2021 жылдың 10 ақпанында онлайн режимде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі коллегиясының отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр Кеңсесінің, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның, БАҚ өкілдері, Агенттіктің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен аумақтық департаменттерінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Академия ректоры Ерлан Әбіл Мемлекеттік басқару академиясының 2020 жылғы жұмысын қорытындылады және 2021 жылға арналған басым міндеттер туралы бандады.
ҚР Президентінің жанындағы МБА ректоры Ерлан Әбілдің баяндамасының толық мәтіні:
2020 жылдың басынан бастап Академияның 2023 жылға дейінгі Даму стратегиясы 4 стратегиялық бағыт бойынша іске асырылуда.
I. КӘСІБИ ОҚЫТУ ЖӘНЕ САПАЛЫ САБАҚ БЕРУ
Академия Бірыңғай құзыреттілік шеңберіне сәйкес оқытудың құзыреттілік моделін іске асырады. Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау 9 магистратура бағдарламасы және 4 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. 2020-2021 оқу жылында Академия алғаш рет өндірістен қол үзбей жүргізілетін «Өңірлік даму» (Regional Development) және «Мемлекеттік менеджмент» (Public Management) бір жылдық магистрлік білім беру бағдарламаларын іске қосты.
2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 278 магистрант пен докторант білім алуда, оның ішінде 233-і – мемлекеттік тапсырыс бойынша, 24-і – ақылы негізде, 10-ы – Ханс Зайдель қорының стипендиясы бойынша, 11-і – Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабының (БҰҰДБ) гранты бойынша оқуда. Қазіргі уақытта 14 шетелдік азамат Академияда (Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Мальдив) білім алуда. 2020 жылы Академия 115 магистрантты дайындап шығарды, оның ішінде 3-еуі Түркиядан, Украинадан және БАӘ-ден келген шетелдік мемлекеттік қызметшілер және 2 қазақстандық мемлекеттік қызметші Мұхаммед бен Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебімен (БАӘ, Дубай) қос диплом бағдарламасы бойынша бітірді. 14 түлекке доктор дәрежесі берілді.
2020 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Академиядағы оқу процесі LMS Canvas, Microsoft Teams, Moodle, ZOOM ақпараттық платформалары негізінде онлайн режимінде өтті. Магистранттар мен докторанттарға, біліктілікті арттыру семинарларының және қайта даярлау курстарының тыңдаушыларына жүргізілген сауалнама нәтижелері мемлекеттік қызметшілердің 94,6%-ы оқыту сапасына қанағаттанғандығын көрсетті (жоспар бойынша – 94,5%).
Есепті жылдың 26-27 қарашасында Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттігінің (IQAA) сараптамалық тобы сыртқы аудит (тексеріс) жүргізді, оның қорытындысы бойынша Академияға 2025 жылға дейін халықаралық институционалдық аккредиттеу туралы куәлік берілді.
Тимур Мұратұлы, Академияда оқудың тартымдылығын арттыру бойынша 2019 жылғы 5 қарашадағы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмаларын орындау бойынша кешенді жұмыс жүргізілді.
- Өңірлерден келген білім алушылардың саны жалпы саннан 34%-дан 53%-ға дейін ұлғайды.
- Академия мен оның өңірлік филиалдары базасында барлық мемлекеттік қызметшілер үшін ақысыз негізде ағылшын тілі және академиялық жазылым (academic writing) курстарын қамтыған алты айлық дайындық курстары (pre-sessional) ұйымдастырылды.
- Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған 2016-2020 жылдардағы Академия түлектеріне мониторинг жүргізілді. Түлектердің 21%-ы лауазымында жоғарылаған. Академияның 25 түлегі Президенттік жастар кадр резервінің құрамына кірді (ПЖКР жалпы құрамының 8%). Қандай да бір себептермен мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеу бойынша тиісті мерзімді өтемеген 11 түлекпен жұмыс жүргізілуде.
- 2020 жылы Академияға қабылдау құжаттарды тапсыру процесінен бастап іріктеу кезеңдерін өткізуге дейін admission.apa.kz ақпараттық платформасында онлайн режимде өткізілді. Бұл шаралар өткен жылмен салыстырғанда Академияға оқуға түсуге ниет білдірушілер санының 22%-ға өсуіне ықпал етті.
Академияда оффлайн, онлайн және қашықтықтан оқыту форматтарында отандық және шетелдік оқытушылардың қатысуымен қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары жүзеге асырылады. Бір жыл ішінде мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылған өзекті тақырыптар бойынша 30 033 мемлекеттік қызметші қысқа мерзімді оқытудан өтті.
Қысқа мерзімді оқытудың тиімділігін күшейту мақсатында Академия коучингтік технологиялар мен ассесмент құралдарын қолдана отырып, біліктілікті арттырудың корпоративтік семинарларын іске асыра бастады. Мұндай формат барлық қызметкерлердің қатысуын, қатысушылардың мемлекеттік органның нақты мәселелерін шешу бойынша топтық жобаларды орындауын көздейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін саяси қызметшілерге арналған «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы және «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін арнайы қайта даярлау курстары іске асырылды. Курстарға қанағаттану деңгейі 96,5%-ды құрады.
Қоғам тарапынан мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуіне қатысты жиі сын айтылады.
2020 жылдың мамыр айында Академия көп жылдық тәжірибе негізінде Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту тұжырымдамасын әзірледі, QAZAQ RESMI TEST құрылып, www.qrt.kz сайты іске қосылды. Бүгінгі таңда Академия мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту технологиясының қызметтік туынды ретінде құқық иеленушісі болып табылады. Мемлекеттік тілді меңгерудің QRT немесе Qaztest сертификатымен расталған қажетті деңгейінің болуы 2021 жылы Академияға оқуға түсу кезіндегі міндетті талаптар қатарына енгізілді.
II. НӘТИЖЕГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЗЕРТТЕУЛЕР
Мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша жобалық зерттеу топтары 10 аналитикалық материал дайындады.
ҚР БҒМ гранттық қаржыландыру шеңберінде «Елдің зияткерлік әлеуетін дамыту контексінде ҚР көші-қон саясатын жаңғырту» зерттеу жобасы аяқталды. Еуропалық комиссияның қолдауымен қаржыландырылатын «Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған қызметтерді дамыту» жобасын іске асыру жалғасуда (жобаны іске асыру мерзімі: 2018-2021 жж.).
«Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабты институционалдық қолдау» жобасы шеңберінде 6 зерттеу жүргізілді.
Академия Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізудің қағидалары мен әдістемелік ұсынымдарын әзірледі.
Академия «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» журналын және электрондық дайджест шығарады.
Академия ғалымдары жарияланымдарының ашық қолжетімді репозиторийі құрылды. Лицензиялық электрондық ресурстарды пайдалануға, ұлттық және әлемдік деңгейдегі ақпараттық дерекқорларға онлайн қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Білім беру және зерттеу блоктарын интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Магистранттар мен докторанттардың үздік жұмыстары Академия сайтында орналастырылған.
III. ТИІМДІ СЕРІКТЕСТІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
2020 жылы Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен, Миколос Ромерис университетімен (Литва), «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен, сондай-ақ Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
2020 жылдың шілдесінде Академия өзінің парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің ISO 37001:2016 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне сертификаттық аудиттен өткен Қазақстан Республикасындағы алғашқы мемлекеттік ұйым болды. Ұйымдарда осы менеджмент жүйесін енгізу бойынша консалтингтік қызмет жүргізіледі.
Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті енгізу және дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.
ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасына (2020 жылғы 03 наурыздағы №20-64-11.2-2) сәйкес жобалық басқаруды пайдалану тәсілдері мен стандарттарын жүйелеу мақсатында Академияның Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығына мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық тәсілді енгізу процесін үйлестіру, сондай-ақ Президент әкімшілігі жанында құрылған Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторинг орталығымен сараптамалық өзара іс-қимыл жасау бойынша өкілеттіктер берілген.
Қойылған мақсаттарды іске асыру үшін Орталық мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:
– мемлекеттік бағдарламаларды (аумақтарды дамыту бағдарламаларын) іске асыру деңгейінде жобалық басқару әдіснамасын біріздендіру;
– мемлекеттік органдарда жобалық тәсілді қолдануды нормативтік реттеу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
– мемлекеттік органдардың жобалық басқару жөніндегі қызметін әдіснамалық үйлестіру;
– жобалық басқару саласында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру.
2020 жылы жобалық менеджмент бойынша курстар шеңберінде 130-дан астам қызметкер оқытудан өтті. Академия филиалдарының базасында жобалық менеджмент негіздері бойынша 6 мыңнан астам адам оқытылды (оның ішінде, біліктілікті арттыру курстары – 1160, қайта даярлау курстары – 4955). ISO жүйесінің ұлттық стандарттары бойынша 27, британдық PRINCE2 әдісі бойынша – 3 тренерден тұратын пул жасақталды.
Елімізде тұңғыш рет Академия Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Ұлттық экономика министрлігінің және UNDP Kazakhstan қолдауымен «Qazaqstan Project Management Awards – 2020» ұлттық конкурсын өткізді. Конкурс аяқталғаннан кейін өткізілген Форум мемлекеттік органдар, ұйымдар және мүдделі тұлғалар арасында бағдарламалар мен жобаларды басқару саласындағы тәжірибемен және үздік практикалармен алмасу бойынша диалогтік алаңға айналды.
IV. ҚАЗІРГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Бүгінгі таңда Академия заманауи цифрлық инфрақұрылыммен жабдықталған, Цифрлық коворкинг орталығы жұмыс істейді.
Coworking-те сабақтар өткізу, бейресми кездесулер мен талқылаулар ұйымдастыру мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін ашуға, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, командалық жұмыс тәсілдерін меңгертуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілер кездесулер мен ой-талқы өткізу кезінде еңбекті ұйымдастырудың жаңа цифрлық және техникалық мүмкіндіктерімен танысады.
Голографиялық зал көпфункционалды болып келеді, мұнда интерактивті сабақтар өткізуге, ілеспе аударма жасауға болады, басқаларды бейнеконференц-байланыс арқылы қосуға, голография түрінде келтірілген мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, отандық және халықаралық сарапшылардың сөздерін трансляциялауға болады.
2020 жылы барлық 155 бизнес-процесс сипатталып, Академияның ұйымдық құрылымы өзгертілді.
Академияның стратегиялық бағыттарын іске асыру Office 365 және MS Project платформасында басқарушылық шешімдерді талқылауға және қабылдауға қызметкерлерді барынша тарта отырып, жобалық басқару қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
V. АКАДЕМИЯ СТРАТЕГИЯСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ 2021 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН МІНДЕТТЕРІ
2021 жылы Академия келесідей сегіз стратегиялық бастаманы назарға алатын болады.
Бірінші. KPI жүйесін енгізу арқылы қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен еңбек өнімділігін арттыру.
Екінші. Білім беру бағдарламаларының санын оңтайландыру және оларды қайта жобалау, оқуға қабылдаудың жаңа ережелерін қабылдау, ЕАРАА-да халықаралық аккредиттеуден өту арқылы білім беру процесінің тиімділігін арттыру.
Үшінші. Филиалдардың ЖАО-мен және ОМО-ның аумақтық бөлімшелерімен тығыз ынтымақтастық орнату жолымен оларды дамыту, «pre-module – module – post-module» жүйесін қолдану.
Төртінші. Қолданбалы зерттеулерді, оның ішінде сыртқы қаржыландыруды тарту арқылы дамыту.
Бесінші. Мемлекеттік қызметшілерді жобалық менеджмент саласында сертификаттау, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу, бизнес-үрдістерді реинжинирингілеу жөніндегі консалтинг, Ассессмент-орталық көмегімен қызметкерлердің құзіреттіліктерін бағалау, жеке және ұжымдық оқыту арқылы мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға ықпалдасу.
Алтыншы. Бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру, филиалдар мен құрылымдық бөлімшелердің дербестігін күшейту, ақылы қызметтер желісін кеңейту арқылы Академияны басқару жүйесін жетілдіру.
Жетінші. Академияның сыртқы саясатын, оның ішінде Global Think Tank Index әлемдік рейтингіне кіру арқылы жандандыру.
Сегізінші. Пәндер үшін цифрлық контент пен iAcademy цифрлық платформасын құру арқылы Академияны одан әрі дамыту.
Академия Мемлекет басшысының мемлекеттік басқаруды реформалау бойынша міндеттерін іске асыруға белсенді қатысуға және түрлі идеялар мен пікірлерді талқылау үшін сараптамалық алаң болуға дайын.
Назарларыңызға рақмет!