Академия
жаңалықтары

15
Қыркүйек
Әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру мәселесі талқыланды

Академияда «Даму күні» аясында Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Даулет Рашидұлы Арғындықов «Әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру» тақырыбында дәріс оқыды. Спикер 2020-2023 жылдар аралығындағы электрондық форматта көрсетілген қызметтердің үлесіне, миграциялық процестерді автоматтандыруға  тоқталды. Сондай-ақ тыңдаушыларға әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйелерін таныстырды.

Даулет Рашидұлы тыңдаушыларға әлеуметтік қызметтер порталында орындалған қызметтер мен жаңарту жұмыстары туралы ақпарат берді.

«Қазақстан экономикасын технологиялық жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру. Әлеуметтік қызметтер мен жұмыспен қамтудың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға болады», – деді спикер.

 

Барлығы
15
Қыркүйек
Силлабустарды дайындау және студенттерді бағалау критерийлері

Академияда «Даму күні» аясында Назарбаев Университетінің доценті Дүйшон Шаматов «Силлабустарды дайындау және студенттерді бағалау критерийлері» тақырыбында семинар жүргізді.

Семинар профессорлық-оқытушылар құрам үшін тәжірибе алмасуға және заманауи стандарттарға сәйкес келетін силлабусты қалай жасау керектігі туралы ортақ түсінікті қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар кездесу тиімді стратегияларды дайындау және пәндердің мазмұнын тұжырымдауға бағытталған.

«Силлабус әзірлеу – сапалы жоғары білім берудің ажырамас бөлігі. Ол білім алушы үшін нұсқаулық және академиялық жетістікке жетудің негізгі көмекшісі болып табылады. Қазақстан Болон процесінің мүшесі болғанына қарамастан, көптеген оқытушы силлабусты құру кезінде қиындықтарға тап болады және мазмұнының нақты қандай болуы керек екенін әрдайым түсіне бермейді. Бірақ осындай кездесулердің арқасында өз тәжірибемізбен бөлісіп, ортақ түсінікке келе аламыз», – деді Дүйшон Шаматов.

Кездесу барысында педагогикалық ұжым оқу нәтижелерін бағалау критерийлерін талқылауға белсене қатысты.

Барлығы
15
Қыркүйек
Ректор Фудань Университеті өкілдерімен кездесті

14 қыркүйекте Академия ректоры Ерлан Әбіл Шанхайда Фудань университеті (Fudan University) Халықаралық қатынастар және Әлеуметтік қатынастар мектебі басшысы Су Чангхе мырзамен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттік басқару саласында мамандармен алмасу, мемлекеттік қызметшілерге арнайы тағылымдамалар ұйымдастыру, оқытушылық құрамға арналған бағдарламалар талқыланды. Сондай-ақ Академия білім алушыларына арналған бірлескен оқу бағдарламасы (Joint degree program), Фудань зерттеу орталықтарымен ортақ зерттеулер жүргізу (think tank) сияқты мәселелер ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, Фудань университеті әлемнің және Қытайдың озық жоғары оқу орындарының қатарында, әлемнің QS рейтингінде 50-ші орынды иеленіп отыр. Білім алушылар арасында Фудань университінің саясаттану, халықаралық қатынастар, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қатынастар бағдарламалары үлкен сұранысқа ие. Жалпы университет қабырғасында 77 зерттеу институты, 112 дисциплинааралық институт және 5 лаборатория жұмыс істейді. Кездесу Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) заң университеттері қауымдастығының форумы және жоғары білікті халықаралық мамандарды даярлау форумы аясында өтті.

Барлығы
14
Қыркүйек
Стратегиялық ойлау және проблемаларды сыни тұрғыда шешу

2023 жылдың 11-13 қыркүйегі аралығында Академия қабырғасында «Стратегиялық ойлау және проблемаларды сыни тұрғыда шешу» тақырыбында біліктілікті арттыру семинары өтті.

Өз білім-тәжірибесімен бөлісу үшін Сингапурдан жеке құзыреттілікті дамыту бойынша жаттықтырушы, көптеген курстар мен бағдарламалардың авторы, фасилитатор Прити Дубей шақырылды.

Оқу барысында қатысушылар стратегиялық ойлауды дамыту әдістерін, инновациялық шешімдерді қалыптастырудың шығармашылық процесін, проблемаларды сыни тұрғыда шешуді, шығармашылықты дамытудың және жаңа идеялармен алмасудың ұйымдастырушылық дағдыларын игерді.

Барлығы
14
Қыркүйек
ҚР Парламенті Сенатының жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің 13-ші отырысы

Академияның Қолданбалы зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Жанат Момынқұлов ҚР Сенат Төрағасы М.Әшімбаевтың қатысуымен ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің 13-ші жиынына қатысты.  

Кездесу Қазақстан Президентінің жаңа экономикалық модельге көшу жөніндегі Жолдауын тиімді жүзеге асырудың негізгі мақсаттары мен тиімді тетіктерін талқылауға арналды.

Сенат спикері экономикалық өсудің 4 негізгі шартын атап өтті:

1) ұлттық экономикамызда әділ, біркелкі, ашық, ұзақ мерзімді «ойын ережелері» қажет. М.Әшімбаевтің ойынша, бұл ережелер көпшілікті қамтып, «ешкім заңнан жоғары болмауы тиіс» деп айрықша атап өтті.

2) инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарды шикізатпен (электр энергиясы, су, байланыстар, жолдар және т.б.) қамтамасыз ету.

3) қолжетімді несиелер мен инвестициялар қажет. Спикердің пікірінше, «несиелер – экономиканың қозғаушы күші», сондықтан тұтынушылық несиелер беріп ғана қоймай, банктер экономикаға жұмыс істеуі қажет.

4) ішкі нарықты қорғау. Экономиканың сезімтал секторларын қорғау үшін халықаралық міндеттемелер шеңберінде ұлттық өндірушілерді қолдаудың прагматикалық, ұтымды әдісін (рационалды протекционизм) қолданып, көрші елдерден өнімдер импортын әртараптандыру қажет.

Спикер өз сөзінде халықтың әл-ауқаты мен өңірлердің дербестігін арттыруға баса назар аударды.

Әшімбаев мемлекет дамуының 4 басым мақсатын айқындап берді: қосылған құны бар экономиканы әртараптандыру, технологияға негізделген агроөнеркәсіп кешенін дамыту, көлік-логистикалық кешенін (Каспийдің әлеуеті) және тау-кен өнеркәсібін жаңғырту.

Сарапшылар адами капиталды, мемлекеттік басқару мен жоспарлауды, институттарды дамыту, аналитиканың сапасы, инфляцияны реттеу, орталықсыздандыру сияқты өзекті мәселелерді көтеріп талқыға салды.

«Жас сарапшылар клубының» қатысушылары экономикадағы нақты мәселелерді шешуге қатысты пайым пен ұсыныстарын ортаға салды.

Сенат Төрағасы Жолдаудың мақсаттарын жүзеге асыру аясында мүдделі тараптарды жүйелі өзара іс-қимылға шақырды.

Барлығы
13
Қыркүйек
Шанхайдағы форум аясындағы кездесулер

13 қыркүйекте Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) заң университеттері қауымдастығының форумы және жоғары білікті халықаралық мамандарды даярлау форумының үшінші күні сәтті аяқталды. Пленарлық сессияда БҰҰ, ШЫҰ өкілдері және аталған ұйымдарға мүше елдердің жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі. ШЫҰ Түлектері қауымдастығының ашылу салтанаты өтті. Сонымен қатар Академия ректоры Ерлан Әбіл және франциялық ICES – Catholic Institute of Higher Studies өкілдерінің жеке кездесуі өтті. Қос тарап басшылық ететін оқу орны жайлы ақпаратпен бөлісіп, тиімді әріптестік орнату жолдарын талқылады.

Барлығы
13
Қыркүйек
Әлихан Байменов: «Мемлекеттік басқару» пәнін тәжірибеме және зерттеулерге сүйеніп жүргіземін

Астана Мемлекеттік Қызмет Хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов Академияда Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінде «Мемлекеттік басқару» білім беру бағдарламасының магистранттарына дәріс оқиды.  Бүгін профессор өзінің мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, тыңдаушыларға мемлекеттік басқаруға әсер ететін факторлар туралы айтып берді.

Әлихан Мұхамедияұлы сұхбатында мемлекеттік басқаруды жеке сала ретінде оқытатынын атап өтті.

«Академияда «Мемлекеттік басқару» пәнін жүргіземін. Мемлекеттік басқару – экономика немесе заң ғылымының бір бөлігі деген дәстүрлі түрде қалыптасқан пікір бар. Мен пәнді тәжірибеме, зерттеулерге сүйеніп, нақты менеджмент, көшбасшылық тұрғысынан қарастырамын және мәдениеттің мемлекеттік басқаруға әсері, саяси жүйенің әсері сияқты тақырыптарды ашуға тырысамын. Бұл еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін тереңінен түсініп, шешім қабылдаған кезде қажет болады деп есептеймін», – деді Академияның құрметті профессоры.

Сондай-ақ Әлихан Мұхамедияұлы магистранттар мен докторанттарға оқу барысында уақытын тиімді пайдалануға кеңес берді.

«Академияға оқуға келген мемлекеттік қызметшілерге айтар кеңесім – осында жүрген кездегі уақыттарын жемісті пайдалансын. Бір жағынан ғылыми зеттеумен айналысса, екінші жағынан тәжірибесі бар адамдармен ақылдасып, үшінші жағынан Астананың мәдени ордаларында, кітапханаларында болып, күш-уат жинауға кеңес беремін. Оқудан кейін жұмысқа жаңа күшпен кірісетіндей болу керек», – деп сөзін қорытындылады ол.

Барлығы
12
Қыркүйек
Ерлан Әбіл: Білікті мамандарды даярлау әрдайым маңызды

12 қыркүйекте Шанхай қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) заң университеттері қауымдастығының форумы және жоғары білікті халықаралық мамандарды даярлау форумы басталды. Пленарлық отырысты Шанхай саясат және құқық университетінің Партия комитеті Бас хатшысы орынбасары Пань Мутянь ашып, Қытай, Орта Азия, ШЫҰ мүше елдердің университеттерінің ректорлары сөз сөйледі.

Пленарлық отырыста Академия ректоры Ерлан Әбіл ШЫҰ шеңберінде халықаралық дәрежеде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау қажеттілігіне тоқталып, Академияның медиация, даулы мәселелерді шешу, су ресурстарын басқару, өңірлік басқару саласында жұмыс топтарын құрып, жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.

«Жоғары білікті мамандарды даярлау әрдайым маңызды. ШЫҰ университеттерінің ынтымақтастығы аясында әріптестікті нығайту үшін көптеген мүмкіндік бар», – деді Академия ректоры.

 

Барлығы
12
Қыркүйек
Академия мемлекеттік қызметшілерді оқытудағы тәжірибесімен бөлісті

Академияның Кәсіби даму институты директорының орынбасары Самал Жарғақова 12 қыркүйек күні Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) заң университеттері қауымдастығының форумы және жоғары білікті халықаралық мамандарды даярлау форумында баяндама жасады.

Ол форумға қатысушылар мен қонақтарға Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерді оқыту және дамыту жөніндегі тәжірибесі туралы айтып берді. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында қолданылып жатқан жаңа тәсілдермен бөлісті. Сондай-ақ Академия мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді одан әрі жетілдіру және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.

Барлығы
11
Қыркүйек
Академия ректоры Шанхайда халықаралық форумға қатысып жатыр

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл 2023 жылдың 11-15 қыркүйек аралығында өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) заң университеттері қауымдастығының форумы және Жоғары білікті халықаралық мамандарды даярлау форумы аясында алғашқы кездесуіне қатысты.

Академия ректоры Шанхай Саясат және заң университеті Партиялық комитетінің бас хатшысы Гэ Вейхуа мырзамен кездесті. Кездесу барысында 2013 жылы Қытай Халық Республикасы Мемлекет басшысы бастамасымен құрылған Халықаралық құқық саласындағы мамандарды даярлау және әріптестік орталығының жұмысы таныстырылды.

Шанхай қаласында өткен кездесуде Гы Вейхуа мырза ШЫҰ шеңберінде Құқық университеттері Альянсын құру, мемлекеттік басқару саласында әріптестік орнату және мемлекеттік кызметшілерді оқытуда ШЫҰ-на мүше елдер арасында тығыз ынтымақтастық орнату туралы ұсыныстарын айтты. Тараптар көпжақты әріптестікті әрі қарай тереңдетуге ниет білдірді.

Барлығы
08
Қыркүйек
Елші сағаты: «Халықаралық либералды тәртіп»

Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Павел Утюпин келіп, «Халықаралық либералды тәртіп: оны бүгінгі гегемониялық емес әлемде құтқаруға бола ма?» тақырыбында қонақ дәрісін оқыды.

Академияның магистранттары, докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде 90-жылдардың ортасына дейін орын алған халықаралық либералды тәртіптің пайда болу теориясының бастаулары, оның даму тарихы туралы білуге мүмкіндік алды.

Дәріс барысында Елші халықаралық тәртіпті жаһандық саясатқа қатысудың басым үлгісі ретінде қарастыруға болатынын атап өтті. Алайда, бүгінде халықаралық либералды тәртіптің болашағына қатысты жалпы пессимизмдік қатынас та жоқ емес. Бұл пессимизмнің болу себебі – ол болып жатқан жаһандық дискурста дұрыс анықталмаған. Халықаралық либералды тәртіптің проблемасы кейбір оқиғалар, мысалы, Brexit, Трампты сайлау немесе Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы тәртіпті «бұзады» дегенмен байланысты емес. Бұл оқиғалардың барлығы өтпелі жағдайлар. Халықаралық либералды тәртіп мәселесі құрылымдық болып табылады. Тарихтан әлемдік тәртіп (дәлірек айтсақ, аймақтық тәртіп, тарихи тұрғыдан алғанда) оларды гегемондық мемлекеттер қолдаған кезде дами түскенін көруге болады.

Павел Утюпин өз сөзін Иммануил Канттың сөздерімен қорытындылады: «Мәңгілік әлемге ақыр соңында мынадай екі жолдың бірімен қол жеткізе аламыз: адамның көрегенділігі арқылы немесе адамзатқа басқа таңдау қалдырмайтын ауқымды қақтығыстар мен апаттар арқылы». Беларусь Елшісі тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, оларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Академияның Дипломатия институтының директоры Алексей Волков Елшіге қызықты кездесуі үшін алғысын білдіріп, Дипломатия институтымен және Мемлекеттік басқару академиясымен одан әрі өзара іс-қимыл жасауға және ынтымақтастықты жалғастыруға сенім білдірді.

Барлығы
06
Қыркүйек
Бағдарлау апталығы өтті

1-6 қыркүйек аралығында Академияда оқуға келген магистранттар мен докторанттар үшін бағдарлау апталығы өтті. Бағдарлама аясында оқу жылының ресми ашылуы, Академияның құрылымдық бөлімшелерімен (академиялық, ғылыми және әкімшілік), Институттармен және профессорлық-оқытушылық құраммен таныстыру ұйымдастырылды.

Оқытушылар мен білім алушылар Мемлекет басшысының Жолдауын бірге тыңдады, магистранттар мен докторанттардың құзыреттіліктерін бағалау жүргізілді және ағылшын тілін білу деңгейін анықтауға арналған тестілеу өткізілді. Білім алушылар бүкіл оқу процесі жүзеге асырылатын ішкі жүйеде жұмыс істеуді меңгеріп, корпоративтік пошталарын алды. Сондай-ақ академиялық адалдық, ақпараттық саясат және академиялық мәдениет қағидалары таныстырылды.

Білім алушылар группаларының старосталарын сайлады. Олармен бірге академиялық процесті жетілдіру бойынша идеялар мен туындаған мәселелерді ұжымдық талқылайтын Магистранттар мен докторанттар кеңесі құрылатын болады.

Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамға арналған бағдарлау күні ұйымдастырылды. Кездесу барысында ректор Ерлан Әбіл Академияның миссиясы, құндылықтары, құрылымы мен мүмкіндіктеріне тоқталды. Шараға проректорлар мен құрылымдық бөлімшелердің басшылары да белсене қатысып, оқу, ғылыми-зерттеу және ұйымдастыру-қызметтік блоктарды дамыту туралы, Академияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен талаптарын сақтауы жайлы,оқу процесі, тіл саясаты, ақпараттық саясаттың негізгі қағидалары туралы ақпарат берді. Бағдарлау күні «Эмоционалдық интеллект – күнделікті практикалық қолдану» тақырыбындағы мастер-класпен аяқталды.

Барлығы
05
Қыркүйек
Ерлан Әбіл: Мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін өз деңгейінде білуі керек

Мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту және насихаттау әрқашан өзекті болмақ. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл «Тілім барда айтылар сыр ойдағы» мерекелік шарасында айтты.

Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткен шараның алғысөзін Академия ректоры Ерлан Әбіл бастап, мемлекеттік тілдің мәртебесіне және келешектегі тіліміздің қолданыс аясын дамыту мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттерінің бірі екеніне тоқталып өтті.

«Тілге деген құрмет әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен орын алуы қажет. Мемлекеттік қызметшілер қазақ тілін өз деңгейінде білуі керек. Осы орайда Академияда мемлекеттік тілге баса назар аударылады. Көп жылдық тәжірибеге сүйеніп, «Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді оқыту тұжырымдамасын» әзірлеп, оның негізінде арнайы Qazaq Resmi Test жасадық.  Қазіргі таңда QRT еліміздегі ауқымды жобаларда қолданылып, тиімділігін көрсетіп келеді. Азаматтар қалаған уақытында ешқайда бармай-ақ, www.qrt.kz сайт арқылы тілді білу деңгейін анықтай алады. Академияға оқуға түсушілер құжат тапсырғанда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын сертификат тапсыруы қажет. Мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейту және насихаттау әрқашан өзекті болмақ», – деді ректор.

Сондай-ақ мерекелік іс-шарада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аппарат басшысы Әлібек Ахмедьяров құттықтау сөз сөйлеп, Агенттіктің ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік шығарма» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. «Ең үздік шығарма» байқауына белсенді қатысқаны үшін Гүлжахан Үсенова «Алғыс хатпен» марапатталады. Академияның Басқару институтының магистранты Динара Жүнісова ІІІ орынды иеленгені үшін, Академияның Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Жанар  Тайжанова жүлделі  ІІ орынды, Агенттіктің Жұртшылықпен байланыс департаментінің бас сарапшысы Гаухар Ерқанатқызы І орынды  иеленгені үшін марапатталады.

Тілдік құзыреттілікті дамыту кабинетінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік кешке Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының өнерлі актерлері мен әншілері келіп, көрермендерге рухани-танымы мол шығармаларын орындап, жақсы көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар Академияның Модульдік оқыту бойынша «Мемлекеттік басқару» және «Өңірлік даму» мамандықтарының магистранттары белсенділік танытып, өнерлерін көрсетті.

Барлығы
05
Қыркүйек
Академия сарапшылары Жолдауға қатысты пікірлерімен бөлісті

Академияның осы жылғы курстары мен оқыту бағдарламалары Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді қамти отырып, заман талабына сай толықтырылатын болады. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл және Академия сарапшылары Президент Жолдауындағы негізгі бастамалар мен нақты тапсырмалар жайлы пікір білдірді.

1 қыркүйек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Ректор жаңа оқу жылында Академияның білім бағдарламалары Жолдауда айтылған мәселелерді қамти отыра толықтырылатынын айтты.

«Мемлекет басшысы Жолдауда алдағы үш жылда орындалуы тиіс міндеттерді, тапсырмаларды атап айтты. Оның ішінде кадр тапшылығы, сапалы мамандарды даярлау туралы да тапсырма берді.
Алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы жылғы курстар мен оқыту бағдарламалары Жолдауда айтылған өзекті мәселелерді қамти отырып, заман талабына сай толықтырылатын болады. Сайланған әкімдердің біліктілігін арттыру арнайы бағдарламалар бойынша жүргізіледі», – деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Әбіл елімізде мемлекеттік басқару саласындағы маман тапшылығы мәселесін шешуде Академия қандай рөл атқаратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы назар аударған мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша жүйелі жұмыс жалғасады. Реформаларды сапалы жүзеге асыратын білімді, білікті, жаңа идеялары бар, креативті саяси кадрлар резервін құруды тапсырды. Президент Әкімшілігімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе бұл бағыт бойынша да жұмыстарды жалғастырамыз. Академия осы жылдың ақпан айында «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білім беретін 30-ға жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатты. Меморандум аясында ортақ білім бағдарламаларын дайындау, оқытушылармен, білім алушылармен алмасу көзделіп отыр. Осы бастама еліміздегі мемлекеттік басқаруда сапалы кадр даярлауға жол ашады деген ойдамын», – деді Ерлан Қуанышұлы.

Президент Жолдауда су секторына арнайы мән беріп, жеке министрлік ретінде құруды тапсырды. Ректордың айтуынша, Академия су секторы саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлауға да атсалысады.

«Сонымен қатар Президент су ресустарын тиімді басқаруды тапсырды. Бұл уақытылы қабылданған шешім деп есептеймін. Көрші елдермен тиімді әрі жүйелі байланыс орнату, достық пен серіктестікке негізделген «су дипломатиясын» жүргізу қажет ететінін атап өтті. Осы ретте Академия «Орталық Азиядағы су секторында жоғары білімді нығайту» жөніндегі Erasmus+ жобасының белсенді мүшесі екенін атап өткім келеді. Бұл жоба су секторы саласындағы мамандардың жаңа буынын даярлау жолында тиімді зерттеу алаңы болмақ», – деп атап өтті ол.

Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының аға оқытушысы Жамиля Сариева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының халқына жасаған Жолдауында басымдық еліміздің экономикалық моделіне берілгенін айтты.

«Қазіргі таңда экспорттық-шикізат экономика моделі өзекті емес екенін көрсетіп отыр. Бұл Дүниежүзілік банктің соңғы онжылдықтағы ЖІӨ-нің теріс өсуімен қамтамасыз етілген сандарымен расталуда.

Сонымен қатар, экономикалық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін ең алдымен заңнамалық салада тұрақтылық қажет, себебі, егер заңдарға жыл сайын түзетулер енгізіле берсе, онда бизнес құрылымдары толықтай өсіп-өнуге мүмкіндік алмайды. Бизнес, әсіресе салық және бюджет кодексінде тұрақтылықты күтеді. Либерализация жүргізіп, көптеген процедуларды қарапайымдату қажет. Міндетті түрде экономикалық реформалауды жүргізуде Президент белгілеген «Әділ қоғам» қағидаларын жүзеге асыруды маңызды деп санаймыз, яғни табыстар ең алдымен қоғамның мүдделеріне жұмыс істеу керек», – дейді ол.

Сариева атағандай, қажетті қадамдардың бірі ретінде креативті экономиканы құру және қолдау, яғни технологияларды дамыту, тарту, содан кейін жаңа өндірістерді құру маңызды.

«Аталған модель Қазақстанға алға серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Осыған қатысты алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі – ол экономиканы әртараптандыру және креативті экономика артықшылықтарын қолдану арқылы мықты өнеркәсіптік негізді қалыптастыру мен экономикамыз өзімізді толықтай қамтамасыз ете алатын жағдай жасау болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда басымдық қойған отандық кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, экономикаға инновациялар арқылы жаңа дем беру қадамдарын толықтай қолдаймыз», – деді Жамиля Сариева.

Қолданбалы зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері  Жанат Момынқұлов Президент Тоқаевтың жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігін құру туралы шешімі бұрыннан пісіп жетілген, уақыты келген саяси негізделген, аса маңызды мәселе екенін айтады.

«Осы уақытқа дейін елдегі су мәселелері Су ресурстары комитеті деңгейінде шешіліп, экологиямен байланыста қарастырылып келді. Ал көрші елдерде су мәселелері ұлттық агенттіктер (Ресей, Қырғызстан) және жеке министрліктер (Өзбекстанда – жеке «Су шаруашылығы министрлігі», ҚХР-да – «Су шаруашылығы министрлігі», Тәжікстанда – «Энергетика және су ресурстары министрлігі») деңгейінде шешіледі. Бейінді министрлік құру су саласының стратегиялық маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, су ресурстарын тиімдірек басқару жөніндегі мемлекеттік мүдделерді жан-жақты қарап, кеңінен қорғауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы жылдары еліміздегі су мәселелері, әсіресе Орталық Азия аймағындағы трансшекаралық өзен мәселелері, Арал теңізінің салдары өткір бола түседі. Бұған қоса, аймақтан тыс ірі көрші елдермен де ортақ өзен мәселелері бары рас. Осы ретте, алдағы кезеңде су дипломатиясын дамыту да қажет. Бұдан бөлек, қазір Каспий теңізінің және Балқаш көлінің де геостратегиялық салмағы арта түсуде», – деді Момынқұлов.

Маман Қазақстан жоғарырақ, таулы өңірде жатқан көрші елдермен бірлесіп, аймақта Кеңестік кезеңнен қалған су басқарудың тиімсіз тетіктерін қайта қарап, Орталық Азия аймағында су ресурстарын бірлесіп басқару жөніндегі ортақ келісімдерді қайта жасасуы қажет деп есептейді.

Шымкент қаласы бойынша филиал доценті, саяси ғылымдар кандидаты Сауле Рысбаева да Президент еліміздің дамуының барлық өзекті мәселелерін қамтыды деп есептейді.

«Олардың басым бөлігі экономикаға арналған. Энергетика, көлік, аграрлық сектор, қаржы, цифрландыру, креативті индустрия – бұл көп жылдарға қоғамның дамуын айқындайтын салалар. Бұл Жолдау болашақ дамудың негізін қалайтын мәселелерді қамтиды. Әсіресе, еліміздің адами капиталын дамыту, барлық бағыттарды жүзеге асыру үшін қажет екенін атап көрсетті: «Біріншіден, қоғамдық сана мен азаматтардың ұмтылысын өзгерту қажет». Жолдауда Президент міндеттер қойып қана қоймай, белгілі бір мәселені шешудің құралдарына үнемі жүгініп, пікірлерін білдіріп отырады. Біз ұсынылған бағдарламаны құптаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті жаңа Жолдауымен танысу барысында аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігінің біртіндеп артатынына қуандым», – дейді Рысбаева.

Сарапшы атағандай, саяси реформалар жүйелі түрде өз жалғасын табады.

«Ауыл халқын ел басқару және шешім қабылдау ісіне мүмкіндік беретін саяси шараның жалғасын табуы, әрине, ауыл халқының мүддесі үшін жасалған стратегиялық маңызы зор міндет. Азаматтардың жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болуы бұл «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасының жалғасы. Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс та өз жалғасын таба беретіндігіне тоқталған Президент, мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттілігіне де басымдық берді. Жоспарлардың айқын, ашық, қолайлы, нәтижелі болуы маңызды деді. Бүгінде біздің қоғам мүшелері жаңа, тың идеялар мен тәсілдерді, оларды іске асыратын жас кадрларды қажет етеді. Осы мақсатта өздеріңізге мәлім, саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резерві қалыптасқан», – деді ол.

Сәуле Рысбаева атап өткендей, ХХІ ғасыр ақпараттық-технологиялық қоғам дәуірі, кәсібилікті, кәсіби мәдениеттілікті талап ететін дәуір.

«Тың идеялар мен жасампаз жаңалықтардың дәуірі. Бұған лайық болу қазіргі жаһандану процесінде сапалы мамандар, кадрлар даярлау арқылы ғана болады. Бұл кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы», – дейді ол.

Ал Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, ғылым магистрі Нұрбай Досановның айтуынша, бүгінде су қорының проблемасы біршама мемлекеттерде ең өткір проблема болып отыр, оның ішінде Қазақстан да бар және өте күрделі.

«Мұны Президентіміз соңғы жолдауында «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді» – деп суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтуды және бір ғана дақыл түрін егуді шектеу керек екенін, сонымен қоса 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін назарға ұсынды. Шындығында да су – шектеулі ресурс. Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Сондықтан бүгіннен бастап трансшекаралық суларды үнемді және дұрыс пайдалану әрбір қазақстандықтың басты мақсатына айналуы тиіс», – деді ол.

Академия магистранты Жанар Махажанова Қазақстанның креативті секторының халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуына барлық мүмкіндігі бар деп есептейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі шығармашылық индустрияны дамыту үшін жағдай жасаудың маңыздылығына назар аударды.

«Креативті индустрия – инновациялық және креативті өнімді құрудың интеллектуалды идеясы мен өзіндік көзқарасына негізделген әлемдегі экономиканың ерекше бағыты. Әлемдік аренада Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ және т.б. сияқты елдер бұл саланың көшбасшылары болып табылады. Дегенмен, Қазақстанның халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті креативті секторды қалыптастыруға барлық мүмкіндігі бар. Қазір елімізде сапалы әрі қызықты шығармашылық туындыларды жасап жүрген отандастарымыз көбейіп келеді. Оған дәлел – Димаш Құдайберген, оның талантының арқасында Қазақстан шекарасынан тыс жерлерде де танымал болды», – деп атап өтті креативті индустрия саласының сарапшысы.

Сарапшы креативті сектор енді мемлекет тарапынан қолдауға ие болатынына сенімді.

«Бүгінде креативті индустрияны дамыту мақсатында «2025 жылға дейін крективті индустрияны дамыту тұжырымдамасы» әзірленді, креативті индустрия субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету аясында бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер енгізілді және креативті салаға қатысты экономикалық қызмет түрлері классификаторының тізімі бекітілді. Яғни «сең қозғалды», енді креативті секторға мемлекет тарапынан лайықты назар аударылып, қолдауға көрсетіледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының креативті экономикасын дамыту тұжырымдамасының мақсатты индикаторы өнімділігін береді және 2025 жылға қарай креативті сала Қазақстан экономикасына қосатын үлесін 5 пайызға дейін жеткізеді деген сенімдемін», – деді Жанар Махажанова.

Дипломатия инсти­туты­ның ассистенті Бауыржан Баг­лай Су министрлігінің құрылу маңызы­на тоқталды.

«Әлемдік тәжірибеде water governance ұғымы мемлекет тарапынан су ресурсын жүйелі басқару мен тиімді падалануды көздейді. Қазақ­станға Орталық Азиядағы су ре­сурс­тарының 18 пайыздан аста­мы ғана тиесілі екені мәлім, сәйке­сінше еліміздегі су қорының 40 пайыз­­ға жуығы көрші мемлекет­терден келеді. Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі су саясатын ілгерілететін, су инфрақұрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар беріп, оның орындалуына жауапты болуы қажет. Сонымен қатар өз құзыреттілігі шеңберінде транс­шекаралық су ресурстары бойынша келіссөздер мен талқылауларда мем­лекеттік мүддені қорғауда ба­сым­дыққа ие болмақ. Сонымен бірге салалық ведомства ретінде су мәселелері бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдар мен өзге де мүдделі тараптармен байланысты жаңа деңгейге көтеруге, сол арқы­лы елімізге суды тиімді пайдалану бойынша жаңа технологиялар ен­гізуге мүмкіндік тумақ. Орталық Азия өңірінің ауыл шаруашылығының 75 пайызы суармалы екенін әрі еліміздің тө­мен­гі ағыста орналасуы су ресур­сы бойынша көрші елдермен тиімді әрі жүйелі байланыс орнату, достық пен серіктестікке негізделген «су дипломатиясын» жүргізуді қажет етеді. Осы ретте аталмыш ведомство өзге де мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлесіп әрекет етуі тиіс», – дейді ол.

Академия магистранты  Нұржауған Қалауов та Президенттің халыққа арнаған Жолдауына қатысты пікірін білдірді.

«Президент Жолдауын Қазақстан Респубикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистранты ретінде академия қабырғасында тыңдадым.Әр Жолдаудан халықтың ерекше үмітпен ел болашағына өзгерістер әкелетін жаңалық күтетіні белгілі. Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдай кезеңінде жаһандық экономика түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Саяси текетірестер дәстүрлі транзиттік сауда қатынастарын бұзды. Бұл мемлекеттер арасындағы экономикалық қатынастарды қайта қарауға әкеліп отыр. Ішкі-сыртқы сын-қатерлер жаңа экономикалық бағыттарды айқындауды қажет етіп отыр. Осыларды саралай келе Президент Жолдауында Үкіметке кезек күттірмейтін міндеттерді шұғыл қолға алуды тапсырды», – дейді Нұржауған Серікұлы.

Үш жыл мерзімде жаңа экономиканың негізін қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Шикізаттан біртіндеп арылып, өзімізді қамтамасыз ететін экономиканы дамыту, әртараптандыруға басымдық берілмек.

«Ірі өнеркәсіп пен шағын кәсіпкерлікті дамытуда отандық өнім берушілерді қорғау, сатып алу заңнамасын оңтайландыру, отандық қорғаныс өнеркәсібі тапсырысына басымдық беру баса айтылды.Кез-келген дағдарыс қиыншылықтармен қатар жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Еліміздің оңтайлы географиялық орналасуы, шикізат қорының мол мүмкіндіктері алыс-жақын мемлекеттердің бізбен экономикалық қатынастарын дамытуға мүдделі екенін байқауға болады. Президенттің шебер дипломатиялық қарым-қатынастар арқылы әлемнің белді елдері басшыларымен келісімдерді жиілетуі, осы жаңа экономикалық саясатқа бағыттың көрінісі. Жолдауда әсіресе ауыз су қауіпсіздігіне баса мән берілді. Әлемде ауыз су мәселесі экологиялық мәселелермен қатар алдыңғы орынға шығып отыр. Таяу Шығыс, Африка құрлығы елдерінде бұл мәселе ушығып тұр», – дейді Нұржауған Серікұлы.

Жаһандық климаттың өзгеруі, трансшекаралық су көздеріне тәуелділік біздің елде де жақын кезеңде ауыз судың өзекті мәселеге айналатынын көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық, өнеркәсіп саласын дамыту, электр энергетикасын өндіруге де өз әсерін тигізеді.
Осы жағдайларды терең саралай отырып, Президент нақты міндеттерді айқындап берді. Өзгермелі заманда елдің дамуына жаңа серпін беретін жаңа экономикалық саясат міндеттері жақын аралықта халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң өзгеріс әкеледі деген сенімдемін, – дейді Нұржауған Серікұлы.

Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Бұл туралы Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының аға оқытушысы, ғылым магистрі Нұрбай Досанов айтты.

«Бүгінде су қорының проблемасы біршама мемлекеттерде ең өткір проблема болып отыр, оның ішінде Қазақстанда бар және өте күрделі. Мұны Президентіміз соңғы жолдауында «Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді» – деп суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтуды және бір ғана дақыл түрін егуді шектеу керек екенін, сонымен қоса 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екендігін назарға ұсынды. Шындығында да су – шектеулі ресурс. Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Сондықтан бүгінен бастап трансшекаралық суларды үнемді және дұрыс пайдалану әрбір қазақстандықтың басты мақсатына айналуы тиіс», – деді ол.

Академияның Алматы қаласы бойынша филиалының профессоры Мәншүк Құсайынова да Жолдауға қатысты ойымен бөлісті.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент еліміздің дамуының барлық өзекті мәселелерін қамтыды, олардың басым бөлігі экономикаға арналған. Энергетика, көлік, аграрлық сектор, қаржы, цифрландыру, креативті индустрия және т.б. – бұл көп жылдарға қоғамның дамуын айқындайтын салалар. Бұл Жолдау болашақ дамудың негізін қалайтын мәселелерді қамтиды. Әсіресе еліміздің адами капиталын дамыту, барлық бағыттарды жүзеге асыру үшін қажет екенін атап көрсетті: «Біріншіден, қоғамдық сана мен азаматтардың ұмтылысын өзгерту қажет». Жолдауда Президент  міндеттер қойып қана қоймай, белгілі бір мәселені шешудің құралдарына үнемі жүгініп, пікірлерін білдіріп отырады», – деді ол.

Академияның Түркістан облысы бойынша филиалының профессоры Алмас Құралбаев қазіргі таңда ел экономикасы қарқынды дамыған мемлекет ретінде келе жатқанын атап өтті.  

«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бірнеше экономикалық кезеңдерден өтті. Егемендіктің алғашқы жылдары «Жалпыға ортақ әл-ауқат мемлекеті» қағидаттарына көңіл бөлген болса, қазіргі таңда ел экономикасы қарқынды дамыған мемлекет ретінде келе жатыр. Жолдау экономикалық дамудың жаңа бағытын ұсына отырып, жаңа бюджеттік саясат, жаңа басқару кадрлық құрылым, өнеркәсіптік және индустриалды ошақтардың жандануы мен білім, инновация және цифрлық даму бағыттарына кеңінен тоқталып өтті. Әлемдік геосаяси жағдайды тұрақсыздығы еліміздегі әлеуметтік-саяси және экономикалық ахуалын әсерін ескере келе, мемлекетіміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтауға, қоғамдық сананың оянып, отанға деген сүйіспеншілігі арқылы ел дамуына үлес қосуды шақырды. Президент өз жолдауын қорытындылай келе, бірігіп көтерген жүк жеңіл болатындығын сөз тиек етіп, Жаңа Қазақстанды құруда қоғамдық сананы өзгертуге, еліміздің табиғи байлығын әрбір қазақстандыққа әділетті бөлінуін және жарқын болашаққа оң көзқараспен қарауға шақырды», – деді ол.

Барлығы
01
Қыркүйек
Конституция күніне арналған сараптамалық кездесу өтті

Бүгін Академияда Парламентаризм институты, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, «Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы сарапшылары мен өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Конституциясы күніне арналған сараптамалық кездесу ұйымдастырылды.

Барлығы

Your browser does not support SVGs