Жаңалықтар

Билік – бұл, ең алдымен, жауапкершілік

«Басшы дегеніміз кім? Бұл қажетті қадамдарды жүйелі түрде анықтай білетін және оларды іс жүзінде уақыт пен ел басшылығы белгілеген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып, іске асыра алатын адам. Президент белгілеген, біздің алдағы басты міндетіміз: қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Біз осы мақсатқа қол жеткізу үшін қадам қадаммен әрекеттер жасауымыз қажет. Мақсат айқын, ол: адамдардың өмірін жақсырақ, бай, әдемі ету». Басшыға мұндай сипаттаманы Қазақстанның танымал мемлекеттік қайраткері Кәрібжанов Жәнібек Сәлімұлы берді.

Бүгін, өзінің 70 жылдығында Кәрібжанов Жәнібек Сәлімұлы Академияның ұжымы мен тыңдаушыларына өзінің «Жадымда жақсы жылдарым» атты кітабын таныстырды. Кітап пен автордың еңбек биографиясы қызықты, бүгінде мұндай адамдарды «self-made» дейді.  

1988 жылы Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі болмас бұрын, Жәнібек Сәлімұлы экономисттен совхоз директорына дейінгі жолдан өткен. Торғай облыстық агроөндірісінде, одан кейін – Қазақ КСР Мемлекеттік агроөндірісінде жұмыс жасаған.

Тәуелсіз Қазақстанның жылнамасында Ж.С. Кәрібжанов Президент аппаратында және ҚР Министрлер кабинетінде қызмет етіп, Премьер-Министр орынбасары және Ауыл шаруашылығы министрі, Президент кеңесшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері болып қызмет атқарды.

Оның дипломатиялық мансабы 2001 жылдан бастап 2007 жыл аралығында ҚР-ның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ал
2003 жылдан бастап қоса атқарушылық бойынша ҚР-ның Вьетнамдағы, Монғолия мен КХДР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерінен тұрады. 2010 жылдан бастап Қырғызстан бойынша ЕҚЫҰ-ның қазіргі Төрағасының арнайы өкілі болып табылады. 

Осы жылы 20 ақпанда Президент кездесу барысында оның Қазақстан тәуелсіздігінің дамуы мен нығаюына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Нұрсұлтан Әбішұлы, өз уақытында Ж.С. Кәрібжанов мемлекеттік қызметте маңызды лауазымдарды атқарып, барлық өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындағанын баса айтты. 

Академияның атынан мерейтой иесін әкімшілік мәселелер және әлеуметтік жұмыс жөніндегі вице-ректор Еркін Шажаұлы Дүсіпов құттықтады. Іс-шараның қонақтары Ж.С. Кәрібжановтың қызметтестері мен жерлестері болды. Автор «Жадымда жақсы жылдарым» кітабын Академияның кітапханасына сыйға тартты, сондай-ақ барлық ниет білдірушілер кітаптың қолтаңба қойылған данасын ала алды.


Your browser does not support SVGs