2020 жылдың 8 желтоқсанында Алматы қаласында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған «Парасаттылыққа апаратын сара жол: айқындылықты, есептілікті және қоғамдық қатысуды арттыру» атты жыл сайынғы VI халықаралық конференциясы өтті. Іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды.
Онлайн конференцияға Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, сондай-ақ, АҚШ-ның, Қытайдың, Моңғолияның, Сербияның, Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволары мен консулдықтарының басшылықтары, Еуропа Кеңесінің, ЭЫДҰ-ның, БҰҰДБ-ның, «Астана» ХҚО-ның халықаралық сарапшылары және т.б. қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының атынан ректор Ерлан Әбіл және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының басшысы Жанар Рысбекова қатысты.
Е. Әбіл өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруды ғылыми, білім беру және әдіснамалық қамтамасыз етудегі және елімізде ISO 370001 халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты ілгерілетудегі Академияның үлесін атап өтті.
Мемлекеттік басқару академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығының басшысы Жанар Рысбекова «Мемлекеттік қызметтегі мүдделер қайшылығы: қазіргі мәселелері мен оны реттеу ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады. Онда мемлекеттік қызметте мүдделер қайшылығын реттеу институтының өзекті аспектілерін көрсетіп, оны ары қарай жетілдірудің жолдарын ұсынды.