2016 жылдан бастап ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжімен бірлесіп Сингапурдың «Темасек» ұлттық әл-ауқат қорының (Темасек қоры) қолдауымен Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерін оқытудың көп деңгейлі бағдарламасын іске асыруда.
Бірлескен ынтымақтастық Темасек қорының қолдауымен және Қазақстан үкіметі тарапынан белсенді әріптестік қолдау көрсету арқылы жүзеге асырылуда.
2016 жылы Академия базасында орталық мемлекеттік органдардың (ОМО) салалық департаменттерінің қызметкерлері үшін экономикалық даму, кадр қызметтерінің қызметкерлері үшін адами ресурстарды басқару (АРБ), көшбасшылық бойынша Сингапурлық сарапшыларды қатыстыру арқылы Қазақстанның 120 мемлекеттік қызметшісі үшін тақырыптық семинарлар өткізілді.
Оқу нәтижесі бойынша жобалармен жұмыс істеу үшін топтар құрылды (3-5 қатысушы), олар Колледж бен Академияның қарауына ұсынылды. Өткізілген скайп-конференциялардың нәтижелері бойынша 30 қатысушы іріктеп алынды, олар 2018 жылдың қараша айында Сингапурдағы Колледж базасында 5 күндік оқыту семинарынан өтті.
Семинарға қатысушылар – Академияның, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (МҚІжСЖҚІА), Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабының, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ), Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) , Ұлттық экономика министрлігінің (ҰЭМ) өкілдері бес күн ішінде Сингапурдың реформаларды іске асыру бойынша тәжірибесін зерделеп қана қоймай, салыстырмалы талдау жүргізді, сонымен қатар өз қызмет салаларында оны практикалық имплементациялау қажеттілігін, тиімділігін және мүмкіндіктерін анықтады.
«Бұл мен үшін және менің әріптестерім үшін бұрынғы және қазір іс басындағы мемлекеттік қызметші тренерлерден – кәсіпқойлардан білім алуға тамаша мүмкіндік болды. Біз Сингапурдың Мемлекеттік басқару саласындағы, әсіресе HR дамыту саласындағы озық тәжірибесі тұрғысынан, бұл менің жұмыспен тікелей байланысты, барлық қызығушылық танытқан мәселелер бойынша пікір алыстық»- деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің HR дамыту басқармасының директоры Шаттықгүл Дауылбаева.
«Бағдарлама маған жаңа білім алуға, сондай-ақ мен жұмыс істеген жылдары алған білімдерімді жүйелеуге мүмкіндік берді. Сингапурлық әріптестеріміз мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызметті дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және т.б. саласында өз тәжірибелерімен бөлісті. Сингапурлық тәжірибені зерттеу Қазақстандағы ағымдағы реформаларды жүзеге асыруға көмектеседі», – деді Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Таумұрат.
Академия ректоры Әлтаир Ахметовтың айтуынша, бағдарлама мемлекеттік басқару саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік берді, өйткені барлық қатысушылар баға жетпес тәжірибе мен білім алды, сондай-ақ Сингапурдың озық тәжірибесін ескере отырып, өз жұмыс орындарында түрлі жобаларды жүзеге асыру бойынша іс-қимылдар жоспарын әзірлеу мүмкіндігіне ие болды.
Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжінің CSC International директоры Тина Нг: «Сингапурдың мемлекеттік қызметі адам капиталын басқаруға және барлық деңгейдегі көшбасшыларды дамытуға үлкен көңіл бөледі. Колледж Сингапурдың мемлекеттік қызметі үшін кадрлар даярлау жөніндегі орталық мекеме бола отырып, мемлекеттік сектор басшылары арасында көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша іс-шараларды өткізу үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Біз осы ынтымақтастық аясында Қазақстандағы әріптестерімізбен көшбасшылықты дамыту тәжірибесімен бөлісуге қуаныштымыз».
2019 жылғы 17 мамырда қатысушылар Академия базасында жоспарланған қорытынды конференция шеңберінде өз жобаларын таныстырды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әлтаир Ахметов; Temasek Foundation International бас директоры Бенедикт Чонг; CSC International, Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжінің директоры Тина Нг; Сингапур Мемлекеттік қызмет колледжінің аға оқытушысы, Сингапурдың Қаржы министрлігінің аға кеңесшісі Лим Сун Хун қатысты. Жобаларды ҚР МҚІжСЖҚІА, ҚР ИИДМ және Академия қызметкерлері ұсынды. Конференция қорытындысы бойынша Temasek Foundation International бас директоры Бенедикт Чонг және Академия ректоры Ә.А. Ахметов қатысушыларға бағдарламаны сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етті.
Академияның Колледж және Қормен ынтымақтастығы осымен аяқталмайды және басқа жобаларда да өз жалғасын табатындығын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Сингапур өкілдерімен кезекті жобаны іске қосу және Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің әлеуетін арттыру бойынша келіссөздер жүргізілуде.