ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2021 жылғы жұмыс қорытындылары туралы кеңейтілген алқа отырысында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл Академияның 2021 жылғы жұмысын қорытындылады.
Бүгінгі таңда Академия 2023 жылға дейінгі Даму стратегиясын
4 стратегиялық бағыт бойынша іске асыру жұмыстарын жалғастыруда.
I. КӘСІБИ ОҚЫТУ ЖӘНЕ САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау Академияда магистратураның 8 бағдарламасы және докторантураның 4 бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
2021-2022 оқу жылында өндірістен қол үзбей 1 жыл оқу мерзімімен, «Мемлекеттік басқару» (Executive MPA) жаңа магистрлік білім беру бағдарламасы іске қосылды.
2021 жылы Академияда 144 магистрант оқуды бітіріп шықты және конкурс нәтижелері бойынша 167 білім алушы оқуға қабылданды, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша магистратураға – 120 адам, докторантураға – 12 адам.
Қазіргі уақытта Астана хабының есебінен 10 адам, Ханнс Зайдель Қорының есебінен – 10 адам, ақылы негізде – 25 адам білім алуда.
Академияда магистранттар мен докторанттарды оқытудың құзыреттілік моделі іске асырылуда. 2021 жылғы ақпан айында 2020 жылы қабылданған 2-3 жылдық білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын Академияның 99 магистранты мен докторантына бес негізгі құзыреттілік бойынша (талдау және шешім қабылдау, көшбасшылық, жаңашылдық және өзгерістерді басқару, сенімділік, қызметті басқару) ассесмент-орталық өткізілді. Асессорлар білім алушылармен кері байланыс жасап, құзыреттілік бейіндері жасалды, соның негізінде жеке білім беру траекториясы құрылды.
Академияға оқуға қабылдау 2021 жылғы 1 наурыздан
5 маусымға дейін онлайн форматта Академияның ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылды.
2021 жылғы қабылдаудағы жаңашылдықтардың бірі мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификатын ұсыну талабы болды.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудегі секілді стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды талдай білуі мен аналитикалық қабілеттерін бағалау мақсатында үміткерлер шектеулі уақыт ішінде оқу бағдарламаларының бейіні бойынша ситуациялық тапсырмаларға жауап беруі тиіс болды. Мотивациялық эссе қажетті құжаттар тізімінен алып тасталынды.
Магистратура мен докторантура бағдарламаларына оқуға түсу бойынша ақпараттық жұмыс әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді.
Дайындық курсы (pre-sessional) аясында оқуға түсушілерге көмек ретінде ақпараттық жүйеге академиялық хат жазу және көпшілік алдында сөз сөйлеу бойынша бейнесабақтар орналастырылды. Сонымен қатар білім беру бағдарламасына кіріспе және ағылшын тілі бойынша арнайы курстарды таңдау мүмкіндігі берілді.
Конкурстық іріктеу кезеңдерін өткізу кезінде Академия объективтілік, ашықтық және клиентке бағдарлану қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етті.
Академияға оқуға қабылдаудың ақпараттық жүйесіне 680 өтінім келіп түсті, оның ішінде 287 адам ағылшын тілін меңгергені туралы сертификаттан басқа, құжаттардың толық пакетін жүктей отырып, тіркеуді аяқтады.
Нәтижесінде іріктеу кезеңіне 201 адам жіберілді, бұл
2020 жылға қарағанда 56%-ға аз.
Сауалнама нәтижесінде Академияға оқуға түсуден бас тартудың негізгі себептерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің штат санының қысқартылуына байланысты үміткерлердің жұмыстан айрылу қаупі, сондай-ақ ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білмеуі болды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметін тексеру қорытындысы бойынша ҚР Президенті Әкімшілігі оқуға қабылдау мәселелері бойынша бірқатар ескертулерді атап өтті, қазіргі кезде ол ескертулер жойылды немесе түзетілу үстінде.
Қазіргі уақытта 2022 жылға арналған Оқуға қабылдау қағидалары, 2022 жылға Қабылдау науқанының жұмыс жоспары бекітілді және оқуға қабылдау бойынша ақпараттық жүйе жетілдірілуде.
2021 жылғы 17–18 қарашада Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттігінің (IQAA) сыртқы аудиті жүргізілді, оның қорытындысы бойынша Академияның 8D04113 «Экономика» (DE); 8D04114 «Мемлекеттік басқару» (DРА); 8D0315 «Халықаралық қатынастар» (DIR) докторлық бағдарламалары 5 жыл мерзімге аккредиттелді.
Аккредиттеу кеңесінің мүшелері оң тәжірибе ретінде атап өткен жұмыстар: білім беру процесіне жыл сайынғы негізде жаңа пәндерді енгізу; сауалнама жүйесін пайдалану; әкімшілік пен профессор-оқытушылар құрамының білім алушылармен ашық диалогы; профессор-оқытушылар құрамының икемділігі мен ашықтығы, білім алушылар мен жұмыс берушілер тарапынан кері байланысқа және сұрау салуларға бағдарлану; тұрақты бағалау, оқу бағдарламаларын жаңартуға икемді тәсіл және білім алушылардың, қызметкерлердің және басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен білім беру бағдарламаларын қайта қарау; жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынастың белсенді форматы; докторанттарды жарияланым процесіне тарту және ғылыми мәтіндерді жарияланымдарға дайындауға жәрдемдесу.
2021 жылы Академияда бекітілген Жоспар-кесте аясында қысқа мерзімді оқу бағдарламалары іске асырылды.
2021 жылғы қаңтардан қазанға дейін оқыту онлайн форматта, кейін аралас оқыту форматына көшті.
Қысқа мерзімді оқытудың тиімділігін күшейту мақсатында Академия коучингтік технологиялар мен ассесмент құралдарын қолдана отырып, корпоративтік біліктілікті арттыру семинарларын іске асыру бойынша жобаларды жалғастырды. Мұндай формат кезінде тыңдаушылар мемлекеттік органның нақты проблемаларын шешуге қатысып, топтық жобалар жасайды.
2021 жылғы сәуір-шілде аралығында Академия және оның филиалдары ҚР Әділет министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормалары бойынша 68 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілерін оқытып шығарды.
Академия Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, UN PAGE бағдарламасының (БҰҰ-ның Жасыл экономика бойынша іс-қимыл жөніндегі әріптестігі) және Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының қолдауымен 700 мемлекеттік қызметшіні, оның ішінде Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша «Жасыл экономика және төмен көміртекті даму» жобасын іске асырды.
2021 жылғы қазанда Академияда мемлекеттік басқару саласындағы қазақстандық тәжірибені зерделеу және ұлттық жобаларды іске асыру мақсатында Ресей Федерациясы басқарушы кадрлары резервінің жоғары деңгейін даярлау бағдарламасы бойынша тағылымдама ұйымдастырылды.
2021 жылы Академияда және оның филиалдарында
36 мыңнан астам мемлекеттік қызметші қысқа мерзімді оқытудан өтті (ҚР ӘРПК есепке алғанда – 104 932 тыңдаушы). Тыңдаушыларға «E-Kyzmet» АЖ деректер базасында көрсетілетін электрондық сертификаттар берілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша білім алушылар мен тыңдаушылардың сауалнама нәтижелері негізінде қалыптасатын, оқыту сапасына қанағаттанған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 94,14%-ды құрады, жоспарлаған көрсеткіш 93,5%.
ІІ. НӘТИЖЕГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЗЕРТТЕУЛЕР
ҚР Президенті Әкімшілігі (бұдан әрі – ПӘ), ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (бұдан әрі – МҚІА) және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (бұдан әрі – СЖҚІА) өтінімдеріне сәйкес мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметті дамыту мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілді.
2021 жылғы қарашада «2021 жылы ауыл әкімдерін сайлауға халықтың қанағаттануы» және «Әкімдердің тікелей сайлау өткізу рәсіміне қанағаттануы» әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелері бойынша талдамалық есеп аяқталды.
СЖҚІА бірлесіп, халықаралық рейтингтік агенттіктердің зерттеу нәтижелері, Қазақстанның ондағы орны туралы талдау және анықтамалық материалдар әзірленді. Қалың жұртшылыққа арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негіздері мен қазіргі заманғы тетіктері туралы «Парасатты мінез-құлық негіздері» кітабын дайындау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Өткен жылы Академия бірқатар зерттеу жобаларына белсене қатысты:
– Халықаралық көші-қон ұйымымен (бұдан әрі – ХКҰ) бірлесіп, «Қазақстан: көші-қонды басқаруды және жұмыс күшінің ұтқырлығын жетілдіру» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер үшін семинар-тренингтер өткізе отырып зерттеу жүргізу;
– мемлекеттік қызметкерлер үшін семинар-тренинг және дөңгелек үстел өткізу арқылы ХКҰ және БҰҰ ДБ-ның «Көші-қон, қоршаған орта және климаттың өзгеруі арасындағы өзара байланысқа кіріспе» бірлескен жобасын іске асыру;
– Эразмус бағдарламасының «DECIDE 2018-2022 ж.ж. мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған қызметтерді дамыту» халықаралық жобасын іске асыру.
«Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет» журналын Scopus базасына кіргізу мақсатында сайттың редизайны жүргізілді, мақалаларды беру мен рецензиялаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды.
Академияның зияткерлік өнімдерін электрондық түрде жинақтау, жүйелеу және сақтау, оларға интернет-технологиялар құралдары арқылы ашық қолжетімділікті ұсыну мақсатында Академия ғалымдарының жарияланымдарына ашық қолжетімділік репозиторийі құрылды, ол Directory of Open Access Repositories (DOAR), Registry of Open Access Repositories (ROAR), Google Scholar-да тіркелген. Репозиторийде тек Академияның профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің ғылыми жарияланымдары ғана емес, сондай-ақ білім алушылардың диссертациялары мен аналитикалық жазбалары, сонымен қатар қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өткен мемлекеттік қызметшілердің жобалары ұсынылған.
ІІІ. ТИІМДІ ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Академия әріптестік пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. 2021 жыл ішінде Ресей Ғылым академиясының Е. М. Примаков атындағы Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық зерттеу институтымен, Қытай Ұлттық басқару академиясымен (CNAG), сондай-ақ Түрікменстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен (2021 жылғы 31 мамырдағы № 358) бекітілген, Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, Академия Ұлттық жобалық офистің матрицалық құрылымының құрамына кіреді және жобалық басқару әдіснамасын және жобалық персонал құзыреттерін дамытуды жүзеге асырады.
2021 жылғы наурызда Академияның Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығы (бұдан әрі – МБЖМДО) Ұлттық аккредиттеу орталығы тарапынан жүргізілген 2-ші инспекциялық тексеруден сәтті өтті, ол жобалық менеджмент саласындағы персоналдың сәйкестігін растау жөніндегі орган ретінде оның сәйкес келетіндігін растады.
2021 жылдың 22 қыркүйегінде IPMA 32-ші конгресі шеңберінде Академия, ПӘ, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстандағы БҰҰ ДБ-ның «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS» атты бірлескен жобасы IPMA Global Projects Excellence Awards 2021 Бүкіләлемдік байқауында «Әлеуметтік жобалар/Өңірлік даму/Қоғамдық жұмыстар» номинациясы бойынша алтын жеңімпаз болып танылды.
2021 жылы Академия мен оның филиалдарында жобалық менеджмент бойынша қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары аясында 5 мыңнан астам адам оқытудан өтті. Жобалық менеджмент саласындағы персоналды кәсіби сертификаттау бойынша жұмыс жалғасуда. Есептік кезеңде 40 сертификаттау жүргізілді, оның ішінде 37-сі ҚР СТ ISO 21500 бойынша және 3-еуі PRINCE2 бойынша. Есептік кезеңде барлығы 404 үміткер сертификаттаудан сәтті өтті.
Жобалық менеджменттің әдістері туралы кеңінен ақпарат беру және мемлекеттік органдардың басшы құрамын жобалық қызметке тарту мақсатында 2021 жылғы 22-24 қазанда Академия ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, МҚІА, Ұлттық жобалық офистің, Қазақстандағы БҰҰ ДБ-ның қолдауымен саяси мемлекеттік қызметшілер мен «А» корпусының мемлекеттік қызметшілері үшін «Мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджмент» тренингін өткізді. Осындай тренингтер Қарағанды және Жамбыл облыстары әкімдіктерінің басшы құрамы үшін де өткізілді.
Жобалық менеджмент саласындағы тренерлер құрамын күшейту мақсатында филиалдардағы қызметкерлер қатарынан қосымша 17 тренер-консультант дайындалды. Бүгінгі таңда Академияда 42 сертификатталған тренер бар.
2021 жылы МБЖМДО-да процестік тәсілді басқару жөніндегі сектор құрылды. Оның негізгі міндеті – процестік тәсілді жүйелі дамыту арқылы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу. Сектор құрылымдық бөлімшелермен бірлесіп, Академияның 150 бизнес-процесін қайта қарап шықты және оларды өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілді. Бизнес-процестер саласында Академияның 23 қызметкерінен тұратын тренерлер пулы дайындалды.
2021 жылғы наурызда СЖҚІА-мен бірлесіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті ілгерілету және дамыту жөніндегі жол картасы әзірленіп, қол қойылды. Жол картасын іске асыру мақсатында 48 квазимемлекеттік ұйымның комплаенс офицерлері мен комплаенс-офицерлері үшін оқыту семинарлары өткізілді. Еліміздің 15 ұйымының қызметіне ISO 37001 халықаралық стандартының талаптарын ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі әзірленіп, енгізілді.
ҚР СЖҚІА-мен ынтымақтастық шеңберінде бағалау мониторингінің 1-2 раунды аясында мемлекеттік органдар өкілдерінің ГРЕКО бағалау тобымен кездесулері ұйымдастырылды.
2021 жылдың бірінші тоқсанында біз Академия қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргіздік және анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша Іс-шаралар жоспарын әзірледік.
Академияның ISO 37001 стандартының барлық талаптарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің сәйкестігін растау бойынша халықаралық сертификаттау органының байқау аудиті ұйымдастырылды.
IV. ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Білім беру процесін жетілдіру және оқу процестерін цифрландыру мақсатында Академия 2021 жылы өзінің ICademium ақпараттық жүйесін әзірлеуге кірісті, ол 2021–2022 оқу жылының күзгі семестрінен бастап іске қосылды.
ICademium – бұл магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім беру қызметінің барлық үдерістерін автоматтандыруға және біріктіруге мүмкіндік беретін кешенді шешім. Қазіргі кезде оқу үдерісін басқару жүйесінің 1 және 2-ші модульдері іске қосылды.
2022 жылы Академия келесідей бес міндетті іске асыратын болады.
Бірінші. KPI жүйесін жетілдіру арқылы қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен еңбек өнімділігін арттыру. 2022 жылдың басынан бастап академиялық, зерттеу және әкімшілік мәселелерді өте икемді және тиімді басқаруға мүмкіндік беретін ұйымдық құрылымды оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілді. Жедел жұмысты арттыру үшін ректорға тікелей бағынатын жеке құрылымдық бөлімшелер құрылды, мысалы, Құзыреттерді бағалау орталығы және Электоралды оқыту орталығы. Құрылымдық бөлімшелердің ережелері қайта қаралып, бизнес-процестер оңтайландырылып, Академия қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтары нақтыланатын болады.
Екінші. Білім беру процесінің тиімділігін арттыру өндірістен қол үзбей жүргізілетін білім беру бағдарламаларын іске асыруды, ЕАРАА-да магистрлік бағдарламалардың халықаралық аккредиттеуден өтуді, оқуға қабылдау тәсілдерін жетілдіруді, сондай-ақ үш тілде сабақ беру сапасын арттыруды қоса алғанда, білім беру қызметтерінің желісін кеңейту арқылы қол жеткізілетін болады.
Пәндерге арналған цифрлық контентті және iAcademy цифрлық платформасын дамыту бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Үшінші. Филиалдар мен жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнату және оқыту бағдарламаларын әзірлеу арқылы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық құзыреттерін дамыту.
Төртінші. Құрылған Қолданбалы зерттеулер институтының зерттеулеріне Академияның ғылыми қызметкерлері, оқытушылары, докторанттары мен магистранттары қатыстырылатын болады. Зерттеулер мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің проблемаларын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен этиканы талдауға бағытталатын болады. Сонымен қатар Global Think Tank Index әлемдік рейтингіне кіру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Бесінші. Мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға жәрдемдесу жобалық менеджмент саласында мемлекеттік қызметшілерді сертификаттау, бизнес-процестердің реинжинирингі бойынша консалтинг, ассесмент-орталықты өткізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу арқылы жүзеге асырылады.