Мемлекеттік басқару Академиясының, Назарбаев Университетінің және Сингапур сарапшылары Қазақстандағы жаңа формацияның 50 көшбасшысын дайындайды
2020 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы және Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (бұдан әрі – НУ ЖМСМ), Сингапур Ұлттық Университеті Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебі жүзеге асыратын «Жаңа формация көшбасшысы» бағдарламасының ресми онлайн ашылуы өтті.
Ашылу салтанатына Қазақстан Респбликасы Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл қатысты.
«Біз бәріміз VUCA әлемінде өмір сүреміз, бұл дегеніміз неғұрлым құбылмалы, болжамсыз және белгісіз, күрделі және түсініксіз дегенді білдіреді. COVID-19 әлемі, сондай-ақ COVID-19-тан кейінгі болашақ көрінісі – бұл VUCA әлемінің шынымен жақсы мысалы. Сценарийлік жоспарлаумен танысу және болашақты ойлау, сондай-ақ халықпен және үкіметтегі әріптестерімен стратегиялық коммуникация құра білу, адамдарды біріктіру және түсіну үшін мінез-құлық түсініктері мен эмоционалды интеллектіні ілгерілету және дамыту өте маңызды – осының бәрі табысты жоспарлау мен іске асыру арасындағы айырмашылықты анықтайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, нәтижелер маңызды. Осы курс арқылы сіз елге қызмет ету үшін жаңадан уәждеме мен міндеттеме алатыныңызға толық сенімдімін», – деп атап өтті Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу.
«Оқыту бағдарламасы қатысушылардың әлеуетін «Жаһандық көзқарас», «Тиімді коммуникациялар» және «Трансформациялық көшбасшылық» сияқты құзыреттер бойынша арттыруға бағытталған. Олар тиісті салада кешенді саясатты әзірлеуде, сондай-ақ мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар мен өзге де жобалардың орындалу барысын реттеу мен бағалауда, мемлекеттік аппараттың тиімді ұйымдастырушылық мәдениетін инновациялылық нәтижеге, икемділікке және прагматикалыққа бағдарлану қағидаттарын қалыптастыруда үлкен маңызға ие» – деп атап өтті ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
«Жаңа формация көшбасшысы» бағдарламасын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жариялады. Елбасы НУ ЖМСМ-ге Мемлекеттік басқару Академиясымен бірге саяси басқарушылар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған тренингтер өткізуді тапсырды.
Айта кету керек, вице-министрлермен, облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ҚР Президенті Әкімшілігі бөлімдерінің басшыларымен бірге президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшелері де оқудан өтеді.
10 апта ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты дамытудың негізгі бағыттары бойынша біліктіліктерін арттырып, мемлекеттік басқарудағы соңғы үрдістермен және инновациялармен, сценарийлерді жоспарлау мен болашақ туралы ойлау, стратегиялық коммуникациялар және мемлекеттік саясатта шешім қабылдаудағы іс-қимыл инсайттарымен танысуға бағытталған тренингтерден өтеді.