Жаңалықтар

ГАЙДАР ФОРУМЫ – 2020

Жыл басында Мәскеу қаласында, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында (РХШжМҚА) әртүрлі елдерден келген белгілі ғалымдар, билік органдарының өкілдері, қоғам және саяси қайраткерлер, бизнесмендердің жиналуы дәстүрге айналған.

Гайдар форумы жыл сайын өзінің озық жетістіктерімен өңірлер мен мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін адамдардың басын біріктіреді.

Биылғы жылы «Ресей және әлем: жаңа онжылдықтың сын-тегеуріндері» атты Форум 2020 жылдың 15 және 16 қаңтарында өтті, оған Академия атынан ректор Ерлан Әбіл, оқу жұмысы және академиялық мобильділік жөніндегі вице-ректор Айгүл Ақтымбаева және Академиялық бағдарламалар орталығының басшысы Рената Апергенова қатысты.

Қазақстаннан барған делегация «PRME: армандаушылардың ізгі ниеті немесе одан әрі даму жолы», «Тұрақты даму мақсаттарына жетудің үздік тәжірибесі», «ЕАЭО – интеграцияның құқықтық өлшемі: мәселелері мен даму келешегі», «Азаматтық диалогтар диалогы», «Азаматтың жақсы басқаруға құқығы: басқарушыларды дайындаудың стандарттары мен құндылықтары», «Көшбасшыға сөз» пікірталастарының жұмысына қатысты.

Форум аясында мемлекеттік басқару саласында кадрлар даярлау бойынша ТМД елдерінің Базалық ұйымы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтті, онда жыл қорытындылары мен ТМД елдерінің мемлекеттік басқару мектептерінің одан әрі ынтымақтастығының келешегі талқыланды.

Сондай-ақ РХШжМҚА Мемлекеттік қызмет және басқару институтының ұжымымен кездесу болып өтті, аталған кездесу аясында кадрларды даярлау мен мемлекеттік басқару саласында бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.

«Азаматтың жақсы басқаруға құқығы: басқарушыларды даярлаудың стандарттары мен құндылықтары» атты пікірталас барысында Академия ректоры Ерлан Әбіл мемлекеттік басқарушыларды даярлаудың қазақстандық тәжірибесімен бөлісті:

«Біз өз миссиямызда өте айқын әрі қарапайым заттарды жаздық – құндылықтарымыз ашықтық пен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік». Ол түлектер – «өзгерту агенттері» екенін айтты. Мәселен, мемлекеттік басқарушыларды даярлау бағдарламалары жеке тұлғаны жетілдіруге, оның сыни ойлау дағдыларына және стратегиялық шешімдер қабылдауға бағытталуы тиіс.

Пікірталас халықаралық бағдарламаларды дамыту, бағдарламаларды халықаралық аккредитациялау, білім беру бағдарламаларын интеграциялау, бағдарламалардың сапасы мен рейтингісін бағалау мәселелерін тілге тиек етті. Алаңда сарапшылар ретінде EAPAA бас хатшысы Тако Брандсен, Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың Басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, Мәскеу қалалық думасының төрағасы Алексей Шапошников, БҰҰ Мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі сарапшылар комитетінің мүшесі Юрай Немец сөз сөйледі.


Your browser does not support SVGs