Астанада 2018 жылдың 25–26 шілдесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі және мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің факторлық-балдық шәкілін енгізу бойынша семинар-жиналыс өтті.
Іс-шараға Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, Орталық сайлау комиссиясы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сонымен қатар аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.
Семинар-жиналыстың ашылуында Президент Әкімшілігі Басшысының Орынбасары О.С. Оразалин сөз сөйледі. Сондай-ақ, Премьер-Министр Орынбасары А.Қ. Жұмағалиев Қазақстанның экономикасын цифрландыру туралы, сайлау заңнамасындағы өзгерістер жайлы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Б.М. Имашев, мемлекеттік органдарда факторлық-балдық шәкіл негізінде мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуді енгізу жайында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары А.А. Шайымова, мемлекеттік жоспарлау және тиімділікті бағалау жүйесі аясында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырудың кейбір мәселелері туралы – Ұлттық экономика Бірінші вице-министрі Р.Е. Дәленов баяндама жасады.
Семинар-жиналыстың бағдарламасына сәйкес жоғарыда аталған әр тақырып бойынша жекелеген сессиялар өткізілді, онда қатысушылар мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін және одан әрі даму келешегін талқылады.
Семинар қатысушылары үшін сессиялар аяқталғаннан кейін дағдарысты жағдайлардағы коммуникациялар, Big Data және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша оқыту тренингтері өткізілді.