Жаңалықтар

Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстанда алғашқы болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің халықаралық сертификаттауынан өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – ISO 37001:2016 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің сертификаттауынан өткен Қазақстан Республикасындағы бірінші мемлекеттік ұйым. Аталмыш сертификат менеджмент жүйелерін сертификаттау жөніндегі аккредиттелген органдардан алынған сәйкестік сертификаттарының халықаралық реестрінде тіркелді (www.iafcertsearch.org).

Бүгінгі таңда жекеменшік және мемлекеттік сектордың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы менеджмент жүйесі Қазақстан үшін жаңашылдық және барлық дамыған мемлекеттерде сыбайлас жемқорлықпен күрестің келешегі бар әрі тиімді механизмі болып табылады.

ISO 37001 халықаралық стандарты әлемдегі көптеген ұйымдар үшін сыбайлас жемқорлықпен күрестің қосымша тиімді механизміне айналды және кез келген меншік түріндегі ұйымның менеджмент жүйесін сыбайлас жемқорлық пен оның қауіп-қатерінен қорғайтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әлемдегі үздік тәжірибесін жинақтады.

ISO 37001 стандартын енгізген және оның талаптарына сәйкес сертификаттаудан өткен ұйымдар мүдделі тараптарға (клиенттерге, іскерлік серіктестерге, инвесторларға және бақылаушы органдарға) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы сақтауын таныту; компания қызметкерлерінің адал емес әрекеттерінен туындауы мүмкін материалдық және қаржылай шығындарды болдырмау немесе оларды төмендету; абырой-беделге нұқсан келтіруге жол бермеу; ірі ұйымдар мен компаниялардың түрлі сатып алу бағдарламаларына қатысу барысында бәсекелестік артықшылықтарға ие болу; шетелдік серіктестермен  (тапсырыс берушілермен, тауар жеткізушілерімен және т.б.) жұмыс істеу кезінде сенімді нығайту сынды бірқатар артықшылықтарға ие болады.

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл: «Академия өз қызметінің алғашқы кезеңінен бастап-ақ жоғары этикалық стандарттарды қамтамасыз етіп келе жатқандықтан және бизнес-үрдістердің ашықтығын арттыру мен қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың қылаң беруіне нөлдік төзімділікті қалыптастыруға аса ден қоятындықтан, біз үшін бұл өте маңызды оқиға. Енді біз дұрыс бағытта әрекет етіп жатқандығымыздың, өзгеріп отыратын сыртқы және ішкі жағдайларға қарамастан, біздің ұйымда Академия көрсететін білім беру қызметінің мызғымас жоғары деңгейіне кепілдік беретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті енгізіліп, табысты жұмыс істеп жатқандығының дәлеліне ие болдық. Сондай-ақ, Академияның ISO 37001 сертификатына ие болуы – бұл біздің серіктестеріміз бен стейкхолдерлер үшін берілген белгі және Академияның қабылданған заңнамалық, кәсіби және этика нормаларымен сәйкестікте қарқынды дамып келе жатқандығының дәлелі» – деп атап өтті.

Сертификаттаудан өту үшін бірқатар рәсімдерді орындау қажет болғандығын атап өткен жөн.

Мысалы, білім алу. 2020 жылдың ақпан айында персоналды және менеджмент жүйесін сертификаттау жөніндегі аккредиттелген халықаралық органнан (PECB, Канада, https://pecb.com/) шақырылған сертификатталған халықаралық дәріскердің қатысуымен дәрістер курсы ұйымдастырылып, өткізілді. Курс ISO 37001 талаптарын зерделеу, сондай-ақ түрлі саладағы ұйымдарда парақорлықпен күрестің нәтижелі және тиімді менеджмент жүйелерін енгізу бойынша теориялық және практикалық әлемдік тәжірибелерге негізделген. Оқу курсының нәтижесінде сертификаттау емтиханы өтті. Академия атынан қатысқан барлық қатысушылар емтиханды нәтижелі тапсырып, РЕСВ атынан сертификатталған құрастырушылардың халықаралық реестріне енді (https://www.apa.kz/ru/uchebnyj-kurs-po-menedzhmentu-v-oblasti-protivodejstviya-vzyatochnichestvu/). 

Оған қоса, ISO 37001-ді мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша оқу бағдарламаларында қолдану ережелерін енгізу, тіпті сыбайлас жемқорлыққа және оның көрініс беруінің жекелеген формаларына қарсы іс-қимылдың тиімді әдістері бойынша жекелеген курстарды құрастыру және өткізу жұмыстары  жүзеге асырылды.

Академия қызметкерлері парақорлықпен күрес менеджменті жүйесін әзірлеудің және енгізудің қажетті дағдыларына ие бола отырып, қызметті жоспарлау және басқару; кешенді заңгерлік тексеріс; қаржы саласындағы шаралар; қаржылық емес саладағы шаралар; басқарылатын ұйымдардың және іскерлік серіктестердің парақорлыққа қарсы іс-қимыл механизмдерін енгізуі; сый-сыяпаттар, алғыс айту белгілері, қайырымдылық және осы тектес марапаттау;  парақорлыққа қарсы іс-қимылдың сәйкес келмейтін механизмдері кезіндегі шаралар; күдік болған жағдайда ақпараттандыру; пара алуға қатысты тергеу жұмыстарын жүргізу және шаралар қабылдау сынды парақорлыққа қарсы іс-қимылдың бизнес-үрдістерге арналған бірқатар нақты ұйымдастырушылық және техникалық шараларын анықтады.

ISO 37001 негізіне алынған тәуекелге бағдарланған және үрдістік тәсілдемелерге сүйене отырып, сондай-ақ әзірленген ұйымдастырушылық және техникалық шараларды ескере отырып, Академияда парақорлықпен күрес менеджментінің жүйесі енгізілді.

Жобаның келесі кезеңі 2020 жылдың шілде айында «CERTInternational» (https://certin.org/) халықаралық акрредиттелген органында Академияның парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің сертификаттау аудитінен өтуі еді. Сертификатталған сарапшы-аудиторлар тобы Академия басшылығы мен қызметкерлерінің парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің қызмет етуіне жоғары деңгейде тартылғандығын, сондай-ақ Академия қабылдаған парақорлықпен күрес шараларының нәтижелілігі мен тиімділігін атап өтті.

Сәйкестік бағалауынан өтудің нәтижесінде парақорлықпен күрес менеджменті жүйесінің ISO 37001:2016 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестік сертификатын иелену мүмкін болды.

«Біз Академияның еліміздегі алғашқы ұйымдардың бірі болып менеджмент жүйесінің сәйкестігін растағандығын мақтан тұтамыз. Академияның барлық құрылымдық бөлімшелерінің берекелі жұмысы мен осы іске тартылуы  біздің сертификаттау аудитінен сәтті өтуімізге мүмкіндік берді. Біздің ендігі жоспарымыз  – сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін осы салада жинақталған тәжірибе негізінде еліміздегі өзге ұйымдарға тарату»  – деп Академия ректоры өз сөзін қорытындылады.

Академияның ендігі жоспары  – сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент жүйесін осы салада жинақталған тәжірибе негізінде еліміздегі өзге ұйымдарға тарату.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы сайтының материалдарын пайдаланған кезде сілтеме міндетті түрде www.apa.kz


Your browser does not support SVGs