Жаңалықтар

ЕЛШІЛІК САҒАТЫ
АӨСШК – ҚЫЗМЕТТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

Академияда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы, Елші Қайрат Сарыбай «АӨСШК – қызметтің өзекті мәселелері және даму перспективалары» тақырыбында дәріс оқыды. Академия магистранттары, докторанттары мен профессор-оқытушылар құрамы АӨСШК-нің қалыптасу тарихы туралы тереңірек біліп, оның Тұжырымдамадан Азия өңірі бойынша қауіпсіздік саласындағы диалог пен ынтымақтастыққа арналған тиімді платформа ретінде құрылуына дейінгі даму сатылары жөнінде ақпарат алды.  Бас хатшы АӨСШК-нің негізгі даму кезеңдері мен Ұйым қызметінің басты бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қ. Сарыбай 2021–2022 жылдардағы АӨСШК институттарының қызметіне, атап айтқанда Іскерлік кеңестің, Жастар кеңесінің және Талдау орталықтары форумының атқарған жұмыстарына ерекше назар аударды.

Сонымен бірге Бас хатшы өткен жылдың қазан айында Астана қаласында өткен АӨСШК-нің алтыншы мерейтойлық Cаммитінің ерекшеліктеріне тоқталды. Онда Кеңесті толыққанды халықаралық өңірлік ұйымға айналдыру туралы тарихи шешім қабылданғанын, қазақстандық төрағалық етудің негізгі жетістіктерін айтып, алдағы екі жылға белгіленген маңызды міндеттерімен бөлісті.

Осы ретте, Қ. Сарыбай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АӨСШК Саммиті барысында айтқан, Өзара тұрақты байланыс жөніндегі кеңесті құру, АӨСШК Қаржылық саммитін тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыру, 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізу, 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің қолдауымен АӨСШК елдерінің еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетін өткізу және АӨСШК-ге мүше мемлекеттердегі жетекші университеттердің серіктестік желісін құру туралы бастамаларды атап өтті.

Дәріс соңында Қ. Сарыбай тыңдаушылардың сұрақтарына жауап беріп, оларға сәттілік тіледі және Академияның кітапханасына АӨСШК-нің Құжаттар жинағын тапсырды.

Академия ректоры Ерлан Әбіл мен Дипломатия институтының директоры, Елші Алексей Волков, өз кезегінде, Бас хатшыға пайдалы әрі мазмұнды кездесу үшін және жас ұрпақтың біліміне қосқан ерекше үлесі үшін ризашылықтарын айтып, алдағы уақытта АӨСШК Хатшылығы мен Дипломатия институты арасында өзара ынтымақтастық орнатуға сенім білдірді.


Your browser does not support SVGs