Жаңалықтар

Business Integrity Forum

2021 жылдың 7 сәуірінде алғаш рет Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесе ұйымдастырған Business Integrity Forum өтті.

Форумға ҚР Президентінің экономикалық даму мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сума Чакрабарти, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, сондай-ақ отандық және шетелдік бизнестің, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар бейінді мемлекеттік органдардың басшылығы қатысты.

Кездесу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алик Шпекбаев бизнесті сыбайлас жемқорлық қысымынан қорғау шаралары туралы толығырақ баяндады. Инвесторлар мен кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасын, комплаенс қызметті, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыруды қоса алғанда, саяси жаңартуға, заңнамалық новеллаларға, превентивті шараларға баса ден қойылды.

Ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсты ілгерілету және дамыту бойынша Жол картасын бекітті. Жол картасына сәйкес ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсты дамытудың әдіснамалық және білім беру орталығы ретінде анықталды.

Өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл квазимемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстың дамуына кедергі келтіретін бірқатар факторларды атап өтті:

 «Біріншіден, комплаенс функцияларын жеткіліксіз түсіну мен білу, яғни кәсіпкерлердің басым көпшілігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстың мәнін, оның қандай мүмкіндіктер ұсынатындығын, комплаенс-офицер қызметінің ерекшелігі неде екендігін жете түсіне бермейді. Екіншіден, басты көрсеткіш нәтиже емес, оның ресми ережелер жиынтығы мен рәсімдері түрінде болатын ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсты құрудағы формалды тәсіл. Үшіншіден, ресурстық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс функциясы тиімді қызмет етуі үшін қисынды түрде ресурстармен қамтамасыз етілуі тиіс. Төртіншіден, тәуелсіздіктің болмауы. Көп жағдайда комплаенс-құрылымдардың ресми мәртебесі болмайды, ұйымның жоғары басшылығына тікелей бағынбайды, қажетті деректерге қолжетімділік шектелген,  комплаенс функциясын жүзеге асыру үшін жеке бюджет жоқ. Бесіншіден, мүдделер шиеленісі. Тәжірибеде комплаенс қызмет қызметкерінің тәуелсіздігі ағымдағы функциялар мен оның  комплаенс-бақылау міндеттерінің арасында мүдделер шиеленісінің болуымен бұзылуы мүмкін. Комплаенс өкілдеріне функцияларды тек комплаенс-міндеттерге қатысты орындаған жөн» – деп атап өтті Ерлан Әбіл.

Мемлекеттік басқару академиясы 2020 жылы парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің ISO 37001 халықаралық стандарты талаптарына сәйкестілігінің халықаралық сертификатына ие болғандығын атап өткен жөн. Бүгінгі таңда Академия қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша оқытуды жүзеге асырды, комплаенс-қызмет құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың бірқатар ұйымдастырушылық және техникалық шаралары анықталып, ресмилендірілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесінің тиімділігін мониторингілеу және бағалау рәсімдері айқындалды.

Сонымен бірге, форум қатысушылары іскерлік климатты жақсартудың келешегін, мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасының трансформацияларын, сондай-ақ пандемиядан кейінгі дағдарысты бірлесе еңсеру  шараларын талқылады.

Форум жұмысының қорытындысы бойынша бизнес-қауымдастықтың барлық ескертулері мен ұсыныстары одан әрі пысықтау үшін Үкіметке жолданады.


Your browser does not support SVGs