Бүгін Академия ректоры Ерлан Әбіл Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тоомас Тирспен кездесті. Аталған кездесуге «Астана «Дипломатиялық клубы» ҚБ төрағасы Қайырболат Сахметов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің бас кеңесшісі Мейірман Ғұбайдуллаев, халықаралық әріптестік секторының меңгерушісі Жаңыл Бекмурзаева қатысты.
Кездесу барысында Тоомас Тирс Эстонияның цифрлық мемлекет құру бойынша тәжірибесін айтып берді.
Ерлан Әбіл, өз кезегінде, елшіге Академияның қызметін таныстырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөніндегі ұйымның алдына қойылған негізгі міндеттер туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарды бюрократиясыздандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, цифрлық сайлау өткізу және т.б. мәселелер қозғалды.
Агенттік өкілі Мейірман Ғұбайдуллаев мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру бойынша қазіргі таңда қол жеткізілген және келешектегі міндеттер туралы айтып берді.
Тараптар білім беру, қолданбалы зерттеулер жүргізу, мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша тәжірибе алмасу салаларындағы қарым-қатынасты дамытуға келісті.