Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысындағы іссапар

2020 жылдың 10 наурызында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл арнайы іссапармен Академияның Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалына барып қайтты.

Іссапар мақсаты – филиал қызметінің жай-күйімен танысып, жергілікті органдар мен Филиал арасындағы байланысты нығайту және академия түлектерімен кездесу.

Батыс Қазақстан облысындағы филиалда штаттық кесте бойынша 16 қызметкер жұмыс істейді. Ректор Филиалдардың Академияның құрылымдық бөлімшесі ретінде толыққанды жұмыс істеуіне барынша күш салынып жатқанын айтып, келесі бағыттарда жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті:

– профессор-оқытушы құрамның зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жобалар әзірлеуі;

– мемлекеттік қызметшінің құзыретін көтеру, оқу тиімділігін арттыру мақсатында басқа филиалдармен тәжірибе алмасу;

– мемлекеттік органдардағы білікті мамандардың қатысуымен жобаларды жүзеге асыру бойынша орталық құру;

– цифрлық академия бағдарламасының негізінде мемлекеттік қызметшілерді қашықтан оқыту, яғни, ақпарат алу, іздену, сол ақпаратпен жұмыс істей білу мәдениетін қалыптастыру;

Сапар барысында Ерлан Қуанышұлы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеевпен кездесіп, мемлекеттік көрсетілген қызметтер және архивтер басқармасында болып, өңірдегі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Ректордың Орал өңіріне алғашқы сапары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы түлектерінің кездесуімен жалғасты. Кездесуге Батыс Қазақстан облысындағы Академия түлектері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы – Ғалым Тұрсынбаев қатысты. Кездесуде ректор халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалар күтетінін айтып, облыс бойынша академия түлектері ассоциациясының жұмысын жандандыру жөнінде сөз қозғады.

Кездесу соңында Ерлан Қуанышұлы Филиал ғимаратының алдында Академия түлектерінің аллеясын ашып, ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Наурыз мерекесінің қарсаңында жаңару, жасару идеясымен ұштасып жатқан бұл рәсім әрі қарай жалғасын табады деген үміттеміз.


Your browser does not support SVGs