Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты
Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мақсатында Мемлекеттік басқару академиясы жиын өткізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін және халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін талқылады.
Академия ректоры Фатима Жақыпова Президенттің кезекті Жолдауында қамтылған мәселелерді жиын қатысушыларына кеңінен жеткізіп, оның барысында жүзеге асырылатын іс-шаралар мен жобаларға қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, Елбасының Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев Университетімен бірлесіп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезінде арнайы қайта даярлаудан өткізетін курстар әзірлеу бойынша тапсырмасын орындау жұмыстарының басталып кеткендігін жеткізді. Айта кетейік, Фатима Жақыпова Мемлекет басшысы Жолдауын жариялаған Ақордада өткен жоғары деңгейдегі басқосуға қатысқан болатын.
Сонымен қатар, жиынның барысында спикерлер Жолдаудың Академия үшін маңызы зор екендігін айтып, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппаратты құру жолында кәсіби даму негізгі құраушы болып табылатындығын айтты.
«Берілген тапсырманы Жолдау айтылған күннен бастап орындауға кірістік. Тіпті, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасында қандай пәндер оқытылатынын да анықтап қойдық». Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерді орындау жоспарын талқылауға жиналған әріптестерінің алдында сөз сөйлеген ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Кадырова осылай деді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Академия мен Назарбаев Университетінің базасында жүзеге асатын кәсіби білім беру бағдарламасының контенті дайындалды.
«Сөзсіз, бұл бағдарламаны іске асырудың арқасында инновациялық мемлекеттік аппарат құруда жаңа сапалы серпіліс аламыз. Елбасының Жолдауы халық арасында кең қолдауға ие болып жатыр! Ал біздің міндетіміз – қысқа уақытта аталған тапсырмаларды жүзеге асыру», – деп өз ойын білдірді Басқару институтының доценті Бауыржан Жаубасов.
Жиында «Жолдаудың сыртқы саяси аспектілері» тақырыбында Дипломатия институтының профессоры Төлеутай Сүлейменов, «Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын жаңа талаптар» тақырыбында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің профессоры Анар Есенгельдина сөз сөйледі.
Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің магистранты Арнұр Сартов: «Елбасы өз Жолдауында бүгінгі таңда өзекті заманауи үрдістерге де аса мән берді. Ол үлкен мәліметтер, блокчейн, интернет заттар, жасанды интеллект, жаңа материалдар және т.б. Бүгінде Мемлекеттік басқару академиясы мұндай пәндерді толық көлемде жүзеге асырып келеді. Қоғам мен мемлекет алдында қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатыр», – деп жиынды түйіндеді.