Жаңалықтар

Идеялар фабрикасы: мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджмент

Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР МҚІСЖҚІА-нің «Идеялар фабрикасы» брейнсторминг жобасы енді тек Академияда ғана емес, оның филиалдарында да қарқын алуда: бүкіл ел бойынша мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды одан әрі іске асыру үшін идеяларды іріктеу жалғасуда.  Осы аптада «Идеялар фабрикасы» аясында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының тыңдаушылары өз жобаларын қорғады. Брейнстормингке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әлтаир Ахметов қатысты.

Жобаларды Академияның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы базасында 3 апталық қайта даярлау курстарынан өткен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер ұсынды.  

Курс тыңдаушылары 3 жоба дайындады.

Бірінші жоба түрлі ауруларға бейім қарт адамдарды іздеу және табу мәселесін шешуге бағытталған. Жоғалған қарт адамдарды іздеу әдістерінің жетілмеуіне байланысты, жобалық топ QR-код ішіне жоғалған адам туралы ақпаратты салып, оны белгіше түрінде жасауды ұсынды. Егде адамдарға арналған QR-коды бар белгішенің пилоттық үлгісі брейнстормингте таныстырылды. Қатысушылардың айтуынша, жобаны жүзеге асыру жоғалған қарт адамдардың санын 99%-ға төмендетуге, түрлі ауруларға ұшырауы салдарынан жоғалған қарт адамдарды табудың тиімді әдісін қалыптастыруға, сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жоба мақұлданып, енгізуге ұсынылды. Жобалық команда: СҚО бойынша МКД Қызылжар ауданы бойынша МКБ-ның бөлім басшысы Руслан Шарипов, Ғ. Мүсірепов атындағы аудан әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшесінің басшысы Әсемгүл Ибраева, Ақжар ауданының Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айбек Киманов.

Екінші жоба – «Органикалық шикізаттан отын брикеттерін дайындау». СҚО Жамбыл ауданында жыл сайын отынның 3000-5000 теңгеге қымбаттауы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктерінде дәнді, майлы және бұршақты дақылдар өндірісінен жыл сайын сабан жағу топырақтың құнарлы қабатының нашарлауына және орман алқаптарының жану қаупіне алып келеді. Аталған мәселелер жобаның негізіне айналып, оларды шешу үшін жобалық топ нарықты зерттеу мен серіктестерді іздеуден бастап жабдықтарды іске қосу-жөндеу, ауылдық округ аумағында өнім берушілерден шикізат жинау және өндірісті іске қосуға дейінгі әрекеттер алгоритмін әзірлеген.

Әзірленген алгоритм негізінде мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің базасында сабаннан, жапырақтардан, ағаш өңдеу өнеркәсібі өндірісінің қалдықтарынан отын брикеттерін өндіру кешенін құру ұсынылды. Команда қатысушыларының айтуынша, осы ұсынысты жүзеге асыру нәтижесі Жамбыл ауданы Пресновка ауылының бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын нысандарды қамтамасыз ету үшін қатты отын сатып алуға жұмсалатын бюджеттік шығындарды қысқартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ 3 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, орман алқаптарын шабудың азаюы және егістік алқаптар мен пайдалы жерлер топырағының құнарлы қабатының сақталуы күтілуде.  

Екінші команданың жобасы сарапшылар тарапынан қызу талқыға түсті, облыс аумағындағы әлеуетті шикізат көлемі, сондай-ақ ұсынылған қайта өңдеу желісі негізінде дайын өнім өндірісінің әлеуетті көлемі жөнінде пікірлер айтылды. Талқылау қорытындысы бойынша жоба мақұлданып, енгізуге ұсынылды. Жобалық команда: СҚО әкімдігі Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысы Әдик Шәкенов, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшесінің басшысы
Р.С. Токин, Жамбыл ауданы Экономика және қаржы бөлімінің басшысы
Б.С. Молдағалиев.

Үшінші жоба – «Кәсіптік және әуесқойлық аулау үшін балық өсіру». Облыста аталған жобаға ұқсас жобаның жоқтығы, өңірдің туристік тартымдылығының жеткіліксіздігі, ауылдық округ аумағында жұмысқа орналаспаған халықтың бар екендігі, сондай-ақ ауылдық округ тұрғындарының балық тұтыну қажеттілігі – балық аулау мүмкіндігі, сондай-ақ балық аулауға арналған құрал-жабдықтарды жалға алып, су жағасында тұру мүмкіндігі қарастырылған туристік демалыс базасын құру жобасын әзірлеу жобаға бастама жасауға негіз болды. Бұл ретте балықтың – тұқы, мөңке, пелядь және т.б. сынды түрлерін өсіру жоспарлануда.  

Команда мүшелері жобаны іске асыру нәтижелері бойынша облыстың туристік тартымдылығын артады, ауыл тұрғындары бағасы оңтайлы балықпен қамтамасыз етіледі, жаңа жұмыс орындары құрылып, аудан бюджетіне аударылатын салық түсімдері арттырыла түседі деген пікірде.

Сарапшылардың сұрақтарына жауап бере отырып, жоба жетекшісі Әділ Елеусізов (СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы) жобаны іске асыру мерзімін нақты белгілеп, аумақты жайластыру, көлді жалға алу және аэрациялау, шабақтарды сатып алу және өсіру үшін қажетті қаражатты көрсететін нақты экономикалық есептерді ұсынды. Жоба инвесторлардың назарын аудару мақсатында кәсіпкерлер палатасына ұсыну үшін мақұлданып, енгізуге ұсынылды.

 

 


Your browser does not support SVGs