ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 18-22 наурыз аралығында Джексонвилл қаласында (АҚШ) өткен American Society for Public Administration (ASPA) халықаралық конференциясына қатысты. Аталған конференция жыл сайын мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелер мен сын-тегеуріндерді талқылау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен танымал ғалымдар мен сарапшыларды жинайды. Осы жылғы конференция «Democracy under Threat: the Future of Equality in a Post-COVID world» тақырыбына арналды.
Конференция аясында Академия ректоры Ерлан Әбіл посткеңестік елдердегі мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялау мәселелеріне арналған панельдік сессияда сөз сөйлеп, соңғы 30 жылда еліміз қол жеткізген негізгі нәтижелермен бөлісті, сондай-ақ қазіргі таңда Қазақстанның мемлекеттік қызметі кезігіп жатқан сын-қатерлерді атап өтті. Өз кезегінде Әзірбайжан, Грузия, Латвия және Қырғызстаннан келген әріптестер де мемлекеттік басқару жүйесін дамыту бойынша өз тәжірибелерімен және мемлекеттік қызметтің әлеуеті мен тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Сессияда Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов пен ASPA (АҚШ) атқарушы директоры Уильям Шилдс (William Shields) алғы сөз сөйледі.
Сондай-ақ, талқылауға профессор, Ұлттық мемлекеттік басқару академиясының (АҚШ) мүшесі Честер Ньюленд (Chester A.Newland), құрметті профессор, О’Нилдің қоғамдық және экологиялық мәселелер мектебінің құрметті мүшесі, Индиана университеті, Блумингтон (АҚШ) Джеймс Перри (James Perry), Экономика және мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі орталықтың бас кеңесшісі және тең негізін қалаушы (Ұлыбритания/Австрия) д-р Кристен Лейтнер (Christine Leitner), «HR-менеджерлер қауымдастығы» ҚБ Үйлестіру кеңесінің президенті (Қазақстан) Гүлмира Раисова сияқты танымал сарапшылар мен профессорлар қатысты. ASPA конференциясы алаңында көптеген сарапшылармен, соның ішінде Димитриос Аргериадис пен Честер Ньюландпен әңгімелесуге мүмкіндік туды, олар жастары үлкендігіне қарамастан, мемлекеттік басқаруды дамытуға айтарлықтай үлес қосып, өзгелерге үлгі боп келеді.
Конференцияда Алихан Байменовке және Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабқа ASPA мемлекеттік басқару саласындағы кәсіби қоғамдастықтың марапаты табыс етілді.
Ағымдағы жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінде Академия ректоры Ерлан Әбіл «Public Service Evolution in the 15 Post-Soviet countries. Diversity in Transformation» («15 посткеңестік елдегі мемлекеттік басқару эволюциясы. Трансформацияның әртүрлілігі») кітабының тұсаукесеріне қатысты. Кітап Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменовтің және білімді басқару саласындағы халықаралық сарапшы Панос Ливеракостың редакциясымен жарық көрді.