3-5 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия өңірлік орталығының (БҰҰОАӨО) қолдауымен Орталық Азия елдері және Ауғанстанның мемлекеттік қызметшілері үшін медиация және қақтығыстардың алдын алу саласында әлеуетті арттыру тренингін ұйымдастырды.
Аталған тренингтің мақсаты қатысушылардың қақтығысты сараптау және реттеу, эффективті коммуникация дағдыларын дамыту болды.
Тренингтің қонақ-спикерлері ретінде жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалар және кәсіби дипломаттар шақырылды, атап өткенде БҰҰ Бас Хатшысының арнайы өкілі және БҰҰОАӨО басшысы Петко Драганов мырза, БҰҰОАӨО саяси кеңесшісі Армандс Пуполс, ҚР Сыртқы істер вице-министрлері Ержан Ашықбаев және Ақылбек Камалдинов, Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі және Академияның профессоры Төлеутай Сүлейменов.
Тренинг барысында превентивтік дипломатия саласындағы түрлі тақырыптар талқылауға салынды. Оған қоса, 1991-1992 жылдары Таулы-Қарабах аймағында Қазақстанның шиеленістің алдын алу миссиясы, 2014-2016 жылдары Украинадағы Қазақстанның бітімгершілік жұмысы, 2017 жылы Астанада өткен Сирия жөнінде келессөздерді дайындау және жүргізу сияқты шынайы кейстер қарастырылды.
Теориядан бөлек қатысушылар алған білімдері мен дағдыларын шынайы өмірде орын алатын шиеленістерде қолдануға мүмкіншілік беретін симуляциялық жаттығуларға қатысты.