2021 жылғы 24-26 маусымда Санкт-Петербург қаласында Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Солтүстік-Батыс басқару институтының (РХШжМҚА СББИ) базасында «Невский Форум» халықаралық ғылыми форумы және ТМД Өңірлік желілік академиясының екінші отырысы ұйымдастырылды.
Форумның тақырыбы: «Белгісіздік жағдайындағы сенім мен тұрақты даму: цифрлық дәуірдегі мемлекеттік басқарудың жаңа мағыналары».
Форумның мақсаты: пандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс пен цифрландыру жағдайында басқару тиімділігін арттыру бойынша ғылыми негізделген, практикаға бағытталған тәсілдер мен ұсынымдарды әзірлеу. Оған іс басындағы саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылар және Ресей, Қытай, АҚШ, Финляндия, Сингапур, Малайзия және т.б. елдердің жетекші ғалымдары қатысты. Форум аралас (оффлайн/онлайн) форматта өтті. Барлығы 12 тақырыптық секция жоспарланған, онда қатысушылар жасыл экономикаға, технологиялық тәуелсіздікке және басқару жүйелерін цифрлық трансформациялауға байланысты мәселелерді талқылады.
Форум аясында ТМД елдерінің мемлекеттік басқарудың Өңірлік желілік академияларының отырысы ұйымдастырылды, онда Академиялардың бірінші басшылары пандемиядан кейінгі кезеңде өз қызметін ұйымдастыру және стратегиялық мақсаттарды іске асыру бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Бірлескен күш-жігердің арқасында көп нәрсе жасалды және бірлескен кооперация ауқымын кеңейту ұсынылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл өз сөзінде әріптестері мақұлдаған келесідей бірнеше бастаманы ұсынды:
– әріптестікте консалтингтік қызметтер көрсету;
– e-library электронды кітапханасының жұмысын ұйымдастыру;
– онлайн сабақтарға арналған цифрлық контент әзірлеу: голографиялық дәрістер, VR/AR көзілдіріктеріне арналған кейстер, қашықтықтан оқыту курстары және т.б.;
– жоғары кәсіби ұлттық сарапшылар/тренерлер пулын құру;
– магистратура және докторантура бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру;
– оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістері бойынша тренерлер үшін тренингтер ұйымдастыру және өткізу;
– мемлекеттік қызметшілерді кәсіби сертификаттау жөніндегі бағдарламалар тізбесін кеңейту;
– мемлекеттік басқару бойынша үздік тәжірибелер банкін қалыптастыру (Best Practices & Cases);
– Өңірлік желілік академияның хатшылығын құру және оның жергілікті жерлердегі жұмысын жандандыру.
Отырыс соңында Ерлан Әбіл бағыты бір Академияларды ағымдағы жылдың соңына қарай өткізу жоспарланып отырған Халықаралық HR форумына белсенді қатысуға шақырды.
Невский форумы аясында ректор ЕАЭО, ШЫҰ, БРИКС, АСЕАН өкілдері қатысқан «Көпполярлы орнықты даму мақсатында интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі елдердің сенімі мен әріптестігі» секциясында «Тұрақты даму мақсатындағы академиялық ынтымақтастық» тақырыбында баяндама жасады. Қатысушылар интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі елдердің тұрақты дамуына эпидемия мен цифрландырудың әсері, «сенім дағдарысын» еңсеруге азаматтарды тартудың маңыздылығы және халық арасындағы сенім деңгейін арттыру құралдары мәселелерін көтерді.
Форумның соңғы күні Ерлан Әбіл «Жобалық кеңсе ұлттық даму мақсаттарына қол жеткізу құралы ретінде» сараптамалық пікірсайыс жұмысына қатысты. Жобаларды басқарудағы жобалық кеңселердің функциялары туралы мәселелер айтылып, жобалық кеңселерді құрудағы типтік қателіктер және олардың басшыларының құзыреті талқыланды.