5-6 желтоқсанда Ыстанбұл қаласында Түркия Республикасы Адам Ресурстары Офисінің ұйымдастыруымен адам ресурстарын дамыту саласында Istanbul HR Forum болды.
Жаңа ғасырдың таланттар Хабы (Talent Hub of the New Century) үндеуі арқылы бірнеше мемлекеттерден кәсіби мамандарды, академиялар мен агенттіктер басшыларын, компаниялар мен жоғарғы оқу орындары өкілдерінің басын қосқан форумның алғашқы күні сәтті басталды.
Ашылу салтанатында Түркия HR Офисі Президенті Салим Атай адам ресурстарын дамыту жолындағы реформалар, құралдар мен зерттеулердің қорытындыларына тоқтала отырып, Түркияның технологиялық және адам ресурсын басқарудағы озық жобасы E-Insan платформасын таныстырып өтті. Сонымен қатар, адам ресурстарын басқарудағы әдіс-тәсілдер мен пилоттық жобалар, стратегиялық даму концепциясы мен талдау жолдарына басты назар аударды.
Құрметті қонақ ретінде Түркияның Аселсан компаниясының басқарушы директоры Халюк Гөргюн және Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйлеп, ұйымның тәжірибелері мен болашақ жоспары жөнінде ақпарат берді.
Форумның бірінші күнінде адам ресурстарын басқарудағы дереккөздер, жоспарлау үрдістері, жоғарғы оқу орындарында және кәсіби даму саласында таланттарды басқару тақырыптары бойынша панельдік сессиялар өткізілді. Сондай-ақ, E-Insan платформасы жөнінде Түркі мемлекеттері ұйымының жұмыс тобының кездесуі өтті. Кездесуде Мемлекеттік басқару академиясының ректоры – Ерлан Әбіл баяндама жасап, мемлекеттік қызметті дамыту және кәсібилендіру жолындағы Академияның тәжірибесімен бөлісті.