Жаңалықтар

Қазақстан және Ауғанстан: мемлекеттік қызметшілерді даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары

Бүгінгі таңда Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылықты «ауған мәселесін» шешпей қарастыру мүмкін емес. Қазақстан бейбіт процесті қамтамасыз ету мен Ауғанстанды қалпына келтіруінде салмақты рөл атқарып, бұл мәселеге ерекше назар аударады.

Бұл бағытта жасалып жатқан шаралардың бірі ауған студенттерін оқыту болып табылады. Олар оқуын аяқтап, Ауғанстанның аяққа тұрып кетуіне өздерінің үлесін қосатын болады. 2021 жылға дейін Ауғанстанның мыңнан астам азаматы Қазақстанда білім алмақ.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Жақыпова Фатима Надырқызымен кездесуде Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Фархад Азими жас мамандарды, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау саласындағы Қазақстанның үлесін жоғары бағалады.

2015 жылдан бастап АИР-ның Жоғары білім министрлігімен жасалған келісім шеңберінде жыл сайын Академияда Ауғанстанның азаматтары білім алады. Атап айтқанда, 4 адам «Өңірлік даму» және «Мемлекеттік басқару» мигистрлік бағдарламаларында білім алып, биыл 2 адам «мемлекеттік саясат» бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруда. Сондай-ақ, Ауғанстан Сыртқы істер министрлігінің 5 қызметкері арнайы тренингтен өтті.

Ауғанстан Елшісі Академияда білім алатын ауған азаматтардың санын екі есе ұлғайтуға қызығушылық танытты. Тараптар ауған үміткерлердің мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған мемлекеттік қызметшілерді оқыту саласында тығыз ынтымақтастық туралы келісті.          


Your browser does not support SVGs