Жаңалықтар

Қазақстан Республикасындағы Израильдің Төтенше және Уәкілетті Елшісімен кездесу

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан Республикасындағы Израильдің Төтенше және Уәкілетті Елшісі Ябо Глузман Эдвин Натанмен кездесу өтті.

Кездесу барысында ректор Ерлан Қуанышұлы Әбіл Израиль Елшісін Академияның қызметі, оқу бағдарламалары және қолданбалы зерттеулерімен таныстырып өтті. Екі тарап мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша тәжірибе алмасуға, кадр даярлайтын институттармен тығыз байланыстарды дамытуға ниетті екенін білдірді.

Елші Академияға қазақ тіліне аударылған Израиль авторларының «Инноватор бол: Израильдің әлемді алға жетелеген жаңалықтары мен жетістіктері» (Ави Йориш) және «Су болсын: Израильдің сусаған әлемге берген амалы» (Сигел М. Сет) атты кітаптарын сыйға тарту етті.

Кездесу «Халықаралық қатынастар» бағдарламасының магистранттары мен докторанттарының қатысуымен өткен қонақ дәрісте жалғасын тапты. Елші дипломатиялық қызмет саласындағы тәжірибесімен, өз мемлекетіндегі мемлекеттік қызметкерлерді даярлаудағы ерекшеліктерімен бөлісті. Академияда білім алушылар өз кезегінде Елшімен сұхбаттаса отырып, білім беру, мәдениет, дипломатиялық қызмет жөнінде пайдалы ақпарат алмасуға мүмкіндік алды.


Your browser does not support SVGs