Жаңалықтар

«Идеялар фабрикасы 7.0» брейнстормингі

Академияда мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды әрі қарай іске асыру үшін идеяларды іріктеу жалғасуда.

Жұма күнгі жетінші «Memlekettik qyzmet: quick wins» брейнстормингінде көлік салығын алып тастау және оны жанармай бағасына енгізу бойынша пилоттық жоба талқыланды. Жобаны Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының Жанама салықтарға әкімшілік ету бөлімінің бастығы Уәлихан Аңдамасов ұсынды. Оның сөзінше, көлік салығының толық жиналмау проблемасы және сонымен байланысты бюрократиялық үдерістер, сондай-ақ салық органдарына түсетін салмақ бар. Осыған байланысты, көлік салығын алып тастау және оны жанармай бағасына біріктіру, сондай-ақ жобаны Нұр-Сұлтан қаласының көлемінде іске асыру ұсынылады.

Сонымен бірге, командалық ауысуларды онлайн мониторингтеу жобасы ұсынылды, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл жасау үшін барлық кадрлық үдерістерді бақылауға көмектеседі.

Бірінші топ мүгедектері мен мүгедек балалардың «Инватакси» көлігіне қажеттілігін 100% қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды.

Брейнстормингті әр жұма сайын 17.30-да Академияның YouTube-каналында онлайн режимде өткізу дәстүрге айналды. Жазба каналда сақталады (Идеялар фабрикасы – плейлисті).

Брейнсторминг қатысушылары қозғаған мәселелер мен нақты ұсыныстар әрі қарай пысықтап, іске асыру үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберілетін болады.  

Академия мемлекеттік қызметке ілгерішіл өзгерістер енгізуге ниет білдірген, бастамашыл мемлекеттік қызметшілер қатарынан «жылдам нәтижелер» КОМАНДАСЫН құруды ұсынады.

Тез арада шешу мен жылдам орындау (7, 15, 30, 60, 90 күн) үшін ықпалды ұсынымдарды тудыру құпталады.

Ашық диалог нысанында мемлекеттік органдардың қатысуымен Академияның базасында өтетін «Memlekettik qyzmet: quick wins» идеялар фабрикасы – брейнстормингінің жаңа форматы аясында баршаңызды инновацияларды ынталандыруға және ынтымақтастыққа шақырамыз. 

Рәсімделген идеялар мен ұсынымдарды k.nurbek@apa.kz электрондық адресіне жіберу қажет.

Идеяларды/ұсынымдарды қалай дұрыс рәсімдеу қажет?

  1. Проблеманы сипаттау.
  2. Айтылған проблеманы шешу үшін идеяны/ұсынымды ұсыну.
  3. Идеяны/ұсынымды іске асырудан алынған нәтижелерді көрсету.

Әр жұма сайын сіздердің ұсынымдарыңыз «Идеялар фабрикасы» брейнстормингінде талқылау үшін ұсынылатын болады.

Біздің Идеялар фабрикасына қосылыңыздар! Сіздерді әр жұма сайын 17.30-да оффлайн және онлайн режимде күтеміз!


Your browser does not support SVGs