Академия
жаңалықтары

27
Қаңтар
Италияда Эрасмус+ жобасының алғашқы кездесуі өтті

2024 жылдың 21-23 қаңтарында Академияның вице-ректоры Ұлан Абдилкаилұлы Бекіш Италияның Генуя қаласында «Орта Азия елдеріндегі білім беру және жұмыспен қамту секторларындағы қоршаған орта мәселелерін, әлеуметтік қажеттілік және тиімді басқару принциптерін біріктіру» (Bridging Environmental Concerns, Societal Needs, and Good Governance in Central Asian Education and Employment Sectors) атты Эрасмус+ жобасының алғашқы кездесуіне қатысты.
Кездесуге Еуропа мен Орталық Азияның 15 жоғары оқу орнынан келген өкілдер қатысты. Жиын барысында консорциум мүшелері өздерінің негізгі қызметімен таныстырып, презентациялар жасады.
Кездесудің күн тәртібінде жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері, жоспарлары және күтілетін нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылып, басқару, бюджет және есеп беру мәселелері бойынша жауапкершілік аймақтары белгіленді.
Аталған жоба Орталық Азияның жоғары оқу орындарында экологиялық және әлеуметтік мәселелерді тиімді басқару саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған. ESG (Environment – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, Social – әлеуметтік жауапкершілік, Governance – тиімді басқару) принциптерін негізге ала отырып, келесі жұмыстар жоспарланып отыр: ESG принциптері бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу; зерттеу және инновациялық орталықтар ашу; тағылымдама бағдарламаларын ұйымдастыру; қоршаған ортаны қорғау бойынша оқу бағдарламаларын күшейту; университеттер, бизнес, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Бұл бастама аймақтағы университеттердің экология, әлеуметтік жауапкершілік және тиімді басқару салаларында зерттеулер мен бағдарламалар әзірлеу әлеуетін арттырып, оларды еңбек нарығының сұраныстарына бейімдеуге мүмкіндік береді

Барлығы
23
Қаңтар
ТҮРІКМЕНСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСУ

2025 жылдың 23 қаңтарында Академияда Түркменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Реджепов Батыр Дурдымуратовичпен кездесу өтті.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, оның ішінде Академия мен Түркменстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне қарасты Халықаралық қатынастар институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру мәселесі талқыланды. Тараптар ғылым саласында, білім беру бағдарламалары және тәжірибе алмасу бойынша белсенді түрде ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін айтты.

Академия магистранттары мен докторанттарының қатысуымен дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу мүмкіндігі, сондай-ақ тағылымдама және кәсіби байланыстарды нығайту мақсатында делегациялармен алмасу мәселелері қарастырылды.

Кездесу нәтижесінде тараптар ұсынылған бастамаларды іске асыруға дайын екендерін білдіріп, Қазақстан мен Түркменстан арасындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Барлығы
25
Желтоқсан
МОДУЛЬДІК ОҚЫТУ ҚАҒИДАТЫ БОЙЫНША ҮМІТКЕРЛЕРДІ ІРІКТЕУ АЯҚТАЛДЫ

Модульдік қағидаты бойынша магистрлік білім бағдарламаларына Академияға оқуға түскен магистранттарды шын жүректен құттықтаймыз!

«ЕМРА – Мемлекеттік басқару» және «MRDm – Өңірлік даму» магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша барлығы 158 үміткерден құжат қабылданды. Іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен 43 (ЕМРА – 34, MRD – 9) азамат оқуға қабылданды. Олардың 21-і (49%) квазимемлекеттік сектордан және мемлекеттік органдардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдарынан, 17-і (39%) мемлекеттік қызметші және 5-еуі (12%) мәслихат депутаттары.

Оқуға түскендердің 97,7%-ы, яғни 42 адам басқарушылық лауазымда қызмет етеді. «Мемлекеттік басқару» білім бағдарламасына оқуға түсішулердің орташа жасы – 39, «Өңірлік даму» бағдарламасында – 31 жас.

Оқу 2025 жылдың 13 қаңтарында басталады. Білім алушыларға сәттілік тілейміз! Практикаға негізделген оқуды жұмыспен қатар алып жүру сіздерге қызметте жаңа белестерге жетуге септігін тигізеді деген сенімдеміз!

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1-30 қараша аралығында Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыратын мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері, мәслихат депутаттары үшін магистратура бағдарламаларына қосымша қабылдау жүргізілді.

Барлығы
13
Желтоқсан
Қаржыны басқарудың өзекті мәселелері

Бүгін «Даму күні» аясында Экономист + пікірталас алаңында қаржыны басқарудың өзекті мәселелері талқыланды.Дәріске Академия білім алушылары мен қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ Тұран, Астана университетінің докторанттары, магистранттары, профессорлары онлайн форматта дәріс тыңдады. Экономика, қорғаныс, энергетика секторлары сияқты салалардағы америкалық «Трампоралли» нарығына егжей-тегжейлі шолу жасалып, қордың жұмыс істеуінің өзекті мәселелері талқыланды. IShares Bitcoin Trust (IBIT) қызметіне де талдау жүргізілді. Инвестициялық портфельдегі тәуекелдерді басқару құралдары, опциондық мәмілелердің мүмкіндіктері ұсынылды.

Докторанттар мен магистранттарды криптовалюта компаниялары мен қорларын басқару мәселелері қызықтырды. Кездесу барысында Астана қаласы бойынша Nomad life өңірлік директоры Мират Жекенов сақтандыру нарығының жұмыс істеу мәселелерін, сақтандыру сыйлықақыларының сақталу кепілдігі, салық жеңілдіктері жайлы айтып берді. Профессор А. Б. Зейнелгабдин макрожүйенің барлық субъектілерінің инвестициялық қызметін жандандыру және бәсекеге қабілетті нақты секторды қалыптастыру контекстіндегі қаржы нарықтарының рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Барлығы
09
Желтоқсан
Бас сарапшы-комплаенс офицері тағайындалды

Академия ректорының бұйрығымен 2024 жылғы 2 желтоқсанда Оракбаева Салтанат Шохановна Академияның бас сарапшы-комплаенс офицері болып тағайындалды.

Комплаенс офицер қызметінің негізгі мақсаты – Академияда Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың іске асырылуына мониторинг жүргізу. Сондай-ақ қызметі Академияның барлық қызметкері мен тыңдаушылары арасында ашықтықты, адалдықты қамтамасыз ететін ішкі корпоративтік мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық, кемсітушілік, әдепсіз мінез-құлық және басқа да бұзушылықтар, сонымен қатар ескертулер мен ұсыныстар туралы сенім телефонына хабарласа аласыздар:

Байланыс нөмірі: 8-7172-753141

Электрондық пошта:  s.orakbayeva@apa.kz

WhatsApp: 8777-677-90-90

Барлығы
06
Желтоқсан
Мемлекеттік басқарудағы ғарыштық мониторинг

Бүгін Академияда «Даму күнінде» кеңістіктік деректерді талдау департаменті директоры Берік Рахымжановпен кездесу өтті. Дәріске қызметкерлермен қатар білім алушылар қатысып, пікір алмасты. Кездесуде спикер «Мемлекеттік басқарудағы ғарыштық мониторинг»  тақырыбында сөз сөйлеп, бірнеше өзекті мәселелерді көтерді.

Спикер ғарыштық мониторингтің арқасында пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 2503 жағдайын анықталғандығын, мемлекеттік органдар үшін шешім қабылдауға қажетті аналитикалық ақпаратпен қамтамасыз ету жүйесі екендігін айтты. «Қазақстанның ғарыштық мониторингі-цифрландырудың тиімді құралдарының бірі. Аналитикалық деректерді пайдалану кең аумақтарды, соның ішінде шалғай және шалғай аймақтарды бақылауға мүмкіндік береді. Ғарыштық деректер мұрағаты көптеген жылдар бойы экологиялық жағдайға салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік береді» – деді Берік Рахымжанов.

Даму күні аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы Академия магистранттарымен, докторанттарымен және қызметкерлерімен кездесті. Тыңдаушыларға «Қаныш салған жол – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында мемлекеттік қызметшілерге Қаныш Сәтбаевтың мемлекетшілдігі, ғылымды дамытуға қосқан үлесі және қазақ халқының қалыптасуында руханиатқа қосқан ықпалы туралы айтты. Қаныш Имантайұлының бойындағы қандай қасиеттер біздің мемлекеттік қызметшілерге, жастарға үлгі болатынын атап өтті. Биыл қазақтың көрнекті геолог-ғалымы, академигі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды. Академиктің еңбегінің арқасында Қазақстанның бүгінгі инновациялық және ғылыми әлеуетінің іргетасы қаланды.

Қаныш Сәтбаев геология ғылымының барлық бағытты бойынша кең ауқымды қызмет атқарды. Сенатор әйгілі ғалымның мұрасын дәріптеу және академиктің Қазақстан ғылымы мен геологиясына қосқан зор үлесіне тоқталып өтті. Алтынбек Нухұлының айтуынша, Қаныш Сәтбаев отандық металлогендік мектептің негізін қалаушы ретінде танылды. Ол әзірлеген формациялық металлогендік талдаудың кешенді тәсілі геология ғылымы мен практикасы үшін үлкен мәнге ие болды. 1958 жылы әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдесі жоқ Орталық Қазақстанның металлогендік болжамды карталарының әдіснамалық негізін әзірлегені және құрастырғаны үшін қазақ ғалымы жоғары мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Академик  Қаныш Сәтбаевтың мүдделерінің ауқымы ерекше кең және алуан түрлі болды. Ол қазақ тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің, этнографиясының, музыкасы мен фольклорының білгірі болған. Қаныш Имантайұлының Орталық Қазақстан аумағындағы археологиялық жұмыстары, педагогика мен әдебиет бойынша еңбектері қазақ ғылымы мен мәдениетінің дамуында маңызды рөл атқарды.

Алтынбек Нухұлы «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы ретінде елордадағы Қаныш Сәтбаев ескерткіші Монументалды кешенінің тұжырымдамасын әзірлеп, 2021 жылы ескерткіш тұрғызды. Кешеннің тұжырымдамасын толығынан 2022-2023 жылдары іске асырып, Астанада академик Қаныш Сәтбаев алаңы пайда болды және тағзым етер құдіретті орынға айналып келеді.

Барлығы
06
Желтоқсан
Әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрландыру

Бүгін Академияда «Даму күні» аясында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Президенті Арғандықов Дәулет Рашидұлымен кездесу өтті. Спикер «Әлеуметтік-еңбек саласындағы цифрландыру» тақырыбында дәріс оқып, өзекті мәселелерді көтерді.

Кездесу барысында білім алушылар Орталықтың бірыңғай ақпараттық жүйелерімен таныстырылып, бірқатар мемлекеттік органдармен интеграцияланған, әлеуметтік көмек көрсету бағытында азаматтарға 48 мемлекеттік, оның ішінде жеңіл, проактивті әрі жылдам түрде, адами факторлардың қатысуынсыз жүргізілетін қызметтер көрсетілетіндігі жайлы ақпарат берілді.

Сондай-ақ, бірыңғай экожүйе – Электрондық еңбек биржасындағы кәсіби біліктілікті, дағдыларды дамыту платформалары, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жұмыспен қамту саласындағы қызметтер мен жұмысқа орналастыру порталдары туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік бар екендігі көрсетілді. Кездесу соңында білім алушылар спикермен пікір алмасып, алғыстарын білдірді.

Даму күні аясында Академия мен «Ауыл» партиясымен бірлесіп, «Ауылдық аумақтарды басқару» дискуссиялық алаңы аясында кезекті қонақ дәрісін өткізді. «Ауыл» партиясы Орталық аппаратының Ақпараттық-талдау бөлімінің бас сарапшысы Кадиров Бағдат Өтеубайұлының – «Ірі қара мал мен жылқы терісін өңдеу арқылы протеин өндіру және Ақкөл ауданында Қаз хабын дамыту» тақырыбындағы баяндамасымен басталып, «ОХМК» ЖШС бас директоры, «Ауыл» партиясының Шығыс Қазақстан өңірлік филиалының төрағасы Абитаев Фарид Құмашұлының «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту: өз шаруашылығы мысалындағы табысты стратегиялар» атты дәрісімен жалғасады.

Кадиров Бағдат ауылдық аумақтарды дамыту бойынша партия жобаларын, оның ішінде ірі қара мал мен жылқы терісінен протеин өңдеу, майлы дақылдар, сүт өндірісі проблемалары талқылады. «Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық салалардың бірі. Еліміз ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Саланы әрі қарай дамытып, жоғары деңгейге шығуымыз керек» – деді Абитаев Фарид.

Барлығы
06
Желтоқсан
СОР-29 қорытындысы және Қазақстанға ұсыныстар

Бүгін Академияда «СОР-29 қорытындысы және Қазақстанға ұсыныстар» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны Академияның Білім беру саясаты орталығы «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығымен бірлесе және Орталық Азия Университеті SIPA/IDDRI жобасының қолдауымен ұйымдастырды.

Семинар мемлекеттік қызметшілерді, магистранттарды, докторанттарды және Академия оқытушыларын Бакуде 12-22 желтоқсан аралығында өткен БҰҰ Климаттық конвенциясының тараптарының 29-шы конференциясының (СОР-29) қорытындылары туралы хабардар ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыру жоспары үшін ұсыныстар әзірлеу мақсатында өткізілді.

Шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Еран Нысанбаев, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Дидар Карымсаков, Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Академия ректоры Ерлан Әбіл сөз сөйледі. ҚР Президентінің жанындағы Жасыл экономика жөніндегі Кеңестің мүшесі, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры, доктор Бақыт Есекина семинар модераторы болды.

Семинарда SIPA/IDDRI жобасының аға сарапшысы (Франция) д-р Георгий Сафонов СОР-29 қорытындылары және Қазақстанда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы ақпарат берді. «Climate Strategies» аға сарапшысы Олег Плужников шараға онлайн қатысып, 6-шы бап аясында климаттық қаржыландыру механизмдерін дамыту туралы айтты, ал Орталық Азия университетінің ректоры д-р Кристофер Герри Орталық Азиядағы декарбонизацияны қолдаудағы университеттердің рөлі жайлы баяндама жасады.  «CHEVRON» АҚ стратегиялық кеңесшісі Блэр Блэквелл метанның инвентаризациясы және мониторингі бойынша «CHEVRON» тәжірибесімен бөлісті. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Жасыл Даму» АҚ департаментінің директоры Зуфар Токпаев Қазақстандағы парник газдарын инвентаризациялау бойынша жаңа тәсілдер туралы айтты. ISO және IAF-пен ынтымақтастық шеңберіндегі Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стандарттары туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі «КАЗСТАНДАРТ» өкілі Берик Ербосынов баяндады.

Семинар соңында белгілі коуч және Chapter Zero Kazakhstan даму жөніндегі директоры Наталья Бачинская «СОР-29 Қазақстан үшін» тақырыбында интерактивті воркшоп өткізді. Қатысушылар іс-шара барысында алған жаңа білімдерін тексеріп, Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыру бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеу ұсыныстарын берді. Қатысушыларға білімін жетілдіргенін растайтын сертификат табысталды.

Барлығы
06
Желтоқсан
Жаңа формация басшысы

Бүгін Академияда саяси мемлекеттік қызметшілерге арналған «Жаңа формация басшысы» оқу бағдарламасы аяқталды. Бағдарламаның жабылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.

Аудандар, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарының басшыларына арналған оқу офлайн және онлайн форматтарда 14 қазан мен 6 желтоқсан аралығында өтті. Оқу бағдарламасы Назарбаев Университетімен бірлесіп әзірлеген.

Оқыту байланыс, экономикалық және стратегиялық жоспарлау, адами ресурстарды басқару, көшбасшылық, инфрақұрылымды басқару сынды модульдерден тұрды. Тыңдаушылардың құзыреттерін қалыптастыру және жетілдіру мақсатында оқыту бағдарламасы кейстерді талдауға негізделді, сондай-ақ көшпелі және қонақтық сессиялар ұйымдастырылды.

«Президенттің тапсырмаларына сәйкес бүгінгі таңда азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлана отырып, мемлекеттік аппараттың жұмысы белсенді жетілдірілуде. Сондықтан ашықтық пен әділдік сынды іргелі қағидаттарға негізделген мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының жаңа моделін құру маңызды. Сіздер алған білімдеріңізді тәжірибеде қолданып, мемлекеттік аппаратқа деген сенімді арттыра отырып, өз аймақтарыңызда жаңа өзгерістерге бастамашы бола аласыздар деп ойлаймын», – деді Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай.

Қатысушыларға «Жаңа формация басшысы» оқу бағдарламасын сәтті аяқтағаны туралы сертификат табысталды.

Барлығы
02
Желтоқсан
Академияның жаңа вице-ректоры тағайындалды

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың бұйрығымен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректор лауазымына Оразалиева Эльмира Нұрланқызы тағайындалды.

Эльмира Нұрланқызы Академияда 2007-2014 жылдар аралығында әртүрлі қызметте еңбек еткен. 2014 жылдан бастап осы уақытқа дейін Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының қауымдастырылған профессоры қызметін атқарған.

2012-2013 жылдары LSE – Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, «Тіл саясатының қоғамдағы тиімділігі» тақырыбында жоба қорғаған.

Зерттеу салалары – когнитивтік лингвистика,  психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, паралингвистика, сөйлеу мәдениеті, мемлекеттік басқару саласындағы қазақ тілі, этнолингвистика, тіл және антропология.

Барлығы
29
Қараша
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы ел экономикасының стратегиялық мақсаттары

Бүгін Академияда Даму күні аясында ҚР Ұлттық банкінің тұңғыш төрағасы, мемлекеттік қайраткер, танымал экономист Ғалым Байназарұлы Байназаровпен кездесу өтті. Кездесу «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы ел экономикасының стратегиялық мақсаттары туралы» тақырыбында өтті. Жиында танымал экономист мемлекет басшысының Жолдаудағы ел экономикасының әлеуетін көтеру жолындағы өзінің ойларымен бөлісті.

Кездесу соңында Ғалым Байназарұлы экономиканы әртараптандыру мен оның әлеуетін көтеру тетіктерін дамыту бойынша Академия тыңдаушыларымен байланыста болатынын жеткізді. Сонымен қатар оқу орнынының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, қызметкерлер мен білім алушыларға толағай табыстар тіледі. Шараға қатысқан магистранттар спикерге өз сұрақтарын қойып, жауап алды. Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы Ғалым Байназарұлына ризашылығын білдірді.

Академияның 30 жылдығы аясында өткен Даму күнінде қоғам қайраткері, Abai TV тележүргізушісі, мүгедектігі бар тұлғалардың құқығын қорғау және ESG бойынша кеңесші Алмаз Ержанмен кезекті кездесу өтті. Кездесу барысында Алмаз Ержан инклюзия, мүгедектігі бар жандардың қоғамдағы рөлі, құқықтары және оларды жұмыспен қамту мәселелері туралы айтты. Спикер дәріс барысында шетелдік тәжірбиемен бөлісіп, статистикалық деректер ұсынды. Кездесуге қатысқан мемлекеттік қызметшілерге мүгедектігі бар тұлғаларды жұмысқа қабылдау барысында қандай мәселелерге көңіл бөлу керектігі, қоғам оларға қандай қолдау көрсету керектігі айтылды.

«Мүгедектігі бар тұлғалар – көрінбейтін адамдар сияқты. Керісінше, оларды қоғамға етене араластырып, барлығымен тең дәреже қарау керек. Әлемде 1500 000 000 адамның мүгедектігі бар», – деді Алмаз Ержан өз сөзінде. Кездесу барысында Академия қызметкерлері мен білім алушылары да өз ойларын ортаға салып, спикерге алғыс білдірді.

Барлығы
29
Қараша
Күзгі бал кеші өтті

Бүгін Академияда Магистранттар мен докторанттар кеңесінің ұйымдастыруымен Күзгі бал кеші өтті. Мерекелік кеште білім алушылар өнер көрсетіп, вальс биледі. Академияға арнау өлеңін оқып, әуезді ән шырқады.

Қазылар алқасының шешімімен  байқауға қатысушы 5 жұп түрлі номинациялар бойынша марапатталды.

«Мемлекеттік саясат» білім беру бағдарламасының магистранттары Қожаханов Аслан мен Абланова Любовь Күзгі балдың ПАТШАСЫ МЕН ПАТШАЙЫМЫ атанды!

«ЕҢ ТАРТЫМДЫ ЖҰП» – «Адами ресурстарды басқару» білім беру бағдарламасының магистранттары Райымбек Әділет пен Бөкен Әсел

«ЕҢ СҮЙІКТІ ЖҰП» – «Өңірлерді дамыту» білім беру бағдарламасының магистранттары Бикеев Алдияр мен  Нұрлан Аяулым

«ЕҢ СҮЙКІМДІ ЖҰП» – «Экономика» білім беру бағдарламасының магистранттары Бакешов Даурен мен Меңлібек Ақмарал

«ХАРИЗМАСЫ ЕРЕКШЕ ЖҰП»– «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының магистранттары Асылбеков Дастан мен Нұркен Қазына

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Қоңыр күзде ауа райы суытқанымен, жүректеріңіз жылулыққа толы болсын!

Барлығы
21
Қараша
Академия – рухани құндылықты қалыптастыратын орда

Мемлекеттік қызметкерлер Академияда білім алумен қатар рухания даму мәдениетін қалыптастыруда. Бүгін Академияның 30 жылдығына арналған «Академия – рухани құндылықты қалыптастыратын орда» тақырыбында рухани-танымдық лирикалық кеш өтті. Іс-шараның мақсаты – ұлтық салт-дәстүрлер мен өлең-жырларды рухани құндылықтардың негізі ретінде мемлекеттік қызметкерлер арасында дәріптеу.

Кеш барысында магистранттар мен докторанттардың қатысуымен халқымыздың берекелі де рухты елдің тұрмыс-тіршілігінде кездесетін,  жас ұрпақтың өмір жолы ашық болсын деген ниетпен жасалған «Тұсау кесу» дәстүрі мен халықтың қыз балаға деген құрметін «Қыз ұзату» рәсімі  арқылы көрсетті. Сонымен қатар халқымыздың өміріндегі аса құнды жәдігері, ұлттық мәдениетіміздің алтын арқауы айтыс өнеріне де кезек беріліп, мазмұны терең, рухани танымы мол Отан, ана, махаббат тақырыбына арналған өлеңдері оқылып, қазақтың дәстүрлі ән-жырлары жоғары деңгейде орындалды. Еліміздің ертеңі мен мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты жастардың қолында. Танымдық кешті өте мазмұнды өткізген магистранттар мен докторанттарға ризашылығымызды білдіреміз. Шығармашылық табыс және жетістіктер тілейміз! Шараны Академияның Тілдік құзыреттілікті  дамыту кабинеті ұйымдастырды.

«Даму күні» аясында KazAID «KazAID» «Қазақстандық халықаралық даму агенттігі» КЕАҚ Басқарма Төрағасы,  экономика ғылымдарының докторы Арыстанов Аркенмен кездесу өтті. Спикер  Қазақстан донор ел ретінде: дамуға ресми көмек жүйесінің  эволюциясы тақырыбында дәріс оқыды. Кездесу барысында Аркен Кенесбекұлы  KazAID қызметіне, Қазақстанның жаңа донор ретіндегі рөліне, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға тоқталды. Сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті, экономикалық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жайлы айтты.

«Дамуға ресми көмек (ДРК) Қазақстанның халықаралық мәртебесін және оның өңірдегі көшбасшылығын нығайту үшін «жұмсақ күш» құралы болып табылады» деді экономика ғылымдарының докторы Арыстанов Аркен.Кездесу дөңгелек үстел форматында өтті. Академия магистранттары мен докторанттары пікір алмасып, өз сұрақтарына жауап ала алды. Дипломатия институтының профессоры Камилла Галимовна спикерге қызықты әрі мазмұнды дәрісі үшін алғысын білдірді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде  Экономист+ клубының көшпелі сессиясы өтті. Қатысушылар электрондық үкіметті дамыту, мемлекеттік басқару мен азаматтарға қызмет көрсетуде Big Data және жасанды интеллектті пайдалану сияқты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.Баяндаманы Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Юсупова Айнұр Абдуахасқызы мен Академия докторанты Әділет Көшербаев оқыды. Сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдері Smart Data Ukimet, Qaztech платформасы, eGov 3.0 жобаларын таныстырды.

Сессияда Академия білім алушылары экономиканы цифрландыруға, мемлекеттік басқаруға қатысты мәселелерді өз жобаларын орындау тұрғысында талқылауға мүмкіндік алды. Көшпелі сессия нәтижесінде «ашық деректер» мәселелерін талқылау үшін алаң ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтылды.

«Даму күнінде» ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті, педагогика ғылымдарының кандидаты Тәңірбергенова Анар дәріс оқыды. Дәріс «Ауылдық аумақтарды басқару» дискуссиялық алаңының кезекті кездесуі негізінде өтті. Шара барысында Анар Шынболатқызы Ауыл мектептерінің бүгіні мен келешегіне тоқталып, елді мекендердегі мектептерді дамыту, заманауи талаптарға сай жабдықтау, мұғалімдердің біліктілгін арттыру мәселелерін көтерді. Спикер қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою қажеттігін, Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңыздылығын атап өтті.

Бүгін «Даму күні»  аясында білім беру саясаты орталығы профессор-оқытушылар құрамы үшін әдістемелік семинар ұйымдастырды. Әдістемелік семинар  «Академиялық ортада жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбы шеңберінде өтті. Спикер ретінде  «Strikeplagiarism» антиплагиат компаниясының өкілі, бизнесті дамыту жөніндегі менеджер Кужиева Ақмарал Серікқалиқызы сөз сөйледі.

Семинар барысында төмендегідей тақырыптар талқыланды.

– Плагиат пен жүйені айналып өтудің алдын алу бойынша керекті шаралар;

– Академиялық ортада жасанды интеллектті қолдану мәселелері мен мүмкіндіктері;

– Адаптивті оқытудағы жасанды интеллекттің рөлі;

– AI мазмұнын анықтау туралы есепті қалай түсіндіруге болады?

– 2024 жылығы жасанды интеллекттің жаңа мүмкіндіктері.

Барлығы
20
Қараша
Еуропалық Комиссия делегациясымен кездесу өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдерінің қатысуымен Еуропалық Комиссия делегациясымен кездесу өтті. Кездесу барысында күн тәртібіне енгізілген аймақтық даму, жергілікті өзін-өзі басқару және орталықсыздандыру сұрақтары талқыланды.
Академия өкілдері өздерінің негізгі қызмет бағыттары туралы ақпарат беріп, оқыту мен зерттеу саласындағы жұмыстарымен бөлісті. Еуропалық Комиссия өкілдерінің бұл сапары Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды ілгерілету мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында ұйымдастырылған.

Барлығы
19
Қараша
Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдығына арналған пошта маркасы таныстырылды

Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы үшін тарихи күн – 30 жылдық мсерейтойға арналған пошта маркасы салтанатты түрде таныстырылды.

«Қазпошта» АҚ алғаш рет «Естелік және мерейтойлық даталар» сериясы бойынша Академияның 30 жылдығына арналған пошта маркасын шығарды. Мерейтойлық марканы қолданысқа енгізу рәсіміне Академия ректоры Ерлан Әбіл және «Қазпошта» Басқарма төрайымы Әсел Жанасова қатысты.

Академияның қалыптасу және даму тарихы мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты. Академия мемлекеттік аппаратта адами капиталды арттыруға барынша үлес қосып келеді. Ректор бүгінгі шара оқу ордасы үшін тарихи әрі өте маңызды екенін айтты.

«Мерейтойлық пошта маркасын шығару – біз үшін ерекше әрі алғаш рет болып отыр. Бұл Академия үшін ғана емес, еліміздің мемлекеттік басқару саласы үшін де тарихи оқиға.  Академияның мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі ерекше. Біз тек мемлекеттік органдармен ғана емес, сондай-ақ ұлттық компаниялармен, квазимемлекеттік ұйымдармен де тығыз байланыстамыз. Мақсатымыз – Президенттің алдымызға қойған мақсат-міндеттерін орындау, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыс жүргізу. Серіктестік аясында Академияның Ассессмент-орталығы осы жылы «Қазпошта» қызметкерлерінің құзыреттіліктерін анықтады. Әріптестігіміз одан әрі жалғасады деген сенімдемін», – деді Ерлан Қуанышұлы.

«Қазпошта» Басқарма төрайымы Әсел Жанасова Академияны мерейтойымен құттықтап, шараның маңыздылығын атап өтті.

«Академия еліміздің болашағына, жаңа формациядағы беделді кадрларды даярлаудағы үлкен  қызметтеріңізді бағалаймыз. Биыл біз «Қазпошта» қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды бастадық. Академия үлкен жетістіктерге жете берсін. Пошта маркасы – тарихта қалатын дүние. Келешек ұрпақ осы пошта маркалары арқылы тарихты еске алып отырады. Академияны бүгінгі тарихи мерекесімен құттықтаймын. Болашақта жетістіктерге бірге жете берейік», – деді Әсел Жұбанышқызы.

Қолданысқа енгізілген маркада Академия ғимараты және көк түсті 30 жылдық мерейтой логотипі бейнеленген. Бір парағында 4 маркасы бар естелік пошта маркасы төрт бояулы офсетті баспада жасалған, перфорациясы – жоталы. Марканың номиналы – 500 теңге, таралымы – 5000 дана. Академияның 30 жылдығына арналған пошта маркасын қолданысқа енгізу рәсімінде екі мекеме басшысы арнайы пошталық штемпельмен конвертке мөр басып, қолын қойды.

Барлығы

Your browser does not support SVGs