Академияда Ресей Федерациясының басқарушы кадрлар резервінің жоғары деңгейін даярлау бағдарламасы шеңберінде «Ұлттық мақсаттарға қол жеткізу мүдделеріне сай адами капиталды дамыту» тақырыбында федералдық және президенттік кадр резерві өкілдерінің тағылымдамасы аяқталды.
Тағылымдаманың басты мақсаты – мемлекеттік басқаруды реформалау және ұлттық жобаларды іске асыру саласындағы қазақстандық тәжірибені зерттеу.
Тағылымдама апталығы өте мазмұнды болып, оның барысында қатысушылар мемлекеттік басқару тәсілдерімен танысумен қатар стратегиялық жоспарлау, цифрлық трансформация, демография және әлеуметтік тұрғын үй, кәсіпкерлік, білім және ғылым саласындағы саясат, экология және кеңістіктік даму мәселелерін зерделеді. Сегіз жобалық топтың қатысушылары мемлекеттік органдарға барып, Астана қаржы орталығы, «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, арнайы экономикалық аймақ, Nazarbayev University, IT University, Astana Hub, «Зерде» ҰИХ АҚ, Астана Бас жоспары, Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Бәйтерек» ҰБХ, кәсіпкерлік субъектілері, Халықаралық жасыл технологиялар орталығы басшылығымен кездесіп өзекті мәселелерді талқылады.
Бағдарлама соңында қатысушылар тағылымдаманың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, қазақстандық әріптестердің ұлттық реформаларды жүзеге асырудағы кәсібилігін жоғары бағалады. Олар Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан жобаларды ашық талқылау ниетін, бағдарламаның сапасы мен толықтығын, тағылымдаманың ұйымдастырылу деңгейін айрықша атап өтті.
Томск облысы губернаторының экономика жөніндегі орынбасары Андрей Антоновтың пікірінше: «Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған және жұмыс тәжірибесі бар жас менеджерлер өте көп. Бұлар белгілі бір мәселелерді шешуге жаңаша, өзгеше көзқарасқа ие жаңа буын менеджерлері. Сондықтан Қазақстанға жаңа сын-тегеуріндерге бейімделіп, жаңадан танылған көшбасшы елдерге жетеқабыл деңгейге қысқа мерзімде жету оңайырақ. Мен сіздердің елдеріңіздің ғылым мен инновациялық кәсіпкерлікті дамыту саласындағы тәжірибесін зерделеймін және осы бағытта, атап айтқанда Назарбаев Университетінде тамаша база құрылғанын көрдім. Қолдау институттарының жұмысы идеологиялық тұрғыдан дұрыс құрылған және бұл нақты серпінді өсу нүктелерін жасауға мүмкіндік береді».
Қатысушылар Қазақстанда алған тәжірибенің, Ресей Федерациясындағы мемлекеттік басқару жүйесін орындалатын жобалар аясында трансформациялау үшін жаңа қызықты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, Академия барша әріптестерге және серіктестеріне осы маңызды іс-шараны ұйымдастыруға белсене қатысқаны және қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.