Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің басшыларына арналған «Өзгермелі әлем жағдайындағы трансформациялық көшбасшылық» тақырыбында практикалық тренинг өз жұмысын бастады.
Білім беру іс-шарасын ашқан ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин әлемдік саяси және экономикалық трансформация процестерінің күшеюі жағдайында тренинг өткізу өзекті әрі маңызды екенін атап өтті.
Болып жатқан процестерді ескере отырып, жаһандық көріністі көре білу және стратегиялық міндеттерді шеше білу қабілеттілігі туындаған кезде, трансформациялық көшбасшылық ерекше маңызды, осыған байланысты бүгіннен бастап жаңа формация басшыларын даярлауға кірісу қажет, – деді спикер.
Тренинг қатысушылары алдында сөз сөйлеу барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев мемлекеттік қызмет жүйесі серпінді өзгермелі әлемдік трендтерге трансформацияланудың маңызды кезеңін өткеріп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта кәсіби қызметтің нәтижелілігі үшін мемлекеттік қызметшілердің бойында практикалық дағдылар мен құзыреттерді дамыту қажеттілігін атап өтті.
Әзірленген оқыту бағдарламасы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін түбегейлі арттыруға бағытталған және бес модульден тұрады, соның ішінде: трансформациялық көшбасшылық, ұйымдық даму, мемлекеттік органдар қызметінің реинжинирингі, инновациялық мемлекеттік аппарат, жобалық менеджмент.
Практикалық сабақтарды жүргізуге шетелдік және отандық бизнес-тренерлер, коучтер, қоғамдық ұйымдардың сарапшылары шақыртылды.
Тренинг барысында қатысушылар Scrum және Agile қазіргі заманғы басқару әдістері, ұйымдық даму, азаматтармен өзара іс-қимыл жасау бойынша интерактивті пікірталастар өткізіп, мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялау бойынша конструктивті ұсыныстарды тұжырымдай отырып жобалар әзірлейді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің басшылары кәсіби дағдыларын арттыруда
