Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Модернизация 3.0» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жобалық қызметке қатысатын орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін «Жобаларды басқару негіздері» атты семинар-тренинг басталды.
Іс-шараның мақсаты – жобаларды басқару саласында практикалық дағдылар мен құзыреттерді дамыту. Бағдарлама айрықша практикалық бағдарға ие және мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру тиімділігін арттыруға әсер ететін персоналдың кәсіби дамуы үшін іргетас жасайды.
Семинар-тренингте бағдарламалар мен жобаларды құру және жүзеге асыру кезінде жобалық тәсілді қолданудың теориялық және практикалық аспектілері қарастырылатын болады. Қазіргі уақытта жобаларды басқару кез келген ұйымдағы, оның ішінде мемлекеттік сектордағы басқарудың қажетті компоненті болып табылады. Менеджменттің бұл әдістемесін қолдану айқын жоспарлау, жауапкершілікті дербестендіру және тиімді ведомство аралық өзара іс-қимыл арқылы нақты нәтижелерге жетуді қамтамасыз етеді.
Оқытудың нәтижесі бойынша қатысушылар жобалық басқаруға көшуді жүзеге асыру, сондай-ақ практикада жобаларды басқарудың негізгі құралдарын қолдану және нәтижеге жұмыс істеу, жаңа жобаларға бастамашылық ету, жоба жағдайын тиімді жоспарлау және бағалау, жобалық топта жұмыс істей отырып, шектеулі ресурстар жағдайында жобаны басқару жөнінде ұсынымдар алады деп күтілуде.
Семинар-тренингті Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығымен бірлесе отырып, Академияның сертификатталған тренерлері өткізіп жатыр. Оқыту ағымдағы жылдың 9–19 қазаны аралығында жалғасын табады.