Жаңалықтар

Полиция қызметкерлерін Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында оқытады

Полиция қызметкерлерін оқыту мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы мен Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекеттік басқару академиясының қызметін мемлекеттік қызметтің түрлі бағыттарында күшейту тек орталықта ғана емес, сондай-ақ өңірлерде де жүзеге асырылады.

Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша 2019–2021 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясымен бірлесіп «Өзгермелі әлем жағдайындағы трансформациялық көшбасшылық» тақырыбында типтік оқу бағдарламасын әзірлегендігін айта кеткен жөн. Мақсатты аудиториясы – аймақтық полиция департаменттері басшыларының орынбасарлары, қалалық, аудандық, желілік полиция органдарының бастықтары, олардың орынбасарлары, жергілікті полиция қызметінің бастықтары, аудан әкімдері. Қарағанды академиясының базасында аймақтық полиция департаменттері басшыларының орынбасарларын пилоттық оқыту 2019 жылы сәуір айында өткізілді. Өңірлік ПД-нің бірінші басшыларына арналған білім беру бағдарламасының жекелеген модульдерін оқытуды Мемлекеттік басқару академиясының тренерлері мен оқытушылары жүзеге асырды.

Стратегиялық менеджмент, тиімді коммуникациялар, халықпен өзара іс-қимыл бойынша алған білім мен дағдылар құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне халықтың ІІО қызметкерлеріне деген сенімін арттыру, олардың өзара іс-қимылы мен өзара жәрдем көрсету жолында көмектеседі деп үміттенеміз.

Оқу Академия мен оның филиалдары базасында өтеді деп жоспарлануда.  Жоспарланған мерзім – 2019 жылдың екінші жарты жылдығы. Оқу ұзақтығы – 80 сағат (екі апта).


Your browser does not support SVGs