Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаев ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессорлық-оқытушылық құрамымен және магистрант, докторанттарымен кездесті. Агенттік басшысы өзінің алғы сөзінде Академияның оқытушыларын Ұстаздар күнімен құттықтап, ел болашағын қалыптастырудағы олардың рөлін атап өтті.
Кездесу барысында Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту бойынша Агенттік тарапынан атқарылып жатқан шаралар туралы айтты. «Агенттіктің басты міндеті – сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Бұл міндетке қол жеткізу үшін меритократия қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметте кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің ашық және әділ жүйесін қамтамасыз ету маңызды», – деді Агенттік Төрағасы.
Мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту жоспары мемлекеттік аппараттың жұмысында бюрократияға жол бермеу, мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тарту, конкурстық рәсімдерді цифрландыру, стратегиялық HR-ды дамыту және персоналды басқару қызметтерін мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін күшейту шараларын қамтиды. Дархан Жазықбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің саналы түрде өзгеруінің маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекеттік қызмет – парыз, адамшылық борыш, халықтың сенімі. Санада осындай түсініктерді орнықтырған кезде ғана әділ, адал ниетті, халыққа қызмет етуді парыз деп санайтын қызметшілердің толқыны қалыптасады. Сондықтан басты ұстаным – адал ниетпен елге қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде өзгеріс қажет». Кездесуде Академия магистрант, докторанттары мемлекеттік қызметшілерді оқытуға, мемлекеттік қызметті өткеруге қатысты ұсыныстарын айтып, өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауаптар алды.
Шара соңында Агенттік Төрағасы магистранттар мен докторанттарын мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша Агенттік жанындағы жұмыс топтарына ат салысуға шақырып, қандай да бір тың идеялар мен ұсыныстар үшін әрқашан да ашық екендігін жеткізді.