Жаңалықтар

ӨЗГЕРІСТЕР КЕҢСЕСІ – 2: мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджмент

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілердің ең үздік жобалық командасын анықтады. «Еңбекке жол» жобасы «Өзгерістер кеңсесі-2» байқауының жеңімпазы атанды. «Еңбекке жол» жобасы жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және жастардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттар тобы мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның бірлескен жобасы.  

Еңбек министрлігінің сайтында «Еңбекке жол» қосымша парақшасы prz.enbek.gov.kz (мобильді нұсқамен) жұмыс жасайды, онда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының артықшылықтары мен мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, бағдарламаға қатысушылардың нақты тарихын білуге болады. Жоба жылдың басында іске қосылды, оның мақсаты 25 мамырға дейін Қарағанды облысының жұмыссыз жастарын мемлекеттік бағдарламаға тарту болды.

Жобаны жүзеге асыру аясында Қарағанды облысы жастарының «ЕҢБЕК» Мемлекеттік бағдарламасына қатыстырылуына қатысты ақпаратқа талдау жүргізілді. Жастар арасында сауалнама, өңірдің мемлекеттік органдарымен кездесулер және ақпараттық сапарлар өткізілді. Нәтижесінде жоба командасы prz.enbek.gov.kz бағдарлама сайтында ақпараттық базаның қосымша парақшасын әзірлеп, іске қосты. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қарағанды облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеген, ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 5,2%-ды құраған. «Еңбекке жол» жобасын еліміздің басқа өңірлерінде де іске асыру жоспарланып отыр.  

Жоба жетекшісі Айбек Ибатуллиннің айтуынша, осы жобаның арқасында қазақстандықтар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаның нәтижелерін онлайн түрде қадағалай алады.

Айбек Ибатуллин «Еңбекке жол» жобасы жұмыспен қамту деңгейін арттыру мен жастардың өмір сүру сапасын жақсартудың өзекті мәселелерін қозғайды. Біз жобаның бүкіл елде жүзеге асырылатынына өте қуаныштымыз, осының арқасында мыңдаған жастар жұмысқа орналаса алады! Мемлекеттік басқару академиясында жобалық менеджмент бойынша алған білімдеріміздің және  «Өзгерістер кеңсесі-2» байқауының,  біздің тәлімгерлеріміздің, Еңбек министрлігінің қолдауының арқасында біз осы жобаны жүзеге асырып қана қоймай, алғашқы нәтижелерге қол жеткізіп, тәжірибемізді бүкіл Қазақстанға таратуға мүмкіндік алдық», – деп өз әсерімен бөлісті.

Жобалық менеджмент тәсілдерін пайдалану арқылы Академия қызметін жетілдіруге бағытталған «Өзгерістер кеңсесі-2» байқауы 2018 жылдың қыркүйек айында басталды. ҰйымдастырушысыМемлекеттік басқару академиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту орталығы.

«Өзгерістер кеңсесі-2» конкурсының қатысушылары – магистранттар, докторанттар, Академия және оның филиалдарының қызметкерлері, олар жобалық топ құрып 6 ай ішінде өз жобаларын іске асыру бойынша жұмыс жасады. Академияның қызметін жақсартуға және қоғамды дамытуға бағытталған 50-ге жуық жоба іріктелді. Әр жобаға Академияның жобалық менеджмент сарапшылары қатарынан тәлімгерлер тағайындалды.  

2019 жылғы 31 мамырда қорытынды отырыс болып өтті, онда магистранттар, Академияның және оның филиалдарының оқытушылары мен қызметкерлері 20-дан астам үздік жобаларды таныстырды, олар бойынша қорытындылар шығарылып, нәтижелері айтылды. Жобалармен Мемлекеттік басқару академиясының YouTube-арнасында танысуға болады (жобаларды қорғау онлайн-режимде өтті).

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының директоры Мариан Әбішеваның жетекшілігімен «Best interest of the child» жобасы екінші жеңімпаз атанды. Жоба шеңберінде дамуға ресми көмек (бұдан әрі – ДРК) жүйесінде ‘best interest of the child’ қағидатын қолдану бойынша мемлекеттік органдарға арналған әдіснама мен ДРК-ға жауапты қызметкерлерді – негізгі агенттерді даярлауға арналған оқу модулі жасалды.

Мариан Әбішева «Біз осы бағыт бойынша халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасы СІМ қызметкерлерін одан әрі даярлау үшін Өзбекстандағы әріптестік ұйым қызметкерлерін (ЮНИСЕФ-ӨР-мен бірлесіп) оқыту пысықталуда» – деп жобаның алғашқы нәтижелерімен бөлісті.

Ерекше назарға ие болған жобалардың тағы бірі «Мезгіл.Тұлға.Пікір» жобасы, ол көрермен көзайымы сыйлығына ие болды. Жоба жетекшісі – Академия магистранты Мадияр Тлебалдин. Жоба командасы мемлекеттік басқару саласындағы сарапшылармен бейне-интервью циклдарын жасаған, онымен Мемлекеттік басқару академиясының YouTube-арнасында танысуға болады.

«Өзгерістер кеңсесі» байқауының жеңімпаздары шетелдік оқу-танымдық сапарға шығуға құқық алды.

Мемлекеттік басқаруда жобалық менеджментті дамыту орталығы ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес 2017 жылы Қазақстан Республикасында жобалық менеджментті енгізу және дамыту арқылы мемлекеттік органдардың қызмет тиімділігін және мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға жәрдемдесу мақсатында құрылғандығын айта кеткен жөн. Орталықта жобалық менеджмент бойынша кәсіби курстардан өтуге және ҚР СТ ISO 21500-2014 ұлттық стандарты немесе PRINCE2 бойынша сертификат алуға болады.


Your browser does not support SVGs