Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалында «Идеялар фабрикасы» дәстүрлі алаңы аясында мемлекеттік қызметшілерді дактильді және ымдау тіліне оқыту бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР МҚІСЖҚІА-нің «Идеялар фабрикасы» брейнсторминг жобасы енді тек Академияда ғана емес, оның филиалдарында да қарқын алуда: бүкіл ел бойынша мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды одан әрі іске асыру үшін идеяларды іріктеу жалғасуда.
Осы аптада «Идеялар фабрикасы» аясында Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге арналған 3 апталық қайта даярлау курстарынан өткен филиал тыңдаушылары-мемлекеттік қызметшілер өз жобаларын қорғады.
Брейнстормингке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әлтаир Ахметов қатысты.
Курс тыңдаушылары мынадай 3 жоба дайындады: әртүрлі ауруларға бейім қарт адамдарды іздеу және табу мәселелерін шешу, органикалық шикізаттан отын брикеттерін дайындау, кәсіптік және әуесқойлық аулау үшін балық өсіру.
Сонымен қатар, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының СҚО бойынша филиалының «Из рук – в уста!» атты жеке жобасын іске асыру нәтижелері ұсынылды. Жоба Академияның 25 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған 25 әлеуметтік жоба аясында Агенттіктің СҚО бойынша департаментімен бірлесіп жүзеге асырылды.
Бұл жобаны енгізуге облыста әр түрлі дәрежедегі есту қабілеті нашар 1030 адам тұратыны негіз болды, олар сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қажет етеді. Сондықтан көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларына үйретуге міндетті.
Осыған орай, Академия филиалының базасында халыққа қызмет көрсететін азаматтық және мемлекеттік қызметшілер арасында қарым-қатынас дағдылары мен ымдау тілін қолдану бойынша курстар ұйымдастырылып, өткізілді. Сабақты жаттықтырушы-сурдоаудармашы Нағима Саутова жүргізді. Жалпы көлемі 30 сағат болатын барлығы 10 сабақ өткізілді, оған СҚО бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, СҚО әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан және Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаментінен 16 азаматтық қызметші қатысты.
Бірінші сабақтарда тыңдаушылар дактильді және ыммен сөйлеу негіздерімен танысты, сондай-ақ дактильді әліппе пен дактилдеу ережелерімен танысты. Курстың негізгі бөлімінде жобаға қатысушылар қарым-қатынас жасауды меңгеріп, танысу кезінде сәлемдесу формаларын оқып білу кезінде ыммен сөйлеу мен сөздерді үйрене отырып, іс-әрекеттердің негізгі қимылдары, эмоциялар мен сезімдер, құқық, заң және мемлекет сияқты тақырыптарда тәжірибе алмасты. Сабақтардың бірінде нашар еститін оқушыларды шақыра отырып, жоба қатысушылары олармен ымдау мен дактиль тілінде сөйлеу дағдыларын тікелей әңгімелесу мен өзара қарым-қатынас жасау арқылы дамытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Оқу соңында тыңдаушылар сынақты сәтті тапсырды.
Жобаны іске асыру нәтижелері бойынша азаматтық және мемлекеттік қызметшілердің «коммуникативтік минимум» деңгейінде мемлекеттік қызмет көрсету барысында саңырау және нашар еститін адамдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде ымдау тілін қолдану дағдылары мен біліктерінің қалыптасқандығын байқауға болады.
Жоба командасының қатысушылары осы дағдыларды меңгеру есту қабілеті нашар адамдарға қатысты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға алып келетініне сенімді.
Жобаны таныстыру кезінде қатысушылар жоғалған жеке куәлікті қалпына келтіру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету жағдайында әлеуетті клиент пен мемлекеттік қызметші арасындағы диалогты көрсетті.
Анықталған нәтижелілік негізінде Филиал базасында халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді оқытуды жалғастыру жоспарлануда. Жоба мақұлданып, еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыруға ұсынылды.