Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІ ЖИНАУ, ТАЛДАУ, ТҮСІНДІРУ ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК МЕКТЕП

2022 жылғы 29 сәуір  мен 6 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Мемлекеттік басқарудағы деректерді жинау, талдау, түсіндіру және қолдану бойынша әдістемелік мектептің оқу семинарлары өтті.

Әдістемелік мектептің оқу семинарлары мемлекеттік басқару және басқару шешімдерінің саясатын қалыптастыру мәселелерімен айналысатын сарапшылар мен аналитиктерге арналды.

Жұмыс барысында қатысушылар зерттеу дизайны, сандық және сапалық әдістер, деректерді регрессиялық талдау, ақпаратты визуализациялау және түсіндіру саласында терең білім алды. Олар зерттеу әдіснамасының негізгі ұғымдарымен және идеяларымен танысып қана қоймай, өз зерттеулерінде сауалнамалар, фокус-топтар, сұхбаттар сияқты сандық және сапалық талдау әдістерін қолдануды үйренді. Семинарлардың теориялық бөлімінен бөлек, қатысушылар аналитикалық баяндамалар жазуды және талдау құралдары мен бағдарламалау тілдерін: R және R studio, Python, Stata, EViews, SPSS мен Statistica пайдалануды үйренді.

Әдістемелік мектептің жұмысын салтанатты түрде Академия ректоры Ерлан Әбіл ашып, ол «Мемлекеттік басқарудағы аналитика: деректерді талдау негізінде шешімдер қабылдау» тақырыбында баяндама жасады. Оқыту семинарларының негізгі спикерлері Қазақстан мен Ұлыбританияның жоғары оқу орындарының жетекші сарапшылары мен ғалымдары болды. Спикерлер қатарына: Бауржан Бокаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының проректоры, Алуа Жолдыбалина – ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары және Лидс университетіндегі зерттеуші Сумедха Басу кірді.

Әдістемелік мектептің жұмысына Академияның 30-дан астам магистранты, докторанты мен оқытушысы белсенді қатысты. Соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.


Your browser does not support SVGs