусының 50 мемлекеттік қызметшісі Мемлекеттік басқару академиясында және Назарбаев университетінде оқудан өтті

2020 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (бұдан әрі – НУ ЖMCM) Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебімен әріптестікте жүзеге асырған «А» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге арналған қайта даярлау бойынша арнайы курстар» бағдарламасының ресми онлайн жабылуы өтті.  

Оқу курсының негізгі мақсаты – жаңа сын-тегеуріндер мен қазіргі уақыт жағдайында жоғары буын басшыларының стратегиялық көзқарас, жүйелік басқару және бейімді көшбасшылық сынды дағдылары мен құзіреттіліктерін дамыту.

Қайта даярлау бойынша арнайы курстар бағдарламасына «А» корпусының 50 мемлекеттік қызметшісі, соның ішінде комитеттердің жауапты хатшылары, төрағалары, орталық және мемлекеттік органдар аппаратының басшылары, облыс әкімдері, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің резервистері қатысты.

Жабылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй, Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырова, сондай-ақ Академияның және НУ ЖMCM-нің  профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

«Барлығы келесідей бағыттарды қамтыған 9 модуль және 120 оқу сағаты болды: креативтілік және  инновациялар, жобалық менеджмент, қаржылық және фискалды басқару, бизнес-үрдістер реинжинирингісі, өзгерістерді басқару, стратегиялық менеджмент және көшбасшылық, стратегиялық HR менеджмент, мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі тәсілдемелер трансформациясы, тиімді коммуникациялар және шиеленістерді басқару. Курс жаттықтырушылары білім траекториясын, оқу бағытын, курс әдістемесін әзірлеу үшін бірқатар сессиялар өткізді. Стратегиялық көзқарас және жүйелік басқару сынды құзіреттіліктерді дамыту саясатты тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін қажет болды, сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру қажеттілігімен және, жалпы алғанда, мемлекеттік органның тиімді жұмыс істеуімен байланысты болды» –  деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Сабақтарды жетекші отандық бизнес-жаттықтырушылар және Мемлекеттік басқару академиясының коучтары жүргізді, олардың ішінде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, бизнес-жаттықтырушылар Давид Машури және Нурлан Ибраимов, «Харизма» оқыту және дамыту орталығының басшысы Людмила Серекбаева, сондай-ақ CREATA консалтингтік компаниясының директоры Давид Туганов бар. Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінен жаттықтырушы ретінде профессор, НУ ЖMCM вице-деканы Колин Нокс, Сингапурдан және Гонконг ғылым және технологиялар университетінен шақырылған профессорлар Басскаран Наир мен Дональд Лоу қатысты.

«Мен мықты жаттықтырушылар құрамында жұмыс істегенімді мақтан етемін, өзіңнің барлық әріптестеріңнің бағдарламаларын кіріп көруге болатындай, топта бірлесе жұмыс істегеніміз үшін ризашылығымды білдіремін. Бұл тамаша болды, керемет  тәжірибе алдым» – дейді курс жаттықтырушыларының бірі, «Харизма» оқыту және дамыту орталығының басшысы Людмила Серекбаева. Ол курстың барлық қатысушыларына алынған білім мен дағдыларды мемлекеттік қызметте жұмыс істеу кезінде бекітуге тілек білдірді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет: «Бір ай бойы карантин және қашықтан жұмыс істеу жағдайында бізге персоналмен жұмыс істеуді ұйымдастыру, жаңа тәсілдемелерді қалыптастыру, дизайн-ойлау, жобалық менеджментте жұмысты жоспарлау бойынша мемлекеттік басқарудың заманауи негіздерін жеткізуге тырысқан курстың барлық оқытушылары мен дәріскерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Мемлекеттік қызметте белгілі бір тәжірибеге ие болғандықтан, өзіңнің күнделікті өмірде істейтініңді қолдануға тырысасың. Осы тәсілдемелерді жетілдіру өз нәтижесін береді деп ойлаймын» – деп оқудан алған әсерімен бөлісті.

«А» корпусындағы мемлекеттік қызметшілерге арналған оқу бағдарламасының онлайн жабылуында Академия ректоры Ерлан Әбіл тыңдаушылардың кейінгі еңбек қызметіне толағай табыстар тілеп, олардың қайта даярлау курстарынан өткендігін растайтын электрондық сертификаттарды табыстады.

Ағымдағы жылдың 14 қарашасында жоғары буынның 50 басшысына арналған «Жаңа формациядағы басшы» бағдарламасы бойынша 10 апталық курстың ресми онлайн жабылуы өткендігін атап кеткен жөн. Курс тыңдаушыларының арасында вице-министрлер, облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ҚР Президенті Әкімшілігінің бөлім басшылары, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің резервистері болды. Саяси мемлекеттік қызметшілерге арналған аталмыш бағдарламаны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы,  Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі және Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі бірлесе жүзеге асырды.

 


Your browser does not support SVGs