Академия
жаңалықтары

24
Қаңтар
Агенттік төрағасы жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті

Академия тыңдаушылары оқу барысында мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, мемлекеттік аппаратта қызмет ететін кәсіби тұлғалармен кездесіп, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алады.

23 қаңтар күні Академияда мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үшін өткізіліп жатқан біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары және Астана қаласының Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің өкілдері ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаймен кездесті.

Мотивациялық кездесуде Дархан Медеғалиұлы жұмыс тәсілін өзгерту арқылы жаңаша серпінге қадам жасау керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Агенттік төрағасы жастарға мемлекеттік қызметшілердің бәріне ортақ міндет халық үніне құлақ асып, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алатын ашық, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру екенін баса айтты.  Мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» ретіндегі тұлғалық болмысына, моральдық-әдептік келбетіне қойылатын талаптар, басты ұстанымдар, құндылықтар жайлы да сөз қозғалды.

Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуда белсенділік танытты. Дархан Медеғалиұлы жастарды ел игілігі жолында адал еңбек етуге шақырды.

Атап өтейік, Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің қатысушылары Академиядағы 5 күндік оқуын аяқтады, алдағы уақытта олар мемлекеттік органдарда өндірістік практикадан өтеді. Қазіргі таңда Академияда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер құзыреттіліктерін арттыру мақсатында білім алып жатыр. Оқу бағдарламасы аясында тыңдаушылар кәсіби коммуникациялар, шешендік өнер, коучинг, жобалық менеджмент, деректерді талдау, стратегиялық менеджмент және т.б. тақырыптар бойынша өздерінің білімдері мен дағдыларын арттырады.

 

Барлығы
24
Қаңтар
Әлихан Бөкейхан Университетімен меморандумға қол қойылды

Бүгін Академияның Абай облысы бойынша филиалы мен Әлихан Бөкейхан Университеті арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Екіжақты кездесуде мемлекеттік басқару саласының кадрларын даярлау, оқытушылардың біліктілігін арттыру, Академияға оқуға түсу, сарапшы мамандарды жұмысқа тарту және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Филиал директоры Әсет Абжақов жұмыстың негізгі бағыттарын таныстырып, мамандарды құзыреттілік пен іс-тәжірибеге бағдарланған оқыту негізінде жаңаша даярлау жүйесі қолданылатыны туралы баяндады.

Шараға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалының директоры Әсет Талғатбекұлы Абжақов, Әлихан Бөкейхан Университетінің басшылығы мен қызметкерлері, білім алушылары қатысты.

Барлығы
19
Қаңтар
Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында Адами ресурстарды басқару институты құрылды

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында Адами ресурстарды басқару институты құрылды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Агенттіктің 2023 жылғы жыл қорытындысы бойынша алқа отырысында мәлімдеді.

Агенттік төрағасы алқа отырысында Президенттің тапсырмаларын орындау шаралары туралы айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне толыққанды стратегиялық HR институтына айналу міндетін қойды.

Аталған Институт құзыреттілікті бағалау, HR-аналитика, талант менеджмент, тестілеу, ақпараттық жүйені сүйемелдеу тәрізді бес бағыт бойынша жұмыс атқаратын болады.

Институт жұмысы 2024 жылы толығымен жанданып, даму жоспарына сәйкес:
– бағалау нәтижелерінің деректері, «E-Qyzmet» жүйесінде жүргізілген тестілеу, оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және басқа да қолда бар деректерге аналитикалық талдау жүргізу;
– уәкілетті органдарға мемлекеттік қызметтегі кадрлық ресурстардың сапасын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
– мемлекеттік қызметтегі таланттарды басқарудың әдістемелік тәсілдерін әзірлеу;
– тестілеу арқылы үміткерлерді бағалаудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру;
– мемлекеттік қызметке тұруға өтініш берген үміткерлерді бағалау үшін тиісті тесттер базасын толықтыру, және үміткерлерді тестілеуден өткізу;

– ағымдағы ақпараттық жүйені «E-Qyzmet» жүйесіне интеграциялау сияқты мақсаттарды орындау жоспарланған.

Агенттіктің алқа отырысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топ мүшелері қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай өткен жылы Агенттіктің барлық бастамасы Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың адамға бағдарланған және сервистік моделін қалыптастыру бойынша қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

 

Барлығы
19
Қаңтар
Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебімен меморандумға қол қойылды

2024 жылдың 18 қаңтарында Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италияның Ұлттық басқару мектебінің (Italian National School of Administration) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында екі мемлекет арасында ынтымақтастықты тереңдету, мемлекеттік саясат және мемлекеттік басқару бағыттары бойынша мемлекеттiк қызметшiлердi даярлау және құзыреттіліктерін дамыту, сондай-ақ қолданбалы зерттеу бойынша әріптестікті нығайту көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесуде БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды.

Кездесу барысында қабылданған бірлескен мәлімдемеде қазақстандық және италиялық жетекші университеттер, атап айтқанда, ғылым және технология бағытына маманданған университеттер арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтілді.

Барлығы
15
Қаңтар
«Жас мемлекеттік қызметші мектебінің» оқуы басталды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жас мемлекеттік қызметші мектебі» жобасы аясында оқыту басталды. Оған елордалық жоғары оқу орындарының 3 және 4 курс студенттері қатысып жатыр.

Академия ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, жоба мемлекеттік қызметке жаңа леп әкелетін талантты жастарды тарту мақсатында қолға алынған.

«Мемлекеттік қызметке жаңа буын қажет. Бізге идеясы бар, креативті, талантты, мемлекеттік қызметте істеймін деген ниеті бар жастар қажет. Қазақстанның өсіп-өркендеуі сіздердің білімдеріңізге, потенциалдарыңызға, ерік-жігерлеріңізге байланысты. Жас мемлекеттік қызметші мектебінде оқу барысында қатарластарыңызбен топтасып, пікір алмасып, дағдыларыңызды арттыра аласыздар», – деді ректор шараның ашылу салтанатында.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп бір апталық оқыту бағдарламасы әзірленді. Оқыту аясында жас таланттар жобалық басқарудың негіздері және жобаны әзірлеу, оны қорғау, тиімді коммуникациялар, практикалық аналитика, стратегиялық менеджмент және көшбасшылық және т.б. дағдыларды меңгереді. Мемлекеттік басқару жүйесі, әдеп кодексі бойынша практикалық сабақтар өтіп, мемлекеттік қызмет саласындағы кейстерді талдайды. Оқыту курстарын  Академияның профессор-оқытушылар құрамы, практик мамандар жүргізеді.

Жобаға екінші рет қатысып отырған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 3 курс студенті Аяжан Меркібай болашақта мемлекеттік қызметші болуды жоспарлайтынын айтты.

«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде оқуға биыл екінші жыл қатарынан қатысып жатырмын. Мақсатым – алдыңғы жылы алған білімімді биыл жетілдіру, дағдыларымды арттыру. Қазіргі таңда Академияда дәрістермен қатар, практикалық тренингтер де жүргізіліп жатыр. Бүгін алғашқы дәрісті коммуникация тақырыбынан бастадық. Себебі қоғамда адамдар арасында  коммуникацияның жетіспеуі көп байқалады. Болашақта мемлекетке қызмет етіп, еліміздің гүлденуі үшін барымызды саламыз», – деді Мемлекеттік жергілікті басқару мамандығының студенті.

Академияда бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін қатысушылар мемлекеттік органдарда өндірістік практикадан өтеді.

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі

 

Барлығы
26
Желтоқсан
МОДУЛЬДІК ОҚЫТУ ҚАҒИДАТЫ БОЙЫНША ҮМІТКЕРЛЕРДІ ІРІКТЕУ АЯҚТАЛДЫ

Модульдік қағидаты бойынша магистрлік білім бағдарламаларына Академияға оқуға түскен магистранттарды шын жүректен құттықтаймыз!

«ЕМРА – Мемлекеттік басқару» және «MRDm – Өңірлік даму» магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша барлығы 70 үміткерден құжат қабылданды. Іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен 29 (ЕМРА – 21, MRD – 8) азамат оқуға қабылданды. Олардың 14-і (48,3%) квазимемлекеттік сектордан және бюджеттік ұйымдардан болса, 15-і (51,7%) жеке бизнеспен айналысатын тұлғалар. Оқуға түскендердің 79,3%-ы, яғни 23 адам басқарушылық лауазымда қызмет етеді. «Мемлекеттік басқару» білім бағдарламасына оқуға түсішулердің орташа жасы – 39 жас, «Өңірлік даму» бағдарламасында – 34,5.

Оқу 2024 жылдың 8 қаңтарында басталады. Білім алушыларға сәттілік тілейміз! Практикаға негізделген оқуды жұмыспен қатар алып жүру сіздерге қызметте жаңа белестерге жетуге септігін тигізеді деген сенімдеміз!

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1-30 қараша аралығында Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметші емес тұлғалар үшін модульдік оқыту қағидаты бойынша магистратура бағдарламаларына қосымша қабылдау жүргізілді.

 

 

 

Барлығы
20
Желтоқсан
Магистранттар жобаларын Сенатта қорғады

Алғаш рет Академия магистранттары ғылыми жобаларын Сенат қабырғасында қорғады. Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі білім алушыларының магистрлік жобалар қорғауы көшпелі форматта өтті. Комиссия төрайымы сенатор Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай жобалар қорғауының Парламентте өтуі маңызды екенін атап өтіп, өзекті мәселелер көтерілген жобаларды депутаттар назарға алатынын жеткізді. Жобалардың талқылауға Сенаттың депутаттары мен аппарат мамандары, ғылыми-сарапшылық орта өкілдері қатысты.

Магистрлік жобалардың тақырыптары әлеуметтік, экономикалық, техникалық салаларды мемлекеттік басқару және реттеу тұрғысынан жетілдіру мәселелерін көтерді. Жобалардың бірі талқылаушылардың ерекше қызығушылығын туғызса, енді бір жобалар депутаттар тарапынан жұмыс барысында басшылыққа алатын ғылыми-сарапшылық материал ретінде де бағаланды. Сол себепті сенатор Б.Жексенбай жекелеген магистранттарды Парламентте сарапшы болуға шақырды.

Қорытынды аттестациялық комиссияның шешімімен тың ұсыныстар берілген бірнеше жоба жоғары бағаланып, тәжірибеде назарға алу үшін тиісті құзырлы органдарға жолдауға ұсынылды. Жекелеген жобаларды ерекше атап өту жөнінде шешім қабылданды.

Магистранттар да Сенат төрінде ғылыми жоба қорғаудың маңыздылығын айрықша сезінгендерін айтады. Сондай-ақ олар өндірістен қол үзбей білім алуға жағдай туғызатын модульдік білім бағдарламасының тиімді екенін, жұмыспен қатар алып жүруге ыңғайлы болғанын айтып, осындай мүмкіндіктер берген Академия ұжымына алғысын білдірді.

Магистрлік жобаларын сәтті қорғаған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі білім алушыларын шын жүректен құттықтаймыз!

Көшпелі қорғауды жоғары деңгейде ұйымдастырған Сенат аппаратына және депутаттарына алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да бірнеше бағыттар бойынша әріптестік орнату ниетіміз бар екендігін жеткіземіз.

 

 

 

 

Барлығы
20
Желтоқсан
Халықаралық көші-қон мәселелерін талқылау

20 желтоқсан күні Академия қызметкерлері Қазақстандағы көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның кеңсесінде ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын талқылауға қатысты. Кездесуде көші-қон мәселелері жөніндегі қолданыстағы іс-қимыл жоспарына ХКҰ дайындаған ұсынымдар жобасы қарастырылды.

Сондай-ақ жиында көші-қон жөніндегі жаһандық шарттың басым бағыттары айтылды және Халықаралық көші-қон проблемаларын қарау жөніндегі форумның барысы туралы декларацияның ұсынымдары талқыланды.

Талқылауға қатысу үшін азаматтық сектордың мүдделі стейкхолдерлерінің сарапшылары шақырылды. Мемлекеттік басқару академиясынан пікірталасқа Ғылыми артықшылық орталығының басшысы Анар Есенгельдина, Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің профессоры Дастан Көшербаев және Ғылыми артықшылық орталығының бас сарапшысы Жазира Искиндирова қатысты.

 

Барлығы
20
Желтоқсан
Басқару институтының магистранттары жобаларын қорғады

20 желтоқсан күні Академияның Басқару институтының «Өңірлік даму» модульдік бағдарламасы бойынша білім алушылар магистрлік жобаларын қорғады. Көшпелі жобалар қорғауы Астана қаласы әкімшілігінде өтті.

Тыңдаушылардың ғылыми ізденістерінің тақырыптары өзекті және еліміздің өңірлерін дамытуға бағытталған.

Қорытынды аттестациялық комиссияның шешімімен бірнеше жоба ерекше деп бағаланды. Магистранттар өз тарапынан аталған модульдік бағдарламаның тиімділігін және бұл бағдарламаны келешекте де жалғастыру қажеттілігін айтты. Сонымен қатар магистрлік жобаларды көшпелі қорғаудың тиімділігін де атап өтті.

Өз кезегінде Академия ұжымы түлектерді бүгінгі сәтті қорғауымен шын жүректен құттықтай отырып, келешекте Академияда алған білімдеріңіз еліміздің жан-жақты дамуына септігін тигізсін деп тілек білдіреді.

 

 

 

Барлығы
15
Желтоқсан
Жоба менеджерлерінің саны артуда

Бүгін Академияның Мемлекеттік басқарудағы персоналдың сәйкестігін тану орталығының басшысы Ержан Әбдалыұлы Халбаев ҚР Энергетика министрі Алмасадам Маиданұлы Сәтқалиевтің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ведомство қызметкерлерін салтанатты құттықтау шарасына қатысты.

Іс-шара аясында Ержан Әбдалыұлы Академия атынан Энергетика министрлігінің ұжымын алдағы ұлттық мерекемен құттықтап, аталған мемлекеттік органдағы жобалық менеджмент қағидаттарын енгізудің оң үрдістерін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның төрт қызметкеріне ҚР СТ ISO 20502-2022 Ұлттық стандарты бойынша «Жоба жетекшісі» деңгейіндегі сәйкестік сертификаттарын табыс етті.

​Айта кеті керек, Академия аталған орталығы жобалық менеджмент саласындағы ҚР СТ ISO ұлттық стандарттары бойынша персоналдың сәйкестігін растау жөніндегі жалғыз аккредиттелген орган болып табылады. Бүгінгі таңда осы бағыт бойынша сертификатталған жоба менеджерлерінің саны 3140 бірлікке жетті. Оның ішінде биыл 523 адам сәтті сертификатталды.

Барлығы
14
Желтоқсан
Эксперттік кездесу: Қазақстанда комплаенсті дамытудың өзекті бағыттары

Академияда «Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамытудың өзекті бағыттары» тақырыбында эксперттік кездесу өтті. Оған мемлекеттік органдардың, Академияның, эксперттік қоғамдастықтың 66 өкілі және Қазақстанның квазимемлекеттік сектор ұйымдарының комплаенс-қызметтерінің басшылары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында экономика ғылымдарының кандидаты, Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры М.Б. Қадырова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметі басқармасының басшысы Мирас Қарғабай құттықтау сөз сөйледі. Эксперттік кездесуде «Самұрық-Қазына» АҚ комплаенс-қызметінің басшысы А.А. Дарменов, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК Метрология және нормалау департаментінің директоры А. Орынғалиұлы, экономика ғылымдарының кандидаты, Академияның Ақмола облысы бойынша филиалының директоры, «Цифрлық комплаенс» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын енгізу бойынша кеңесші және әдіскер Ержан Жаров сияқты комплаенс-менеджмент саласындағы беделді сарапшылар баяндама жасады.

Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерінің практикалық аспектілері саласындағы комплаенс саласын нормативтік құқықтық реттеу, оны ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, ISO 37001 стандартын енгізу, сондай-ақ комплаенс-офицерлердің қызметіне озық цифрлық технологияларды енгізу сияқты өзекті мәселелерді қозғады.

 

 

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау саласындағы Кәсіби даму институтының жұмысы туралы білім беру бағдарламаларын әзірлеу және үйлестіру кабинетінің меңгерушісі Ж.К. Рысбекова сөз сөйледі. Сондай-ақ спикер баяндамасында Институттың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу, этикалық нормаларды сақтау және т. б. салалардағы оқыту іс-шаралары туралы айтты.

Кездесу барысында мазмұнды, белсенді пікір алмасу болды, комплаенс-қызметтердің практикалық қызметінің проблемалық мәселелері, сондай-ақ оларды шешудің мүмкін жолдары талқыланды.

Кездесуді мемлекеттік және жергілікті басқару докторы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен этиканы зерттеу секторының бас ғылыми қызметкері, ISO 37001 және ISO 37301 халықаралық стандарттары бойынша сертификатталған жетекші аудитор Шаяхметова Шарафат жүргізді.

 

Барлығы
12
Желтоқсан
Филиал директоры «Жылдың үздік Асессорі» атанды

Академияның Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Злобин «Qazaqstan Project Management Awards – 2023» жобалық басқару жөніндегі Ұлттық конкурсының «Жылдың үздік Асессорі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Марапат бүгін Президенттік «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарымен қатар табысталды.

Бақыт Злобин үш жыл бойы «Qazaqstan Project Management Awards» ұлттық байқауының кәсіби асессоры болып келеді. Аталған конкурс жобалық менеджментті енгізетін ұйымдарды, қызметкерлерді ынталандыруға бағытталған.

 

Асессорлар – жобалық менеджмент саласындағы сертификатталған мамандар және белгіленген критерийлерді ескере отырып, үміткерлердің конкурстық жұмыстарының талаптарға сәйкестігін бағалайды. Байқау нәтижелерінің объективтілігі мен сенімді болуы асессордың жоғары біліктілігіне байланысты.

Академия қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және дамытуға көп көңіл бөледі. Жыл сайын Кәсіби жобалық менеджерлердің, сондай-ақ жобалық басқару саласындағы тренерлердің саны артып келеді.

 

 

Барлығы
12
Желтоқсан
ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық құрамына арналған семинар аяқталды

Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық құрамына арналған біліктілігін арттыру семинары аяқталды. Семинар Академияның Дипломатия институтының ұйымдастыруымен өтті.

Семинарда Академияның жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрамы, ҚР Төтенше және Өкілетті Елшілері, АӨСШК Бас хатшысы, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының Басқарма Төрағасы, сондай-ақ ҚР СІМ департаменттерінің директорлары дәріс оқыды.

Академияның Дипломатия институтының бастамасымен ұйымдастырылған оқытудың мақсаты – Қазақстанның сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін табысты ілгерілету үшін СІМ қызметкерлерінің әлеуетін арттыру.

Бағдарлама аясында сыртқы саяси талдау және болжау технологиясы, келіссөздер процесінің стратегиясы, дипломатиялық қызметтің практикалық аспектілері, халықаралық қақтығыстар мен қауіпсіздік, БАҚ-пен жұмыс істеу ерекшеліктері, мәдени дипломатия, француз және ағылшын тілдерін қолдану дағдыларын жетілдіру сияқты тақырыптар қамтылды.

Семинарға үш санат бойынша: жоғары, орта және кіші дипломаттар қатысты, оқу қорытындысы бойынша министрліктің 80 тыңдаушысы қатысып, оларға сертификат табыс етілді.

 

 

Барлығы
11
Желтоқсан
Жергілікті атқарушы билікті кәсібилендіру

2023 жылдың 11 желтоқсанында Академияда «Жергілікті атқарушы билікті кәсібилендіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты Ханнс Зайдель Қоры мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы арасындағы Келісім шеңберінде іске асырылатын «Аудандық маңызы бар қалалардағы, ауылдық округтердегі, кенттердегі және ауылдардағы жергілікті басқару» зерттеу жобасының нәтижелерін таныстыру болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы аудандары мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің пилоттық сайлауының қорытындылары айтылды.

Кездесуге жобаның қорытындысын талқылауға Ханс Зайдель қорының Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Макс Георг Майер қатысты.

Дөңгелек үстелге Академияның зерттеу блогы, профессор-оқытушылар құрамы, мемлекеттік қызметкерлер, магистранттар мен докторанттар қатысып, пікірлерін білдірді.

Барлығы
08
Желтоқсан
«Дода» зияткерлік ойынының қорытынды кезеңі өтті

Бүгін «Дода» зияткерлік ойынының ІІІ қорытынды кезеңі өтті. Білім «додасына» (Басқару институтының «MRD-23 және «MHRM-23» мамандығы магистранттарынан құралған) екі жеңімпаз «Ұшқын» және «Жалын» командалары қатысты. Ойынды Басқару институты «Өңірлік даму – 23» мамандығының магистранты Нұрберген Бекеев жүргізді. Үш кезең бойынша төрешілік жасаған Басқару институтының магистранттары Анар Қалимұратова мен Бауыржан Қожанов ойын барысына өздерінің әділ бағаларын берді.

Ойын өте тартысты және қызықты өтті. Нәтижесінде тапқырлықтары мен білімдері басымырақ болған «Жалын» командасы қорытынды ойынның жеңімпазы атанды.

Білім додасы Академияның Тілдік құзыреттілікті дамыту кабинетінің ұйымдастыруымен өтті.

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деген Мұхтар Әуезов. Білімнен қуатты күш жоқ, біліммен қаруланған адам жеңілмейтінін ескерсек, бүгінгі жастардың білім жолындағы нық қадамдарына сәттілік тілейміз! Алар асу, бағындырар белестеріңіз көп болсын! Білім жолында қанаттарыңыз талмасын! Сіздерге жаңа жетістіктер, шығармашылық табыс, жаңа бастамаларда тек сәттілік тілейміз!

Барлығы

Your browser does not support SVGs