Жаңалықтар

НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?

Зияткерлер клубының «Не? Қайда? Қашан?» ойынының күзгі шығарылымы Академия қабырғасында осымен екінші апта өтуде. Ойынға түрлі институттардың өкілдері қатысты: магистрант Рүстем Қыдырбековтың басқаруымен Басқару институтының командасы, MPR-2020 eng тобы ойынның шымылдығын ашты. Алғашқы бағдарлама серпінді болды, бірақ сәттілік клуб жетекшісінің жағында болды. Осы орайда, жүргізуші Мирас Жұмаділовтың шеберлігін сөз етейік. Команданы басқарып, екі жақты тең ұстайтын, сұрақ қойып, шешімін нақтылар кездегі топты күмәнді ойға түсіретін қасиеті кәсіби маманмен тең келері даусыз. Қатысушы топпен бірге аудиторияны да қадағалап тұруы ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілетін нақтылай түседі.
Қатысушылар да осал емес. Алға ұмтылатын қыз-жігіттердің интеллектуалды, мәселені сараптап, лезде ой елегінен өткізіп, жауаптарын ұқсата білетін епті қасиеттері ойынды одан сайын әсерлетеді. Сонымен қатар ойыншылар ішкі қарым-қатынасты реттеу, әдепті сақтай отырып сөз таластыру секілді қабілеттерді меңгергені байқалады.
Екінші ойында MPP-2020 командасы бақтарын сынады, Әлішер Амангелдиевтің тобы 4:6 есебімен жүргізушіге есе жіберді.
Ойын – классикалық ойын үлгісі бойынша «үздік блиц», «қара жәшік», «теледидар сұрақтарының секторы» секілді кезеңдерді қамтыды. Дүниежүзілік картада көзге түспейтін, түкпірдегі елдің астанасын сұрайтын жүргізуші екінші ойында Малави мен Оңтүстік Африка елдері бойынша ұсынған сұрақтарына нақты жауап таппады. Бұл жерде Академия түлектерінің де үлесі барын айтып өткен жөн. Клубтың негізін қалаушылардың бірі, Академияның 2020 жылғы түлегі Ерболат Мұхтарұлының сұрағы ойыншыларды алаңдатты.
Күзгі ойындар сериясы мұнымен аяқталмайды, ойынды Дипломатия институты мен Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің өкілдері жалғастырады.

 


Your browser does not support SVGs