Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР МҚІСЖҚІА-нің «Идеялар фабрикасы» брейнсторминг жобасы енді тек Академияда ғана емес, оның филиалдарында да қарқын алуда: бүкіл ел бойынша мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды одан әрі іске асыру үшін идеяларды іріктеу жалғасуда. 2019 жылғы 7 маусымда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалында қайта даярлау курсын аяқтаған тыңдаушылардың жобалары талқыланды.
Кездесу ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ахметов Әлтайыр Амангелдіұлы қатысуымен өтті.
Қорғау барысында 6 жоба тыңдалды:
I-Shatyr (intellect shatyr). Яссауи кесенесі маңайына ыстық ауа райынан, күн сәулесінен қорғайтын жасанды көлеңке – тенттер орнату. Бұл Меккеде ғана жүзеге асырылған жоба. Облыс әкіміне осы жоба ұнады.
«Jan uia» әлеуметтік отбасылық ауылы». Қарттар үйі мен балалар үйін біріктіріп, жылуға зәру екі жақты мейірімге бөлеу. Жоба Жапонияда жүзеге асырылып келеді.
«EKO-Jai». Бәйдібек ауданында туризмді дамыту мақсатында экологиялық, арзан демалыс үйлерін салу.
«Көп балалы отбасыларға жәрдем ақыны алуды оңтайландыру». E-GOV жүйесіне жәрдемақы алу жеңілдету үшін көпбалалы аналарға арналған қосымша функция ашу.
«Таза сана, таза қала». Кентау қаласында қоқыс шығару жүйесін автоматтандырып, цифрландыру бойынша арнайы бағдарлама енгізіп, жұмыс тиімділігі мен есептілігін қамтамасыз ету, халықты тазалыққа баулу.
«EthnoVillage» ұлттық-мәдени орталығы. Туристтерді тарту үшін Яссауи кесенесі маңайына арнайы этноауыл жасау.
Әкім Ө.Шөкеев I-Shatyr, «EKO-Jai», «Таза сана, таза қала» жобаларына айрықша қызығушылық білдіріп, қаржылай жағынан да көмектесе алатынын айтты.
Кездесу соңында әкім филиал өкілдерін жобалық кеңсеге келіп, жобалар бойынша бірге жұмыс істеу туралы айтты. Ректордың шақыруы бойынша әкім филиалда дәріс оқитын болды.
Жобалардың ерекшелігі – басым бөлігі әлеуметтік бағытта, яғни жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Талқыланған жобалардың барлығы дерлік мақұлданып, одан әрі қарай іс жүзіне асыру ұсынылды.