Құрметті әріптестер!
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕБІ 2018 жылдың 28 қарашасында Астана қаласында өтетін «Болашақтың мемлекеті: жаңа технологиялар мен мемлекеттік басқару» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясына (бұдан әрі – конференция) қатысуға шақырады.
Конференция Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы
28 қарашадағы Жарлығына сәйкес құрылған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің 10 жылдығын мерекелеуге арналған.
Конференцияның мақсаты – мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін талқылау, қазіргі заманғы мемлекеттік менеджменттің оң тәжірибесін жинақтау, цифрландыру және жаһандық сын-тегеуріндер жағдайында әлемдік дамудың болашақ сценарийлерін қарастыру.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар шақырылады.
Конференция аясында пленарлық отырыс және панельдік сессиялар өткізу жоспарланып отыр.
Конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын.
Конференцияға қатысуға ниет білдірушілер 2018 жылдың 20 қарашасына дейін ұйымдастырушылардың электрондық мекенжайына өтініш пен баяндаманың мәтінін жіберуі қажет.
Жинақта жариялау үшін мақаланың электрондық нұсқасын рәсімдеуге қойылатын талаптар: мақаланың көлемі 5–12 бет, форматы – А 4, MS Word редакторы (doc, rtf), қаріп өлшемі 12 (Times New Roman), жоларалық интервалы – бір, жиектері барлық жақтан 2 см, ені бойынша тегістеу, абзац шегінісі 0,8 см, кітаптық бағдар, автоматты түрде тасымалдау, «дағдылы» стиль.
Мақаланың құрылымы: ӘӨЖ, мақаланың атауы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын), автордың толық аты-жөні, электрондық мекенжайы, тірек сөздер мен аңдатпа үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын), мақаланың мәтіні, әдебиеттер тізімі.
Конференция материалдары қорытынды жинақта жарияланатын болады. Конференция материалдары жинағында мақаланы жариялау тегін. Ұйымдастырушылар жариялауға арналған материалдарды іріктеу құқығын өздеріне қалдырады («Антиплагиат» жүйесі бойынша тексеру).
Конференция қатысушыларының іссапар шығындары жіберуші тараптың есебінен жүзеге асырылады.
Конференцияның өтетін орны: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Астана қ. Абай көш., 33А.
Байланыс ақпараты:
Есенжолов Арман, e-mail: a.yessenzholov@apa.kz
Конусбаева Перизат, e-mail: p.konusbayeva@apa.kz