Жаңалықтар

Адам ресурстары жөніндегі I кездесу

2022 жылдың 28-29 шілдесі аралығында Ыстанбұл қаласында Түркия Президенті жанындағы Адам ресурстары офисі және Түркі мемлекетттері ұйымы Бірінші Адам ресурстары кездесуін (First Human Resources Meeting) ұйымдастырды. Кездесуге Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Мажарстаннан мемлекеттік қызмет жөніндегі тиісті органдар мен басқару академияларынан өкілдер қатысты.

Бағдарлама аясында Түркі тілдес мемлекеттер ұйымының Ыстанбұл қаласындағы штаб-пәтерінде алғашқы кездесу ұйымдастырылып, ұйымның тарихы және негізгі қызметі таныстырылды. Ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттер өз елдеріндегі адам ресурстары саласындағы негізгі мәселелерді талқылап, атқарылып жатырған істерді баяндады.

Кездесудің бірінші күні қатысушы мемлекеттерге арналды. Сөз алған әр елдің мемлекеттік қызмет саласындағы тиісті орган басшылары ынтымақтастықтың, тарихы ортақ түркі халықтарының арасындағы бауырластықтың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерден хабар берді. Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың жетілдірілуінде, басқару аппараттарының тиімділігін арттыруда адам капиталының алатын орнының зор екені айтылды. Мемлекеттердің презентациясына берілген екінші бөлімде әр елдің академия ректорлары өз оқу орнын таныстырып, қызметінің негізгі бағыттары, оқыту бағдарламалары, құзыретті бағалау сынды негізгі түйінді тұстарға тоқталып өтті.

Түркия Республикасы Президентінің Адам ресурстары офисінің президенті, профессор Салим Атай елдегі адам ресурстарын басқару эволюциясына және адам ресурстарын басқару саясатын жүзеге асыруда офистің атқаратын міндеттерімен, цифрлық шешімдер және бағдарламалармен таныстырды. Сонымен қатар, Түркі тілдес мемлекеттер ұйымының бас хатшысы Бағдат Амреев аталған ұйымның аясында адам ресурстары саласында ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аудартып, оның мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дағдысын дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.

Кездесудің екінші күні Түркия Республикасы Туризм және мәдениет министрінің орынбасары, TIKA агенттігі, Юнус Эмре инстиуты, сонымен қатар Түркия Республикасы Президентінің Адам ресурстары офисі өкілдерінің презентациясына арналды.

Адам ресурстары офисі білім беру саласындағы жобалар, мансапты жоспарлау, студенттерге арналған тағылымдама, қашықтықтан білім беру платформасымен, инфақұрылыммен таныстырып, тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар, аталған ұйымның маңызды істерінің бірі, Түркияның университеттеріндегі бакалавр бағдарламасына мансапты жоспарлау пәнінің енгізілгенін атап өтті. Бұл мансапты ерте жоспарлаудың қаншалықты тиімді әрі пайдалы екенін көрсетеді.

Кездесу соңында әрбір қатысушы тарап ғылыми-зерттеу бағдарламаларын жүзге асыру, HR саласы бойынша аналитикалық зерттеулер жүргізу, ортақ платформа құру, тренингтер өткізу, академиялық салада ынтымақтастық орнату сынды өзекті ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттер ұйымымен бірлесе отырып, арнайы жұмыс топтарының құрылуы, өзара тәжірибе алмасу, оқыту бағдарламалары, вебинар  ұйымдастыру секілді болашақта ынтымақтастық орнатудың жолдарын талқылады.


Your browser does not support SVGs