2019 жылғы 21-22 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында республикалық білім беру екі күнді семинар-тренингі өтті.
Астанаға біліктілікті арттырудан өтуге Қазақстанның түкпір-түкпірінен этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесімен айналысатын 50-ден астам мемлекеттік қызметші, қалалар мен облыстардағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушілері және қызметкерлері, орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, облыс орталықтарының ішкі саясат басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері келді.
«Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың заңнамалық негіздері және практикасы» тақырыбындағы ауқымды семинар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудың түрлі технологияларын талқылауға арналды.
ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР ПӘ ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко мен Академияның стратегиялық даму, зерттеу жұмысы және халықаралық әріптестік жөніндегі вице-ректоры Айгүл Көшербаева мен алғы сөз сөйлеп, семинарды ашты.
Вице-ректор өз сөзінде мұндай іс-шаралардың маңызы мен қажеттілігін атап өтті:
«Жаһандану дәуірінде мемлекет, білім беру, отбасы және діннің қуатты институттары мінез-құлық, өмір сүру нормасы мен қарым-қатынастардың жаңа үлгілерін жасауда, құндылықтар жүйесін құруда. Бұл жаңа өлшемде билік органдары мен азаматтық қоғамның өзара байланысының, сондай-ақ қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру бойынша міндеттерді іске асырудың тың тетіктерін жасауға көмектесетін жаңа білім қажет. Мемлекеттік басқару академиясының негізгі міндеті Академияның профессор-оқытушылар құрамының, біздің дәріскерлер мен сарапшылардың арқасында аталған білімді ұсыну болып табылады».
Ұйымдастырушылар, семинар-тренинг жұмысының негізгі бағыттары қазіргі заманғы сын-тегеуріндер, жаңа реалийлер мен ғылыми ізденістерге жауап береді деп атады.
Семинар-тренингте Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, отандық сарапшылар және Академияның оқытушылары дәріс оқыды. ҚР Президентінің Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нәзипа Шанаи цифрландыру және қазақстандық бірегейлікті нығайту мәселелеріне тоқталды.
Медиа-тренер, Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы Ақерке Берлібай қоғамдық сананы нығайту құралы ретінде әлеуметтік желілердің рөлі туралы айтты. Интернеттегі құқықтық қауіпсіздік мәселелері, атап айтқанда өшпенділік тілін қолданғаны, әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін ұлттық заңнаманың заңдық аспектілері туралы «Құқықтық медиа орталық» ҚҚ медиа-заңгері Гүлмира Біржанова баяндады.
Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы басшысының орынбасары Дастан Көшербаев Орталық Азиядағы этноәлеуметтік үдерістер және олардың Қазақстанға ықпал ету мәселелерін қозғады.
Сонымен қатар, ҚХА туралы жаңа заңнама шеңберінде билік органдары мен азаматтық қоғамның өзара байланысының тиімді тетіктері, өңірлік тәуекелдер классификаторы мен этнодемографиялық паспорттардың іс жүзінде қолданылуы және басқа да мәселелер талқыланды.
Мұндай біліктілікті арттыру семинар-тренингтерін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы жарты жылда бір неше рет өткізеді.