22-23 сәуір аралығында М.В. Ломоносов атындағы ММУ Мемлекеттік басқару факультетінің және Мәскеу көліктік қызмет көрсету дирекциясының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік ұйымдардағы әдеп және комплаенс» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Онлайн пікірталас барысында мемлекеттік және муниципалды ұйымдарда әдеп пен комплаенсты дамытудың өзекті мәселелері қозғалды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы атынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және комплаенс орталығының басшысы Жанар Рысбекова қатысты.
Өзінің «Мемлекеттік қызметтегі әдеп және мүдделер шиеленісі: Қазақстан Республикасының тәжірибесі» атты баяндамасында Жанар Рысбекова әдеп тәсілдері мен тәжірибелері, Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі шиеленісті реттеу туралы сөз қозғады.
2016 жылдан бастап күшіне енген ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жұмыста және жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлқының стандарттары анықталған.
«Алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі бойынша барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда қызметтік әдеп нормаларын сақтау жөніндегі жаңа әдеп жөніндегі уәкілет институты енгізілді, сондай-ақ тәртіп бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауда негізгі рөлді Әдеп жөніндегі кеңестер атқарады» – деп толығырақ баяндады Жанар Рысбекова.
Академия ҚР Әдеп кодексінің негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатында «Pocket book» құралын әзірледі. Ол мемлекеттік қызметшілерге әдеп бұзушылықтарына жататын теріс қылықтар сипатын мысалдар негізінде егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан өзге, Жанар Рысбекова Мемлекеттік қызметтің Астана хабы тапсырысымен «Мүдделер шиеленісінің алдын алу бойынша жүйелі шараларды әзірлеу» тақырыбында Академия жүргізген зерттеудің табысты тәжірибесімен бөлісті.
Онлайн кездесу барысында Әдеп жөніндегі уәкілеттілердің мәртебесіне, олардың құзіреттіліктеріне, қандай құрылымдарда (ұйымдарда) тағайындалатындығына және т.б. қатысты қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берілді, сондай-ақ Қазақстанда аталмыш институтты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берілді.