Жаңалықтар

«Интеграция коды» адами капиталы бойынша форум

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 8 – 10 маусым аралығында Түркістан қаласында өткен «Интеграция коды» атты адами капитал бойынша форумға бірлескен ұйымдастырушы ретінде қатысты.

Бірінші күні Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Академияның бірлескен панельдік сессиясында «Тарту, ұстап қалу, бағалау, ынталандыру, дамыту» тақырыбында әңгіме өтті. Пікірталасқа: Астана мемлекеттік қызмет хабының төрағасы Алихан Байменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев, Әзірбайжан Республикасы Мемлекеттік емтихан орталығы төрағасының орынбасары Бахрам Халилов, Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды басқару кеңсесі Адами ресурстарды дамыту бөлімінің басшысы Саваш Джейлан, Faer Management Consulting президенті, Астана мемлекеттік қызмет хабы Консультативтік кеңесінің мүшесі (АҚШ) Рекс Фейсер, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.

Сессия қатысушылары тиімді қызметкерлерді мемлекеттік қызметке тарту және ұстап қалу, мемлекеттік қызметшілерді бағалау және ынталандыру арқылы оларды дамыту мәселелерін көтерді.

Екінші күні Академия ректоры «Қоғам және басқару: Әл-Фарабиден бүгінгі заманға дейін» секциясына спикер ретінде қатысты. Аталған секцияға қатысушылар мемлекеттік басқару және басқарудың тарихи дәстүрлерінің заманауи мемлекеттік менеджментке әсері мәселелерін талқылады.

Академия ректоры Ерлан Әбіл өткізілген форум туралы өз пікірін білдірді:  «…үлкен мақсат – HR саласында жүрген сарапшылардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатуы, бейресми түрде көп мәселелерді шешу. Ынтымақтастық жолында жұмыс істеу. Келесі нәрсе, бір алаңға Қазақстанның ғана сарапшылары жиналып жатқан жоқ. АҚШ, Түркия, Орта Азия мемлекеттерінен мамандар келді. Олардың тәжірибесі біздің тәжірибемен қандай сабақтастығы бар екендігін түсіну керек. Сол себепті бұл форум өте өзекті болып отыр».

Форум қатысушылары сонымен қатар HR саласының мүмкіндіктерін талқылады. Бұдан бөлек, форум соңында Хакатон өткізіліп, қатысушылар практикалық кейстерді, соның ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кадр қызметтерін орталықтандыру міндетін шешті. Нәтижесінде Агенттік өкілдерін қызықтырған бірнеше шешім ұсынылды.


Your browser does not support SVGs