Жаңалықтар

АХҚО-да мемлекеттік қызметшілер қаржылық реттеу мәселелері бойынша білім алды

2019 жылы 3 маусымда Халықаралық қаржы орталығында «Қаржылық реттеу мәселелері» (The Issues of Financial Regulation) бірегей курсының бітірушілеріне сертификаттар тапсырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасының магистранттары мен «Мемлекеттік менеджмент» білім беру бағдарламасының докторанттарына арналған арнайы курс «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп әзірленді.

Білім беру курсы бірнеше модульдерден тұрды: «АХҚО экожүйесі», «Стратегиялық көшбасшылық», «Қаржылық технологиялар», «Исламдық қаржыландыру», «АХҚО соты және халықаралық төрелік орталығы», «АХҚО қор биржасы», «Тәуекелдерді басқару», «Жасыл қаржы», «Капитал нарығы», «Корпоративтік басқару», «Қаржылық қызметтерді басқару».

Курсты аяқтағаны туралы сертификатты еліміздің әр түрлі мемлекеттік органдарының өкілдері – Нұр-Сұлтан қ., Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Түркістан облыстарының әкімдіктері, ҚР Парламент Мәжілісі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Бас прокуратурасының басшы лауазымындағы 15 мемлекеттік қызметшісі алды.

Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры Бауыржан Боқаевтың айтуынша, оқу кезеңінде тыңдаушылар АХҚО-ның негізгі бағыттарымен, мақсаттары және миссияларымен, қаржы құралдарымен танысып, өз ұйымдарында қолдана алатын қосымша білім алды:

«Мұндай ынтымақтастықтың негізгі міндеті қаржы менеджменті мен қаржы институттарын басқару саласында тыңдаушыларға өзекті және мамандандырылған білім беру болып табылады. АХҚО осы міндетті сапалы деңгейде іске асыра алды. Мақсат орындалды, енді біздің тыңдаушыларымыз қаржы, исламдық қаржыландыру, қор нарығы, АХҚО заңнамасы және қаржылық реттеудің басқа да аспектілері мәселелеріне оңай бағдарлана алады. Аталған кәсіби құзыреттілікті дамыту басқарушы құрамның мемлекеттік қызметшілеріне тиімді шешімдер қабылдауға, дұрыс стратегияларды әзірлеуге және инвестиция тартуға мүмкіндік береді» – деп атап өтті Б. Боқаев.


Your browser does not support SVGs