Бүгін елордада алғаш рет Академияның 30 жылдығына орай Elge Qyzmet Run спорттық жүгіруі өтті. Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Президенттік Академия түлектерінің альянсы алғаш рет ұйымдастырды.
Аталған іс-шара Триатлон паркінде өтті. Жүгіруге салауатты өмір салтын ұстанатын 400 адам қатысты. Олардың басым көпшілігі – мемлекеттік қызметшілер. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, қызметшілері және елорда тұрғындары жүгіру мәдениетін қалыптастыру идеясын қолдап, қайырымдылық шарасына белсенді түрде атсалысты. Жүгіру шарасына еліміздің өңірлерінен де келген және өз өңірінде қатысқан Академия түлектері болды.
Академия магистранты, мемлекеттік қызметші Арсен Губашев шараға қатысуға біраз уақыт дайындалған.
«Бүгінгі ELGE QYZMET RUN спорттық жүгіру жарысына Академия магистранттары түгел қолдап қатысты. Жүгіруге өтетіні туралы білген күннен бастап дайындалдым. Бұл шара бірінші кезекте салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Батыс Қазақстан облысы, Орал шаһарында көп жылдан бері жүгірумен айналысып, спортты насихаттап жүрмін», – деді ол.
Elge Qyzmet Run алдағы уақытта елордамызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін спорттық шараға айналады деген үміттеміз. Жүлделі орын алған қатысушыларға марапатты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай табыстады. Спорттық жүгіруден жиналған қаржы толықтай қайырымдылыққа жұмсалады.
«Бүгін біз салауатты өмір салтын және жүгіруді насихаттап қана қоймай, тарихи сәттің куәсі болып тұрмыз. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және Президенттік Академия түлектерінің альянсы мұндай ауқымды спорттық жүгіру шарасын алғаш рет ұйымдастырды. Бұл шара алдағы уақытта елордамызда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін спорттық шараға айналады деген үміттемін. Серіктестерімізге, мемлекеттік қызметшілерге және қала тұрғындарына алғыс білдіремін», – деді Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы.
ELGE QYZMET RUN қатысушылары 10 км, 5 км және 2,5 км арақашықтық бойынша жүгірді. Барлық қатысушыға медаль берілді. Абсолютті жеңімпаздарға І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом мен сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі санатта жақсы нәтиже көрсеткен қатысушылар да жүлделі орындар иеленіп, сыйлықтармен марапатталды. Барлығы 90 қатысушы түрлі сыйлықтарға ие болды.